• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Мамыр, 2019

Мейірбикелерді мерекесімен құттықтады

10361 рет
көрсетілді

Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі. Жұрт бұл күні ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, еселі еңбектеріне алғыс білдіріп жатады. Өйткені, олардың денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын жақсарту жолындағы еңбегі ұшан теңіз. Әсіресе, осы саланың барлық сатысында мейірбикелер еңбегі айрықша көрініп тұрады.

Бір жеріміз ауыра қалса алып ұшып кімге барамыз? Әрине, емханаға, дәрігерге жүгіреміз. Солардан көмек сұраймыз. Ал жылына бір келер айшықты мерекеде тіршілікке күретамыр болған ізгішуақ жандарды мерекесімен құттықтау игі дәстүрге айналса құба-құп. Биыл Алматыда осындай бастама қолға алынды. Атаулы мерекеге орай Алматы қаласы, №9 Қалалық емханасына белгілі әнші Бақыт Шадаева ем алуға емес, ақ халатты абзал жандардың күнделікті қызметімен танысып, оларды  құттықтауға арнайы келді.

Эстрада әншісі бір күнін мейірбике қызметінің қыр-сырын ашуға арнады. Ақ халатты киіп алып емделушілерді қабылдап, мейірбикенің бір күндік жұмысымен танысты. Өмірге сән, тіршіліккке нәр беріп, қоғамға қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі қашанда сый-құрметке лайық екеніне көз жеткізді.

«Халық денсаулығын жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, медициналық алғашқы жәрдемді жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу бағытындағы скринингтік тексерулер, тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу, басқа да қаншама шаралардың жүзеге асырылуындағы мейірбикелердің қызметтік міндеттері, науқасты қабылдағаннан бастап, оны емдеу барысындағы барлық күйбең тіршіліктің бел ортасында жүретін мейірбикелер еңбегі шынында ұшан-теңіз. Менің бүгінгі күннен жасаған қорытындым осы» -дейді ол.

Белгілі әнші мейірбикелердің мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысып, №9 қалалық емханасының бас дәрігері Әсем Мұратқызымен бірге қызметкерлерге алғыс хаттар табыстады. Сөз соңында, Халықаралық мейірбикелер күні мерекесімен құттықтап, «ерен еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер» деген тілегін жеткізді.