• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Мамыр, 2019

Ауылға деген қамқорлық қомақты

1122 рет
көрсетілді

Екі қолға бір күрек таппай отырған ауыл жастары белсенді берекелі жұмыспен айналысуға мүмкіндік әбден бар. Бұл жайында өңірлік кәсіпкерлер палатасының жергілікті жерде шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдау барысында жан-жақты айтылды.

Ел еңсесін көтеруге бағытталып отырған игі қадамның қыр-сыры жан-жақты талқыланған шараға «Бастау» бағдарламасы арқылы оқыған азаматтар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты. Сөз арасында 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жұмыс істеп жатқандығын айта кеткеніміз артық болмас. Бұл бағдарлама ынтасы бар азаматтарға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, халықты жұмыспен қамтуға септігін тигізуде. Мүмкіндік аз емес. Мәселен, ауылдағы бизнесті дамытуға арналған субсидиялар мен жылдық үстемесі 5-7 проценттік жеңілдетілген несиелер берілуде.

– Бағдарлама аясында әр жыл сайын екі мыңға жуық жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдармен жұмыс жүргізудеміз, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков,–әрине, адамдардың бәрі бірдей емес, кәсіппен айналысуға икемділері де, ыңғайы жоқтары да бар. Бір байқағанымыз, ұмтылғандардың кейбіреуі кәсіпкер бола алмаса да, жақсы маман болуы әбден мүмкін.

Өткен жылы кәсіпкерлер палатасының «Бастау» бағдарламасы аясында 2070 адам бизнес негіздерін оқыса, олардың мың жарымы арнайы бизнес жобаларын қорғап шыққан. 579 адам қазіргі күні өздерінің жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Демек, осыншама адамның өмірден өз орнын табуға септігі тиген.

Биылғы жылы бұл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен  3 миллиард 630 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаржы несиелік операторларға үлестірілді, 6 проценттік үстемемен бес жылға беріледі. Шын мәнінде ауыл үшін көп-көрім көмек емес пе? Қаражат кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар сатып алуға жұмсалады. Қазіргі күні жақсылық хабардан құлақтанған ауыл адамдары тырмысып-ақ жатыр.

– Өткен жылы 957 адам шағын несие алып жұмыс істеуде,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Шайгөзов,–оның үстіне бір мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Бағдарламаны тиімді пайдалансақ, шағын ауылдардың шырайы кіріп қалар еді.

Үстіміздегі жылы Жастар жылына орай 18 бен 29 жас аралығындағы жастар үшін «Жас кәсіпкер» атты жаңа жоба қолға алынуда. Бұл ретте ынталы жастарға бизнес негіздері бойынша оқу бағдарламалары ұсынылады. Кейін жобаға қатысушыларға жеке кәсібін ашып жүргізу үшін бизнес тренерлер жол сілтеп, жетекшілік ететін болады. Алдағы уақытта 1270 адамды оқыту межеленіп отыр.

Аталмыш шара барысында қатысушылар мемлекеттік қолдау тетігін егжей-тегжейлі әңгімелеп, түсініп түйсінді. Шалғайдағы шағын ауылдарда көмек-қолдауға зәру болып отырған жас толқын осындай жаңалықтарды естісе, естіп қана қоймай, өздері де ынталанып алға ұмтылса, ауыл ажары бүгінгіден де көркейе түсер еді.

 

Ақмола облысы