«Сыр ұландары» орталығымен елордада өткен «Балалар үшін әділ сот: тәсілдер мен қызметтерді жетілдіру» атты жиында таныстық. Балалардың құқығын қорғау бойынша Unicef бағдарламасының үйлестірушісі Мейрамгүл Алыбекованың айтуынша, балаларды қолдау орталығы жеткіншектерді оқшауламайды, керісінше қатарға қосуды мақсат етеді. Онда құқық бұзған, қылмыс жасаған 18 жасқа дейінгі балалар бейімдеуден өтеді. 2015 жылдың аяғында ресми ашылып, 2016 жылдың басында балаларды қабылдай бастаған «Сыр ұландары» – Unicef-тің Еуропалық одақпен бірлесе жасаған жобасының бірі. Орталық осыған дейін 86 баланы бейімдеп, қатарға қосқан. Бұл – аталған халықаралық қордың апробациядан өткізген жобасы. Егер Қызылорда қаласындағы осы орталықтың нәтижесі жоспардағыдай болса, Қазақстандағы барлық өңірден ашу қарастырылмақ.
«Қиын балаларға психолог, әлеуметтік қызметкер, түрлі секция мамандары қызмет көрсетеді. Осы арқылы біз балаға не ұнайтынын анықтаймыз. Мәселен, баланың бойында агрессия болса, оны спортқа немесе ұяң, ұялшақ келетіндерін түрлі концерттер ұйымдастыруға бағыттайды. Ондағы жұмыс әдетте 3-6 айға созылады», дейді үйлестіруші. Оның мәліметінше, орталықта бейімделуден өткен балалардың оқу үлгерімі жоғарылап, тәртібі түзелген.
Unicef Білім және ғылым министрлігімен бірлесе ұйымдастырған жиында 2019 жылғы 1 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көрсетілген оң өзгерістердің маңыздылығы талқыланды.
Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов заңнамадағы осы өзгерістердің заңмен байланысқа түскен балалар құқықтарын қорғаудағы әсерін айтты. Оның айтуынша, аталған заң негізінде әзірленген стандарт жобасы бойынша Білім және ғылым министрлігі бала құқықтарын қорғау саласында әлеуметтік қызмет көрсету құзыретіне ие болды. Шетелдік және қазақстандық сарапшылар стандарт жобасын бірлесіп әзірлеген. Мұнда әлеуметтік көмек көрсету заңына сәйкес бірнеше бағыттар, яғни қиындыққа тап болған балаларға әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық тұрғыда қолдау көрсету қарастырылған. Комитет төрағасының мәліметінше, елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық фактілері жылдан жылға азайып келеді. 2017 жылы 3134 қылмыс жасалса, 2018 жылы 2936-ға, яғни 6 пайызға азайған. 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша 639 қылмыс тіркеліпті. Бұл 2018 жылдың дәл осы уақытындағы көрсеткіштен 12 пайызға төмен. «Бұл – ведомствоаралық жұмыстың нәтижесі. Бірлесіп істегенде ғана жұмыс өз жемісін береді. Мұнда білім беру, құқық қорғау, денсаулық сақтау органдарына қоса үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, кешенді жұмыс жүргізілуі керек. Салдармен емес, себеппен күресуді көздейтін жаңа заң нормаларында медициналық-әлеуметтік есеп жүргізу қарастырылған. Осының негізінде жергілікті атқарушы органдар қолайсыз отбасыларды анықтап, медициналық, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмек беру арқылы осы отбасылардан шыққан балалардың қылмыс жасауына жол бермеуге болады», дейді Е.Ерсайынов.
Аталған жиында Unicef-пен тығыз қарым-қатынас орнатып отырған Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілі Йоханнес Стенбаек Мадсенді сөзге тарттық. Оның ойынша, қиын балаларды қатарға қосу мәселесі – адамзатқа ортақ іс. Қиын балалар әдетте проблемасы көп отбасынан шығады. Сонымен қатар қоғамнан оқшау жүретін ата-аналардың қарым-қатынасы да балалардың бойында жағымсыз қасиеттердің пайда болуына әсер етеді. Бұдан бөлек, ата-аналардың экономикалық жағдайының төмендігі де балаларды құқық бұзушылыққа итермелейтінін жеткізді. «Меніңше, бала өмірінде балалық достықты қалыптастырудың орны ерекше. Қазақстандағы негізгі мәселелердің бірі – әлеуметтендіру. Бірақ бұл балалардан емес, алдымен олардың ата-анасынан басталуы керек. Әрбір ата-ана баланың қоғамнан тыс қалмай, әлеуметтік ортадан оқшауланбай, көптің ішінде өмір сүруі қажеттігін ұмытпағаны абзал», дейді Мадсен мырза. Дегенмен халықаралық сарапшы қиын балалардың көбеюіне ата-аналардың ғана емес, қоғам мен ондағы құбылыстардың, айналадағы ақпараттың, тіпті көршілердің де әсері барын айтады.Қош, қиын баланың қайдан шығатыны күнделікті өмірден, тәжірибеден белгілі болар. Мәселенің мәнісіне тереңдеу үшін себебін анықтап алған да жөн-ақ. Алайда, осыдан шығатын тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – «Қиын бала қайдан пайда болса да, алдымызда немесе ортамызда жүр, енді оны қалай қатарға қосамыз?» деген сұраққа жауап табу. «Сыр ұландары» орталығында тәрбиеленіп шыққан жасөспірімнің өмірі туралы шағын видеоролик көңілді күпті етеді. Ондағы кейіпкер достарына қосылып, телефон ұрлайды. Онысы жария болып қалғанда, үй ішіндегі ешкіммен сөйлеспей, сабаққа бармай қояды. Тек смартфонды шұқылап жата береді. Анасы алаңдап, ақырында осы орталыққа әкеліп тапсырады. Орталық директоры Сәуле Маутанқызы қиын балаларды қатарға қосу оңай емес екенін айтады. Өйткені жұмыс тек баламен шектелмейді. «Біз осы апробацияның негізінде орта және жеңіл қылмыс жасаған балалармен жеке-жеке айналыстық. Оларды қоғам қылмыскер балалар деп қабылдайды, мектеп шеттетеді, әкесі ұрады, шешесі қылмысын күн сайын есіне салып, құлақ етін жейді. Ал біз оларды өмірдің қиын кезеңіне тап болған балалар деп атаймыз және істегенін сөз етпейміз. Екі көзқарас пен атаудың өзінде жер мен көктей айырмашылық бар, соның өзі балаларды бейімдейді. Әуелі баламен сырласамыз, сонан соң ата-анасымен ақылдасамыз, оларды баласымен бірге түзу жолға бағыттаймыз деген дұрыс шығар. Сыныптастарымен, достарымен, тіпті көрші-қолаңымен де тыңғылықты жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде балалар қатарға қосылды», дейді директор. Оның айтуынша, қиын балалармен тікелей жұмыс істеген мұндай орталық бұрын болмаған. Парламентте осы жобаның жемісі жөнінде баяндаған С.Маутанқызының сөзін Жоғарғы сот өкілі де: «Алғаш рет қылмысқа барған 12 баланы сот осы орталыққа жіберген. Соның тек 1-уі ғана қайта қылмыс жасады. Бұл – айтарлықтай нәтиже», деп растаған. Алайда, орталық директоры Unicef-тің сынақ ретінде жүргізген жоба мерзімінің аяқталып, қаржы әрі қарай қарастырылмағандықтан орталық жұмысының тоқтап тұрғанын жеткізді. «Мен – заңгермін. Құқық қорғау саласында қызмет еттім. Ешбір орындар қылмысқа барғандарды жеткілікті дәрежеде түзеп бермейді. Әсіресе балаларға, болашағы бар жасөспірімдерге осындай орталық аса қажет. Балалар бізді әлі күнге дейін іздеп келеді. Өз балаларымыздай болып кеткен. Алды үйленіп, немере сүйіп отырмыз. Қиын балаларды қатарға қосу қаншалықты қиын болғанымен, олардың қызығын көру соншалықты жүрекке жылылық ұялатады», дейді Сәуле Маутанқызы.
Үздік оқитын, дарынды, қабілетті, озат оқушылармен, тілалғыш балалармен кез келген маман жұмыс істегісі келетіні анық. Ал сүрінгенді сүйеп, құлағанды тіреп, бұзылғанын түзеп жіберуге екінің бірі тәуекел ете бермейді. Ерекше балалардың сырласына айналған әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың еңбегі ерен-ақ. Тек сондай мамандар мен талай қиын баланы қатарға қосқан орталықтың жұмыс істеуіне жағдай жасалса дейсің.