• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Сәуір, 2013

Халыққа қадірін асырған азамат

378 рет
көрсетілді

Халыққа қадірін асырған азамат

Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:45

Әңгіме үлкен ғалым, үлкен азамат Жұмағали Ысмағұлов жайында. Тірі болғанда оның 85-ке толған жасын бірге тойлар едік. Өкінішке қарай, ағамыз осыдан екі жыл бұрын өмірден озған. Сөйтсе де жұрт оны ұмыт­қан жоқ. Ол еңбек еткен ғылым ордасы – Білім жә­не ғылым министрлігінің М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты бел­гілі қоғам қайраткері, көр­нек­ті әдебиеттанушы-ға­лым, сын­шы, қарымды журна­лист,

Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:45

Әңгіме үлкен ғалым, үлкен азамат Жұмағали Ысмағұлов жайында. Тірі болғанда оның 85-ке толған жасын бірге тойлар едік. Өкінішке қарай, ағамыз осыдан екі жыл бұрын өмірден озған. Сөйтсе де жұрт оны ұмыт­қан жоқ. Ол еңбек еткен ғылым ордасы – Білім жә­не ғылым министрлігінің М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты бел­гілі қоғам қайраткері, көр­нек­ті әдебиеттанушы-ға­лым, сын­шы, қарымды журна­лист, шебер аудармашы, Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лау­реаты, рес­­­пуб­ликаға еңбегі сің­ген мәде­ниет қайраткері, фи­ло­ло­гия ғылымдарының док­то­­ры, профессор, Қазақ­стан Әлеу­­меттік ғылым ака­де­мия­сының академигі Жұмағали Ыс­­мағұловтың 85 жылдық мерей­лі күніне орай «Қазақ әде­биет­тануы: өткені мен бүгіні» атты республикалық ғылыми-тә­жі­рибелік конференция өткізді.

Осы ғылыми жиынның атына қарап-ақ, Жұмағали Ысмағұлов ағамыздың ғылымдағы орнын аңғаруға болғандай. Қа­зақ әдебиеттануын осы ғалы­мымыздан бөліп қарауға болмайды екен, оның мұрасы сол ғылымның бүгіні мен ертеңіне өлшемдей екен. Сөйлегендердің барлығы да өз ойларын осылай тұжырымдады.

Сөйлегендер дегенде, инс­титут директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының кор­рес­пондент мүшесі Уәли­хан Қа­лижан конференция­ны ашарда-ақ, үлкен ға­лым-әдебиетшінің сан-салалы мұ­расына шолу жасап, саралап, өзі­нен кейін­гі­лерге тақырыптар ұсын­ған­дай болған. Ал академик Серік Қирабаев ағамыздың «Жұмағали туралы сөзін» еске алып отырған азаматтың өмір жолы жайындағы толғау десе болғандай еді. Олар бір тұста әдебиетке келіп, қызметтерінде де араласып жүрген. Ал соңғы кезде бір шаңырақ астында, әдебиет институтында қоян-қолтық еңбек етіп, әдебиеттану ғылымының көшін бірге тартып жүрді.

Кезінде Жұмағали аға­мыз Әдебиет және өнер инсти­тутының Абайтану және жа­ңа дәуір әдебиеті бөлімін бас­қар­ды. Бұл бөлімді қазір Серік­қазы Қорабай басқарады. Кон­ференциядағы оның «Жазушы. Ғалым. Қайраткер» деген баяндамасы содан да ғылым туралы әңгіменің үлкен жүгін арқалағандай көрінген. Онда ғалым өміріне шолу, мұрасына талдау жасалды. Мұны да жөн дерсің.

Негізгі әңгіме Жұмағали Ыс­ма­ғұловтың шығармашылық мұрасы дегенмен, сөйлеген жұрт осынау азамат жайындағы естелікке ойыса берген. Белгілі қоғам қайраткері Оразай Ба­тыр­беков, академик Әлия Бей­сенованың сөздерінен жиынға келген қауым сол аяулы жан­ның асыл қасиеттері жайында тебіренген әңгімелер естіді. Қарап тұрсаң, өңкей жақсының бірге жүруі де заңдылық екен. Жұмағали ағамыз өмірінде хал­қымыздың біртуар талай тұл­ғаларымен қоян-қолтық араласып жүріпті, сыйласыпты. Жай­дан-жай емес қой ол.

Алла тағала сүйікті пен­десіне түрлі қасиеттерді үйіп-төгіп бере-береді екен деген сөз бар. Жұмекең де сол сан қырлы шығармашылық қа­сиет­терге ие тұлға еді. Оны сол конференцияда жасалған баян­дамалардың тақырыптары да айқындайды. «Қазақ әде­биеті» газетінің редакторы Жұ­мабай Шаштайұлының «Сын­дарлы сыншы», «Қазақ­стан» баспасының директоры Нұрмахан Оразбектің «Бас­па­сөздің білгір басшысы», жа­зушы-журналист Сарбас Ақ­таевтың «Талантты публи­цист», «Қазақ» газетінің редак­торы Қоғабай Сәрсе­кеевтің «Алашшыл азамат», профессор Темірхан Тебегеновтің «Көр­некті абайтанушы ғалым» деген баяндамалары абзал азаматтың сан қырлы қасиеттерін ашып көрсетті.

Мемлекеттік қайраткер дең­гейіне дейін көтерілген Жұ­мағали Ысмағұловтың қызмет жолдары тегіс бола қойған жоқ. «Үгітші блокноты» журналын, «Қазақ әдебиеті» газетін басқарып, үлкен жауапты қызметтерде жүргенде, оған орынсыз кінәлар тағылып, қызметтерінен төмендетілген кезі де болған. Ал 1987 жылы Желтоқсан оқиғасына байланысты оның ҚазТАГ директоры қызметінен босатылуы оған жасалған үлкен қиянат еді. Бірақ қайсар азамат мұндай қиянатқа мойымады. Жосықсыз жасалған қысымға қасқайып қарсы тұрып, ерлікке пара-пар іс тындырды. Осы тұстағы оның ғылым саласындағы еңбектері жоғары бағаланды. Ол филология ғылымдарының докторы диссертациясын қорғап, оның Абай туралы еңбектеріне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді. Әсіресе, өткір публицистикалық шы­ғар­малары, аудармашылық ше­берлігі жаңа қырынан көрінді.

Ол өзі еңбек еткен ортаға ғана емес, жалпы көпшілікке қадірлі азамат болды. Оны дәл бүгін де аңғарып отырмыз. Тек ғалымдар ғана емес, оның шығармашылығымен таныс қауым оған үлкен ықылас білдіріп отыр. Оның бір куәсі – осы күндері «Қазақстан» бас­пасынан жарық көрген «Пер­­зенті еді халқының» деген естеліктер кітабы. Мұнда ғұ­ла­ма ғалымдардың да, әде­биет­ші-жазушылардың да, жур­на­листердің де, жалпы өнер адам­дарының осы бір аяулы азамат туралы ыстық лебіздері бар.

Қашан да көпшілік халыққа қадірін асырған азаматтарын ұмытпайды. Оларды қастерлеп, еске алады. Жұрт Жұмағали Ыс­ма­ғұ­лов­ты да еске алып жатыр.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».