Дегенмен, кейінгі кезде құндылықтар құлдырап, шаңырақ шайқалуы оңай болып кетті. Ал отбасының ойран болуына, ақ некенің бұзылуына судьялардың қатысы бар ма? Ажырасу туралы талап-арызды қанағаттандырып, шешім шығаратын – сот емес пе?
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов бүгінгі сот процесінде тараптарды жарастыру, мәмілеге келтіру мәселесін басты ұстаным ету керек деп санайды. Төрағаның пікірінше, медиация – дауларды реттеудің бейтарап, әділ түрі, оның қазақ тарихындағы билер сотына ұқсастығы дау туғызбайды. Бұл отбасы қарым-қатынасын реттеуде де өзекті мәселе.
– Күнделікті сот тәжірибесінде түрлі тағдырға куә болып жатамыз. Мысалы, бес жыл бұрын отау көтерген Жәнібек пен Жайнагүлдің (кейіпкер есімдері этикалық себепке байланысты өзгертіліп берілді – автор.) тағдырын алайық. Жастар бірін-бірі сүйіп қосылған, тату-тәтті тұрмыс кешкен. Бес жылда үш перзент дүниеге келген. Сөйтіп арада болмашы бір жанжалдың себебінен келіншек қалаға, төркініне кетіп қалған. Алғашқы ашумен ажырасу жөнінде сотқа арыз беріп тастаған, – дейді облыстық сот баспасөз қызметінің өкілі Назгүл Қанатбаева.
Әрине сот орындары өзіне келіп түскен талап-арызды қарамай тұра алмайды. Бірақ дәл осы мысалда Орал қалалық соты бұл отбасының тағдырына тым қатаң қарап, асығыс шешім шығарғаны белгілі болды. Сот жас жігіттің отбасын сақтап қалуға тырысқан әрекетін, татуласу үшін жазбаша өтініш жазып, заң шеңберінде алты ай мұрсат сұрағанын ескермеген. Сөйтіп №2 Орал қалалық сотының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы шешімімен талапкер Жайнагүл Елекешованың талап-арызы бір айдан соң қанағаттандырылды.
Амалы құрыған азамат облыстық сотқа шағымданды. Ол өзінің апелляциялық шағымында әйелімен арада ортақ үш балаcының барын, келіспеушілік кездейсоқ себептен болғанын, өзі отбасын сақтап қалуға әрекеттеніп жүргенін айтып, қалалық сот шешімінің күшін жоюды сұрады.
Осы аралықта Жайнагүл де райынан қайтып, арызынан бас тартатындығы және азаматтық істі қысқартуды сұрап жазбаша арыз жазыпты. Сот алқасының мәжілісі қарсаңында жас жұбайлар өздерінің татуласқанын мәлімдеп, сот шешімін бұзып, істі қысқартуды сұрады.
Екі жақты түгел тыңдап, іс материалдарымен қайта танысқан облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2019 жылғы 20 наурызда ашық сот мәжілісін өткізіп, №2 Орал қалалық соты шешімінің күшін толықтай жойды. Сөйтіп Елекешевтер отбасын ажырату жөніндегі азаматтық іс бойынша сот өндірісі қысқартылды. Іске тігілген «Неке туралы» куәліктің түпнұсқасы талапкерге қайтарылып берілді.
Осыған ұқсас жағдай Әлмұхамбетовтер отбасында да болды. №2 Орал қалалық сотының шешімімен жеті жыл отасқан жұбайлар арасындағы неке 2018 жылы 19 желтоқсанда бұзылған еді. Бұл отбасында да үш бала жазықсыз зардап шекті. Бұл жолы Данагүл болған жайды ақыл безбеніне салып, апелляциялық шағым жазды. Қалалық соттың шешімін бұзып, отбасын қалпына келтіруді сұрады. Апелляциялық сот алқасы басталар алдында жұбайы Нұрхан да сотқа жазбаша арыз беріп, жұбайымен татуласқанын, ажырасудан бас тартатынын айтқан. Сөйтіп сот алқасы іс өндірісін қысқартуды қажет деп шешті. Тағы бір шаңырақ аман қалды, үш сәби тірі жетім атанбайтын болды.
Дегенмен, мұның бәрі саусақпен санарлық сирек кездесетін мысалдар. Облыстық статистика басқармасының мәліметінше, өңірде 2017 жылы 4986 неке қиылса, 1988 отбасы ажырасып кеткен. 2018 жылы 4880 неке қиылып, 1994 ажырасу тіркелген. Азаматтық істерді қараушы №2 Орал қалалық сотының дерегінше, 2016 жылы – 963, 2017 жылы – 1217, ал 2018 жылы – 1072 ажырасу тіркелген. Өкінішке қарай, осы ойран болған отбасыларда қанша сәби болғаны есепке алынбайды екен.
Дегенмен, соңғы бір-екі жылда ажырасу мәселесінде сәл саябыр байқалатындай.
– Мәселен, №2 Орал қалалық сотында 2019 жылдың үш айында ажырасу бойынша қаралып, аяқталған істердің саны 409 болды. Оның ішінде қанағаттандырылғаны – 239. Ал 63 іс медиаторлардың араласуымен шешілді. 36 талап иесі кейін шағымын қараусыз қалдыруды сұрады. 60 адам ажырасу туралы талап-арызынан бас тартты, – дейді Нұргүл Қанатбаева. Бұл дегеніңіз, ажырасуға арыз берген 170 ерлі-зайыпты райынан қайтып, отбасын сақтап қалды деген сөз ғой.
– Әр отбасының ел алдында, заң алдында өз тәуелсіздігі, өз құқығы бар. Оған ешкімнің де қол сұғуына қақысы жоқ. Тіпті некені бұзу туралы болып жатқан сот мәжілісінде ерлі-зайыптының қарым-қатынасын толықтай анықтауға тыйым салынады. Көбінесе, жұбайлардың өздері айтқан жайттарға қанағаттанамыз. Сотта неке бұзу жөніндегі азаматтық істер күнделікті қаралады. Неке бұзу туралы шешім шығару ешқандай қиындық туғызбайды. Отыз жыл отасқан жұбайлар «ажырасамын» деп отырса, оларды айырмауға соттың амалы жоқ. Ал батыс елдерінде неке бұзу процедураларына өте күрделі заңдар арқылы көп тосқауыл қойылған, – дейді Теректі аудандық сотының судьясы Мерлан Құсайынов.
Еліміздегі қолданыстағы заң бойынша соттар неке бұзу туралы азаматтық істерді қараған кезде сот мәжілісінде екі жақты татуластыру үшін әрекет жасауға мүдделі болады. Жұбайлардың талап-тілегін егжей-тегжейлі зерттеп, не олардың некесін айыру қажет, не үш айға дейін татуластыру үшін мерзім береді. «Жұбайлардың отбасын сақтап қалу, олардың кәмелетке толмаған балаларын тірі жетім қылып қалдырмау үшін соттың құзырындағы бар мүмкіншілік осы ғана», дейді Мерлан Құсайынов.
Дегенмен, соңғы кезде Жоғарғы сот бастамасымен елімізде «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы іске асырылып, әрбір сотта «Отбасы орталықтары» ашылып жатыр. Онда ажырасу талабымен келген ерлі-зайыптылармен психолог мамандар, татуластырушы судья, медиаторлар сөйлеседі, ақыл-кеңес береді. Шағымданған жандардың отбасылық мәселелерін анықтап, қиындықты некені бұзбай-ақ шешуге болатын оңтайлы жол, бағыт-бағдар көрсетеді. Осындай орталықтардың көмегімен ажырасудан аман қалған отбасы саны көбейіпті. Қуанышты жағдай, әрине.
...Осы мақаланы жазып отырып, ойыма Бейімбет Майлиннің «талақ» әңгімесі түсті. Ашумен «талақ» деп айтып қалып, кейін қатты қиналатын Айдарбектің:
– Жеті жылдан бері ерлі-байлы болып күн өткіздік. Содан бері ұрыс та, талас та болған шығар. Қашанда жарасып кете бермейтін бе едік. Бұ да соның бірі ғой. Мені уайымға салма, қатын! Менде басқа ниет, бұзық көңіл жоқ. Ашумен кісі не айтпайды, «ашумен айтқан сөзді періште жазбайды» деген, – дейтіні есіңізде ме?
Адамның ашуы алдымен келіп, отбасын ойран-топыр етіп кетсе де, соңынан келген сау ақылдың бәрін жөндеп, сынғанды бүтіндеп, үзілгенді жалғап жіберетін қасиеті бар. Жоғарыда мысал еткен жандардың сот шешімінен кейін де ақылға келіп, ұл-қызының болашағы үшін ошағын қайта жаққаны – нағыз адамшылық деп түсіндік.
Батыс Қазақстан облысы