Шығармашылық деңгейі жоғары, өздерінің кәсіби қалыбы мен машығын қалыптастыра білген бұл ұжымдардың биік өнеріне қол соғушылар аз емес. Олар тіпті Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспанның арнайы шақыртуы бойынша Еуропа елдерінде концерт қойып қайтты. Сонымен бірге делегация құрамындағы ақтөбелік қолөнер шеберлері кәрі құрлықтың жұртшылығына өз туындыларын ұсынды.
Брюссель мен Люксембург қалаларында еуропалық көрермендерге наурыз мерекесі аясында әзірленген концерттік бағдарламалар үлкен табыспен өткізгенін айта кеткен жөн. Филармония әншілері Нұртас Омаров пен Гүлнәзире Сағынғалиева орындаған халық әндері мен жыр-термелерді еуропалықтар өте жылы қабылдаған. Ал «Аққу» би ансамблінің мың бұрала билеген арулары қара жорғаны сахнаға шығарған кезде де ризашылық пен сүйіспеншілік танытқандар көп болды. Сондай-ақ А.Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі Моцарттың әлемге әйгілі шығармаларын домбыра үнімен жеткізгенде концерт залы теңіздей толқыды, дейді өнер сапары жөнінде Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиев.
Талғамы биік, өнері жан-жақты дамыған шетел өкілдері еліміздің батыс өңірінен барған әншілердің, күй мен би шеберлерінің өнеріне жоғары баға бергені атап айтуға тұрарлық. Әсіресе, ұлттық өнеріміздің қайталанбас колориті мен нақыштары тәнті еткені аңғарылады. Осындай ой түйінін ақтөбелік қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан әр түрлі бұйымдарға қатысты да айтуға болады. Еуропалықтардың халқымыздың ежелгі ұлттық колөнер туындыларына деген қызығушылығы, этностильге деген құрметі ерекше екенін байқадық, деді бұдан әрі жоғарыда аталған өнер шаңырағының жетекшісі Е.Мұхамбетова. Бір сөзбен айтқанда өз өнерлерімен елең еткізген ұйымшыл ұжым бұл күндері өздерінің 75 жылдық биік белесін атап өтуге бір кісідей жұмылған.
АҚТӨБЕ