• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2013

Мұқағали және Фариза

5448 рет
көрсетілді

Мұқағали және Фариза

Бейсенбі, 24 қаңтар 2013 7:18

Заманымыздың көрнекті екі ақыны – Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсыноваға қатысты әңгімелер жұртшылық арасында әлі күнге толас­тамай келеді. Бұған Фариза ақынның өзі не айтар екен?

– Мұқағали шығармашылығы туралы сіздің көзқарасыңыз ерекше секілді болып көрінеді. Соның негізгі себебін өзіңізден сұрағымыз келіп отыр. Неге?

 

Бейсенбі, 24 қаңтар 2013 7:18

Заманымыздың көрнекті екі ақыны – Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсыноваға қатысты әңгімелер жұртшылық арасында әлі күнге толас­тамай келеді. Бұған Фариза ақынның өзі не айтар екен?

– Мұқағали шығармашылығы туралы сіздің көзқарасыңыз ерекше секілді болып көрінеді. Соның негізгі себебін өзіңізден сұрағымыз келіп отыр. Неге?

– Мұқағали секілді үлкен ақынның шығармалары оның замандасы маған ғана емес, поэзияны түсінетін әр оқырманға ерекше жақын деп ойлаймын. Мұқаң екеуміз рухани өте жақын, туыс адамдармыз. Ол өзінің соңында келе жатқан маған, менің шығармашылығыма өз жүрегінің сәулесін түсірді. Өмірде қараңғыда жарқ етіп бір нүктеге түскен электр жарығындай құбылыс болады. Осылай Мұқағали біреу түсініп, біреу түсіне алмай жүрген менің жырларыма деген жалпы халықтың ықыласын оятты. Сырттай тон пішуге келгенде алдарына жан салмайтын біреулер осы жайды алаулатып-жалаулатып «Мұқағали мен Фаризаның арасында махаббат болған екен» деген сияқты сөздің отына май құйды. Оған менің кезінде Мұқаңның поэ­зиясы, прозасы туралы біраз мақалалар жазғаным да әсер еткен сияқты.Кейбіреулер (негізінен журналистер) Мұқағали­дың маған деген тілеулестігін, сезімін қызғанып, халықтың арасына басқа пікір тарату мақсатында ойдан оқиғалар шығарған кездер де болды. Аға мен қарындастың, ақын мен ақынның бір-біріне деген шынайы ықыласына сүйсініп қызығудың орнына, қызғаныштың қызыл итін үргізуге тырысқандар өздерінің қара ниеттерінің жазасын Алла тағаладан алды да….

– Мұқағали өлеңдерінің сыртқы пішінінде пәлендей жаңалық жоқ. Кәдімгі қазақтың қара өлеңінің үлгісі. Сөйте тұра, оқырманды өзіне тарту күші ғаламат! Осының сырын қалай түсіндірген болар едіңіз?

– Әр ұлттың поэзиялық шығармаларында өзіндік ерекшеліктер болады. Біздің халқымыздың поэ­зиясы ежелден қазақпен бірге жасап келе жатқан кәдімгі қара өлең үлгісінде, сосын жыраулардың шұбыртпалы, кезекті ұйқаспен айтылатын термелері сипатында қалыптасқан.Адам баласының алғашқы қоғамдық құрылыстан бергі негізгі тағамы нан, кісі ешқашан наннан шықпайтыны секілді, қазақтың қара өлеңі біздің ұрпақтардың бәріне жақын, бәрінің жүрегіне жол табады. Бұл – қанмен сіңген қасиет. Бұл – бір. Екіншіден, Мұқағали әрбір адамның қуаныш-қайғысын қаны сорғалаған күйінде дәл өзінің басынан кешкендей етіп жазады. Ол өлеңдерді оқыған адам «мен туралы жазыпты» деп қабылдайды. Сол сияқты, Мұқаң ұйқас-ырғақ мәселесін өте қарапайым әрі кереметтей түсінікті, шебер пайдаланады. Оның жырлары ауа секілді сіңімді. Таудан аққан бұлақ та ешбір қиындықсыз төгіліп жатады ғой. Өлең де сондай болуы керек. Қазір бірқатар жас жазғыштар өздерінше Махамбет, Төлеген (Айбергенов) боламыз деп қазақ поэзиясының қалыбын өзгертіп, жаңалық ашқылары келеді. Бірақ, ол ақ матаны қара жіппен тіккендей ерсі және ондай туындылардың ғұмыры да көктемнің гүліндей қысқа болатынына менің күмәнім жоқ.

– Мұқағали туралы бір естелігіңізде ол кісі сізге жолығып, «Шеңберден шығу керек» деп айтты» деп жазыпсыз. Соның мәнісін таратып айтып берсеңіз.

– Бұл туралы мен айтудай-ақ айтып келемін. Ол менің Алматыға сіңісе қоймаған кезім болатын. Астана жұртының теңіздің көрінбейтін толқынындай психологиясын біле бермеймін. Тахауи ағаның туғанына 50 жыл толған тойы болды. Әбіш, Асқар Сүлейменов, Жұмекен, Ақұштап, Қалихан, Сайын секілді жастарға қосып мені де шақырыпты. «Лениншіл жас» газетінің, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының беттерінде жарияланған топтама өлеңдерім мен «Мазасыз шақ» атты жинағымның шыққан кезі. «Қыздар да мынадай батыл өлең жазады екен-ау» деп сүйсіне таңданып, бірқатары «бұл қайдан шыққан неме?» деп жақтырмай, әсіресе, өлең жазатындардың кейбіреулері өзіме тура айтпаса да, ала көздерімен атып жүрген кездері болды.

Тахауи ағаның дастарқанына Мұқағали шақы­рылмапты. Шамасы, ішіп жүр еді, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген жоғары мәртебелі жазу­шылардың алдында ыңғайсыз мінез көрсетуі мүмкін деп ойлаған болулары керек.

Мейрамхананың ас дайындайтын жағынан шыққан Мұқаң тура маған келіп, қолдарын екі иығыма қойған күйі:

– Жүр! – деп зекірді әй жоқ, шәй жоқ. Столдың маған қарсы жағында отырғандар көріп, қипалақтасып, біресе оған, біресе маған қарады.

Мен бірден орнымнан тұрдым. Бұл – ол кісімен үшінші рет кездесуім. Онда да жүрдім-бардым қысқа кездесулер, бірақ «Қарлығашым, келдің бе?» деген шағын жинағын бұрын жақсы көріп оқығанмын.

Мені қолтықтап асхана бағытындағы қабырға­ның арғы жағына шыққасын тоқтады.

Мен:

– Иә, аға, не айтасыз? – дедім бетіне қарап.

– Бала, шеңберден шығу керек, шеңберден шығу керек! – деп арқамнан қақты да, тағы да мені қолтықтап алып орныма әкеліп отырғызды. Стол басында отырғандардың (жоғарыда айтқан жастар бәріміз бір столда едік) біреуіне бас изеп болса да амандаспаған күйі бұрылып жүре берді.

Мен сол уақытта нені мегзегенін түсінбедім, тіпті, не айтып, не деп кетті деп ойланбаппын да. «Тентектің ақылы түстен кейін келеді» дегендей, уақыт өте келе «Саясаттың айтқанынан шығу керек, өз жүрегіңнің сөзін сөйле» дегені шығар деп ойладым.

– «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда», деп жазады ақын. Осындағы «Махаң» кім? Сол туралы жеке көзқарасыңызды ортаға салсаңыз.

– Қазақта билікке қарсы бас көтеріп:

Хан емессің – қасқырсың,

Қара албасты басқырсың,

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын! –

деп қасқайып тұрып сөз айтқан бірінші ақын Махамбет қой.

Ал Мұқағали ақының тірісінде төрт жағы құбыла болып өмір сүрген ештеңесі жоқ. Кәрі анасын, бала-шағасын тү-у Қарасаздан жүк машинаның үстіне мінгізіп, сол кездегі астанамыз Алматыға әкелді. Одан сүйікті перзенті Майгүлді машина қағып опат болды. Баспана жоқ. Шиеттей бала-шаға. Осындай тұрмыс дауылпаз ақынның нәзік жүрегін сол кездің өзінде ине шаншығандай ауыртып, көңілін жетімсіретіп еді.

Бүгін менің туған күнім, ой,пәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

немесе:

Сен мені білесің бе, білесің бе:

Жаралмаған жан екем күресуге…

Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,

Тастағысы келеді күресінге,

Фаризажан, сен соны білесің бе?

 

Не деген күйік, не деген уайым?!

«Түу!» десе түкірігі жерге түспейтін, ел-жұрты алақанына салып хан көтеріп жүрген адам «менің нәзік жанымды кім түсінер», болмаса «маңдайымнан сыйпайтын бір жан болса, енді қалған өмірімді қияр едім» деп егіле ме?

Қоғамдағы адамның трагедиясын осылай айта алған ақын биліктіге қылышын кезенген Махамбеттің сарқыты емей немене?!

– Сіз Мұқағали шығармаларын бағаласаңыз, Мұқағали да сіздің өлеңдеріңізге тәнті болған секілді.

– Сөзімнің басында да айттым ғой: Мұқағали ақын шығармаларын «Қарлығашым, келдің бе?» жинағын оқудан бастап жақсы көрдім. Ол кезде мен Атырауда тұратынмын. Кейін Алматыға келгеннен кейін ақынның күнделікті баспасөзде сиректеу шығып тұратын өлеңдерін үзбей оқитынмын. Ал ол кісінің маған деген ықыласы менің сол кездегі таралымы екі жүз мыңнан асып жығылатын және жастардың ең сүйікті газеті «Лениншіл жаста» басылған «Сен менің бақытымсың», «Мен саған ғашық емес ем» секілді тағы да басқа лирикалық топтама өлеңдерім мен «Жалын» журналында басылған «Қарғыс» атты поэмамды оқығаннан кейін оянған болу керек. Себебі, оған дейін менің шығармаларым ешқайда басылған емес. Оның үстіне бір-бірімізді көрген де жандар емеспіз.

Мұқағали ақын ең алғаш менің «Мазасыз шақ» жинағымды «Жазушы» баспасының поэзия редакция­сы талқылап жатқанда, жиынның үстіне ша­қырусыз кіріп келіп араша түсті. Менің:

Көгалды алаң. Сүт сәуле қырды басқан,

біз отырмыз жанардан арман ұшып.

Еленбейтін бұрынғы жұлдыз, аспан

– бәріне таңданысып.

 

Теңесем де өзіңді жасықтармен,

бір батылдық көруді аңсап едім.

Кеткім келген кісі боп асыққанмен,

жібермей қалса дедім.

 

Батылдық па күтпеген, жүрек пе ізгі

сені маған жіберген сүйікті етіп.

Менің балғын денемді дір еткізді

қолдарың тиіп кетіп.

 

Құшақтадың. Соны аңсап бір тынбап ем

(бір бұлқыныс басталды іште керім),

ашуланған кісі боп бұлқынғанмен,

құшақтай түссе дедім.

 

Адам деген бақыттан тұншығады, ә,

шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –

Ай жатыр шалқасынан.

Қызыққандай біздерге дала мына

бара жатты құбылып шалғын-кілем.

Сонда сенің тұп-тұнық жанарыңа

тұтқын боп қалдым білем… –

деген секілді өлеңдерімді жинағыма жібермеуге тырысып:

– Ай неге шалқасынан жатады? Яғни бұл екі жас бүлдіріп отыр бірдеңені. Шығыстың, оның ішінде қазақтың қызының мұндай бұзық өлең жазуы өте ұят, – деп мені редакторлар кінәлай бастады.

Мұқағалидың ызасын келтірген осы сөздер болуы керек.

Осы өлеңді кітаптың редакторы Сағи Жиенбаев және редколлегия мүшелерінің бір-екеуі «Мұндай ұятсыз өлеңді жазу қазақтың қыздарына жарас­пайды, ерсі» дегенде, есік жақта отырған Мұқаң орнынан атып тұрып: – Әй, Қадыр (Қадыр аға бөлім бастығы), әй, Сағи! Мына қыз ертең сендерді ұрады! – деп дауысын көтеріп айтты да, есікті қатты жапқан күйі шығып кетті. Ашулы кеткенін отырғандардың бәрі байқады, бірақ мән бермегендей, ешқайсысы тіл қатпады.

Мұқаң басқалар секілді: «Өлеңдеріңді оқыдым – жақсы екен» деп ешқашан айтқан емес. Айтатындай, біз пікірлесіп, әңгімелесіп те көрген емеспіз. Бірақ, рухани жақындық – алыстан да сезілетін болса керек.

1974 жылы Сағат Әшімбаев ініміз «Жұлдыз» журналында сын бөлімін басқарған кезде «Өлең, қайда барасың?» деген дөңгелек стол ұйымдастырып, оған мені де шақырған еді. «Қазіргі қазақ поэзиясының ең мықты ақыны кім?» Сұрақтардың бірі осы болатын.

Мен Мұқағалиды атадым. Оның поэзиясы таудың асау бұлағындай ақпа-төкпелілігімен, екпінімен ұнайтынын айттым. Ол «арқалы ақын» дедім. Ол материал «Жұлдыздың» 1974 жылғы 4-санында жарияланды.

Мұқағали секілді үлкен талантта өзінен басқаны көре алмай, оның шығармасы жақсырақ болса, қызғану деген болмайды, керісінше есі шыға қуанады. Қадір-құрмет деген менің түсінігімде, осы.

– Мұқағалидың «Фаризаға» деген өлеңі тарихи жәдігерге айналды. Бұл өлең – ақынның соңғы дауыстарын естірткен «аққу әні» секілді болып сезілді. «Жігітінен қазақтың сырлас таппай», осы өлеңді неге сізге арнады екен? Оның жауабын өзіңізден естігіміз келеді.

– «Жігітінен қазақтың дос таба алмай» ғой өлеңде. Мұның пәлендей жасырын сыры болмаса керек. Менің баспасөз бетінде шыққан топтама өлеңдерімді оқыды, өзімнің момындау қарапайым тірлігімді сырттай көріп жүрген шығар. Сырқаты жанына батып ауруханада жатқан кезде өзінің мұң – наласы ішіне сыймай, кімге мұңын шығарарын білмегенде, адал сөйлейтін, өсек-аяң немесе басқа қақ-соқтан оқшау жүретін мен есіне түсіп, көзіне елес­теген болуым керек деп ойлаймын. Әйтеуір, өзегін өртеген өкінішті, ұлы замандасын аялай алмаған орта, адамдардың мейірімсіз қатыгездігі, надандығы туралы айтып кеткісі келген болар.

Менің ойыма орыстың екі ұлы ақыны А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтов түседі. Екеуі тірісінде кездеспесе де, Пушкиннің қазасына арнаған Лермонтовтың «Ақын ажалы» деген керемет өлеңі бар ғой. Мұқағали Мақатаевтың әлгі өлеңі мен Михаил Лермонтовтың «Ақын ажалы» екеуі де қоғамдағы таланттың трагедиясын баяндайды.

Бұл әңгіме жұрт қызықтайтын дүние емес. Керісінше, елді жылататын оқиға. «Арамызда осындай байланыс болып еді, мен ол кісіге еңбегім сіңіп қызмет еткенмін, сол себепті бұл өлеңді маған арнаған» деп көкірек керетін жағдайым жоқ. Тірісінде анандай жерден Мұқағали көрінгенде: «Ойбай, анау келе жатыр…» – деп сырт айналғандар, ол қайтыс болғаннан кейін ұялмай-қызармай: «Дос едік, бірге жүріп, бірге тұратын едік», – дейтінді шығарды. Олардың бәрі сол кезде әдебиеттің маңында жүрген әйелдер мен ер-азаматтар.

– 80-жылдың басында Мақатаев екеуіңіз Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылдыңыздар. Үміткер екеу, сыйлық біреу. Бәсекелесіңіз – өзіңіздің жақсы көретін ағаңыз әрі ақыныңыз. Сол кездерде қандай күйде жүрдіңіз? Бәлкім, сыйлықтан бас тартқанда, ең үлкен оқиға сонда болар ма еді? Қалай ойлайсыз?

– Біріншіден, орын біреу емес, ол кезде әде­биетке үш орын берілетін. Мені бұған дейін Талдықорған облыстық жастар одағы, қазақтың Қыздар педагогикалық институты, Жамбыл облысы мемлекеттік сыйлыққа үш рет ұсынған болатын. Үш ретте де Жазушылар Одағының бірінші хатшысының ұсынысы үлкен рөл атқарды, Мемлекеттік сыйлық комиссиясы өткізбей қойды.

Сол жылы менің үш топтама өлеңдерімді өзім бұрын кіші әдеби қызметкер болып журналистік өмірімді бастаған «Коммунистік жол» атты Гурьев облыстық газетінің ұжымы ұсыныпты деп естідім.

«Мазасыз шақ» атты кітабым жастар сыйлығына ұсынылғанда, оған да мені өткізбеген. Одан кейін Мемлекеттік сыйлыққа үш рет өткізбегесін, көңілім қалып, қызығуды қойған едім. Ол кезде Мемлекеттік сыйлық үш қаламгерге берілетін. Біз Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Мағауин, мен – үшеуіміз бір жылда алдық.

Ол кезде Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов болатын. «Қайтыс болған кісіге сыйлық берсек, сонау Абай, Сұлтанмахмұттардан бастау керек, сондықтан, Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы арнайы сыйлығын тағайындаймыз» деп Олжас ұсыныс жасапты деп естідік.

Біз, Бексұлтан Нұржекеев екеуіміз, ақылдасып, Нұрғиса, Роза Бағланова, Шерхан, Әди Шәріпов секілді үлкендердің атынан сол кездегі Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Мұ­­­қағалиға Мемлекеттік сыйлық берілуі керек, орыс жазушысы, «Құрыш қалай шынықты» романының авторы Николай Островскийге де өлгеннен кейін Ленин комсомолы сыйлығы берілген» деп хат жаздық.

«Хатты сенің апарғаның дұрыс болар» дегесін Министрлеріне Кеңесіне кеттім. Министрлер Кеңесі Төрағасының көмекшісі Нұртай Әбіқаев. Обалы не керек, мені бірден қабылдады. Желтоқсан айының орта шені. Қазақ елінде сол жылы қыс өте қатты болып, солтүстік, орталық облыстарда ғана емес, Алматының өзінде де үйлерде жылу болмай, әбігерге түсіп жатқан кез еді. «Төраға сізді бүгін қабылдай алмайды, облыстардың басшыларымен жиналыс өткізіп жатыр, ал мына хатты және сіздің өтінішіңізді ол кісіге жеткіземін», деді Нұртай Әбіқайұлы. Осылайша Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды.

– Сіздің 60 жылдық тойыңызды Мұқағали жұрты қуаныш етті. Бұл жұрттың қалауы ма, әлде биліктің ұйғарымы ма? Ел қошеметін қалай сезінген едіңіз?

– Мені қолдайтын, ылғи жанашыр болып жүретін қашанда қара халық. Билік мен 50-ге, 60-қа, тіпті 70-ке келгенде де ерекше мереке жасаған ештеңесі жоқ. Атырауда 60 жылдығымды өткізуге Нұрлан Балғымбаев көмектесті. Атырауға Шерхан ағамыз жұбайы Ақбілекпен, министр сіңліміз Айткүл Самақова, Заманбек Мақпалмен, ақындар Исрайыл Сапарбаев пен Мейірхан Ақдәулетов, Қызылордадан Елена Әбдіхалықова және немерем Анитамен бардық.

Алматыдағы кешті ұйымдастырған Заманбек бауырым, Атырауда қонақтарды күтіп, кеш ұйымдастырған сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Астанада 60 жылдығымды сол кез­дегі қа­ла әкімінің орынбасары Нұрлан Нығматулин өткізіп еді.

Мерейтойлық шаралар осындай болды, яғни бауыр­ларымыз көмектесті.

– Мұқағали көші тоқтаусыз жылжып барады. Сол көшке арналған әріптестік әрі қарындастық тілегіңіз қандай?

– Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы қазақ атаулыға таныс. Бірақ біздің еліміздегі бір кемшілік – басқа тілдерге аудару мәселесі мүлде қолға алынбай келеді. Проза жазатындарға басқа тілге аудару онша қиын емес, ал поэзияның аудармасы тіпті өзгеше. Алдымен өлеңді жолма-жол аудару керек және ол өте сапалы болғаны дұрыс. Сол жолма-жол аудармадан басқа тілдегі ақын көркем аударма жасайды. Бізде көркем аударманы былай қойғанда, тіпті, өлеңді жолма-жол аударатын мамандар жоқ. Сондықтан, біздің поэзиямыздан орыс, ағылшын, неміс, жапон, тағы басқа тілді ұлттардың хабары жоқ.

Қазақ тілінен тікелей ағылшын, неміс тілдеріне жолма-жол аударма банкін жасату қажет. Бұл – біраз қаражатты шығындайтын шаруа. Егер шығынсынсақ, қазақ поэзиясы еліміздің шеңберінен шыға алмайды.

– Мұқағалиға арнаған өлеңдеріңіз бар ма? «Мұқағали» журналы туралы аз-кем айта кетсеңіз.

– Әрине, бар. «Мәңгілікпен кездесу» 1973 жылы, «Мақатаев туралы жыр» деген топтама өлеңдерім 1984 жылы жазылған. Кезінде күнделікті баспасөз беттерінде және «Дауа», «Қыз-ғұмыр» атты жинақтарымда басылды.

Жалпы, мен газет-журналдың біреудің есі­­мі­­­мен аталуына қарсы адаммын. «Абай», «Қа­сым», «Жамбыл», «Шәмші», «Мұқағали» деген басылымдардың бұлай аталуы мүлде дұрыс емес. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын туған жеріне қарай тартып, ұсақтамауымыз керек деген пікірдемін.

Әңгімелескен

Жақыпжан  НҰРҒОЖАЕВ.