Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:37
3 наурызда Ржев қаласының жаудан азат етілгеніне 70 жыл толды. 1941 жылдың соңынан 1943 жылдың наурыз айына дейін созылған Ржев-Вязьма шебіндегі шайқастар екінші дүниежүзілік соғыстағы ғана емес, жалпы адамзат тарихындағы ең бір қантөгісті ұрыстар болып табылады. Атақты жазушы Илья Эренбургтен төрт жылдық соғыста бәрінен бұрын қай шайқас ұмытылмастай болып есіңізде қалды дегенде, «Ржев» деп жауап берген екен. Мәскеуден Батысқа қарай бағытталған қайталанбас шабуылдар нақ осы Ржев түбінде басталды. Егер Ржев шайқасы болмаса, Мәскеу мен Сталинградтағы,
Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:37
3 наурызда Ржев қаласының жаудан азат етілгеніне 70 жыл толды. 1941 жылдың соңынан 1943 жылдың наурыз айына дейін созылған Ржев-Вязьма шебіндегі шайқастар екінші дүниежүзілік соғыстағы ғана емес, жалпы адамзат тарихындағы ең бір қантөгісті ұрыстар болып табылады. Атақты жазушы Илья Эренбургтен төрт жылдық соғыста бәрінен бұрын қай шайқас ұмытылмастай болып есіңізде қалды дегенде, «Ржев» деп жауап берген екен. Мәскеуден Батысқа қарай бағытталған қайталанбас шабуылдар нақ осы Ржев түбінде басталды. Егер Ржев шайқасы болмаса, Мәскеу мен Сталинградтағы, Курск иініндегі жеңіске қол жеткізу қиын еді деп айтуға болады. Бірақ Ржев шайқастары көп уақытқа дейін белгісіз болып келді және тым аз зерттелді… Соңғы уақытқа дейін «Марс» деген шартты атаумен белгілі осы әскери операцияның құжаттары құпия ұсталып келді. Кеңестік тарихнамада Ржев-Вязьма плацдармындағы соғыс операциялары «жергілікті маңызы бар ұрыстар» дәрежесінде аталып жүрді. Ржевке «Әскери даңқы бар қала» құрметті атағының 2007 жылы ғана берілгені соның бір мысалы.
Шынтуайтқа келгенде, Ұлы Отан соғысы тарихында ауқымы мен аяусыздығы жағынан Ржев шайқастарына теңдесетін шайқас жоқ деуге болады. Бұл шайқасқа екі жақтан 10 миллионға жуық адам қатысты, соғыс аумағы сегіз облысты қамтыды, ұрыстардың ұзақтығы 17 айға созылды. Соғысушы тараптар үшін стратегиялық жағынан маңызды болғанын айтпағанда, Ржев шайқастары шектен шыққан маневрлері, орағытудың, қоршаудың, қарсы соққы берудің үйлесімі тұрғысынан да айрықша ерекшеліктерімен көрінді.Ұрыстар бес майданды, отыздан астам армия мен корпусты қамтыды, оған мыңдаған танк қатысты, бір шайқас үшін бұрын болып көрмеген әскери операциялар – алты рет шабуылдау және төрт рет қорғану операциясы жүзеге асырылды.Ржев-Вязьма плацдармы КСРО астанасынан 150 шақырым жерде еді, сол себепті Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» деп саналды. Кеңес басшылығы немістердің 1942 жылы нақ осы бағыттағы шабуылынан қатты қауіптенді. Ржев-Вязьма бағытындағы ұрыстар сол себепті Ұлы Отан соғысындағы өзекті де күрт өзгерісті шайқастар деп саналады.Тарихшылардың пікірінше, «Марс» операциясы барысында екі жақтан 2,5 млн.-нан астам адам қаза тапқан. Константин Симоновтың бұл жерлерді «өлім аңғары» деп атағаны кездейсоқтық емес. Осы қанды қырғынның тірі куәгері болған атақты ақын Александр Твардовский өзінің әйгілі «Я убит подо Ржевом» өлеңінде өзектен өтетін ызғарлы, ащы шындықты толғайды. Осы бір тозақ отындай ұрыстың қайнаған ортасында Алматы және Ақтөбе қалаларында жасақталған қазақстандық 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары соғысып, ортақ жеңіске елеулі үлес қосты. Бригадалардағы жеке әскер құрамының 80 пайыздан астамы нақ осы Ржев топырағында қаза тапты.Біздің отандастарымыз Ржев пен Вязьма жанында, Оленино селосының маңында, Молодой Туд және Белый деревнялары түбінде жанқиярлықпен шайқасты. Қақаған аязға, қару-жарақ пен оқ-дәрінің, басқа да соғысқа қажетті нәрселердің жетіспеушілігіне және жаудың қасарысқан қарсылығына қарамастан, жерлестеріміз Қызыл әскердің барша жауынгерлері сияқты, әрбір сүйем жерді, әрбір деревняны қантөгісті ұрыстармен босатып отырды. Жау әскері 1943 жылы наурызда Ржев қаласын тастап шыққанға дейін дәл осылай үздіксіз ұрыстар жүргізілді.Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қазақстандық қаһармандардың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Ржев жерінде 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне арналған көрнекті мемориал орнатылды. Бұл мемориал ұзындығы 27 метр гранит қабырғаны бейнелейді, онда Қазақстанның картасы орнатылған. Картада осы бригадалар құрылған Ақтөбе және Алматы қалалары және елордасы – Астана қаласы көрсетілген. Мемориал қабырғасына «Мәңгілік тағзым. 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне қазақстандықтардан» деген жазу жарқырата жазылды. Ескерткіш тұғырына ішінде туған жердің топырағы бар капсул салынды. Ең бастысы – гранит тақталарда екі бригада құрамында соғысқан 10 мыңға жуық қазақстандықтың аты-жөні көрсетілді. Қос бригада жауынгерлері туралы деректерді қазақстандық дипломаттар Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы мұрағатынан тапты. Бұрын жауынгерлердің көпшілігі «хабарсыз кеткен» деп есептеліп, отбасы мүшелері олардың тағдыры жайында ешбір хабарсыз болып келді, қай жерде жерленгенін білмей жүрді. «Хабарсыз кеткендердің» жақын-жуықтары мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік төлемдер ала алмады. Дипломаттардың осы игілікті ісі арқылы тарихи әділеттілік қалпына келтірілді деп ойлаймын. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы мұрағат папкаларында сақталған жауынгерлердің аты-жөні жария болып, өздерінің лайықты орнын алды. БАҚ-та осындай ақпарат жарияланғаннан кейін ондаған қазақстандық отбасылар әкелері мен аталары жатқан қасиетті жерге келіп, тағзым етті, құран оқып, дұға бағыштады.Мемориалдың ашылуына орай «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының басшылығымен Қазақстаннан «Жеңіс пойызы» келді. Пойыз Ржев-Вязьма шайқасының қатысушыларын, ардагерлерді, жауынгерлердің ұрпақтарын, қоғамдық ұйымдар өкілдерін – 200-ге жуық жолаушыны осы тарихи орынға жеткізді. Аталған оқиғалардың барлығы қазақстандық талантты режиссер Назгүл Әбутұрапованың Ржев шайқасына қатысушы жерлестерімізге арналған «Жеңіс рухы» телевизиялық фильмінде жан-жақты көрсетілген.Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған уақытта Ржев-Вязьма шайқасының ардагер қатысушыларымен, қаза тапқан жауынгерлердің туысқандарымен жиі кездестім. Сол кезде олар қаһарман жауынгерлердің ерлігіне ескерткіш орнатып, ең бастысы – тарихи шындықты қалпына келтіргені үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылықтарын білдірді. Осы ретте ұлы қолбасшы Александр Суворовтың қаза тапқан ең соңғы солдат жер қойнына берілгенше, соғыс аяқталды деп есептеуге болмайды деген сөздері еріксіз еске түседі.Бұл мемориалдық кешен біздің бір қасиетті парызымызды орындағанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз болып орнықты. Негізінен қазақтардан құралған ұлттық атқыштар бригадалары жауынгерлерінің ұрпақтары әкелері мен аталарының рухына тағзым ету үшін Ржев сынды әскери даңқы бар қалаға әлі талай келетіні сөзсіз.Бүгінде осы тектес жұмыстарды біз Украинада жүргізудеміз. Үстіміздегі жылы Киевтің және Украинаның жаудан азат етілгеніне 70 жыл толады. Бұрынғы кеңес халқымен бірге, Украинаны жау қолынан азат ету шайқастарына қазақстандықтар да қаһармандықпен үлес қосты. Майданға шақырылған 1,2 млн. отандасымыздың 600 мыңы Украинаны азат ету ұрыстарына тікелей қатысты. Бұлардың арасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, даңқты партизан Қасым Қайсенов және басқа да көптеген соғыс жеңімпаздары бар.Қазақстандықтардың Украинаны және Киевті жау қолынан азат етудегі жауынгерлік еңбегін еске ала отырып, Қазақстан елшілігі Киев қалалық мемлекеттік әкімшілігіне 2013 жылы Киев қаласында салынып жатқан метростансалардың біріне «Қазақстан» атауын беру туралы мәселені қарауға ұсыныс жасады. Қазақстанның Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, «Харьков қазаны» деп аталатын ересен шайқаста түгелге жуық қырылып кеткен қазақстандық 102-ші атқыштар және 106-шы кавалериялық дивизияларға Харьков түбінде, сондай-ақ Славута қаласына таяу жердегі лагерьде қаза тапқан қазақстандық тұтқындарға ескерткіштер орнату жайы зерттеліп, зерделенуде.Украинаның жаудан босатылуының 70 жылдығына орай Қазақстан елшілігі екі телевизиялық фильм жасауға бастамашы болуда. Оның біріншісі қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен қаһармандығы жайында болса, екінші фильм тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы баяндайды. Бұл фильмдер Қазақстан мен Украинаның телеарналарында көрсетіліп, кейіннен Киев қаласындағы «Ұлы Отан соғысының ұлттық мұражайы» қорына табыс етіледі.Мұндай жұмыстарды өскелең ұрпақ үшін, халықтардың бірлігі үшін алдағы уақытта да жалғастыру керек деп ойлаймын. Ұлы Жеңіс – бұрынғы Кеңес Одағын мекендеген туысқан халықтар ынтымақтастығының қуатты қайнары, ол дипломатияны тереңдетіп, стратегиялық әріптестікті өрістетуге баға жетпес мүмкіндік береді. Ұлы Жеңіс үшін жанын қиып, ерліктерімен адамзаттың алдына жарқын болашақ ашқан осынау қаһармандар алдында бүгінгі ұрпақ өтей алмайтындай борышты екенін сезінгеніміз жөн. Сол себепті біздің ортақ парызымыз – жеңімпаздардың қасиетті ерлігін тарихи зердемізде сақтап, барша Кеңес халқына ортақ Жеңіске жеткізген отаншылдық пен мақтаныш сезімін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру болуға тиіс.Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ,Қазақстан Республикасының Украинадағы және Молдова Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі.КИЕВ.