Самбодан КСРО спорт шебері Рүстем Ыбыраев, Қазақстанның спорт шеберлері Бауыржан Әбдірахманов, Қайрат Шәріпов, Мұрат Матышев. Міне, осындай азаматтар боз кілемде ел намысын қорғаған. Республикалық, одақтық жарыстарда атой салған атан жілікті балуандар. Бүгінде сол даңқты аға буынның ізбасарлары дәстүрді жалғастыруда. Таяуда өткізілген оныншы республикалық турнирге ұзын-ырғасы 300-ге жуық балуан қатысып, боз кілемде бақ сынасты. Олар алдымен жекелей сында белдессе, кейін командалық сайыста күш сынасты.
–Біз еске алып отырған балуандар аудан спортын ғана емес, ел спортын дамытуға үлес қосып еді,–дейді Ерейментау балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сәрсенбек Өтепов,–топ жарып, жүлде алып қана қойған жоқ, соңдарынан ерген жастарды тәрбиеледі. Өздерінің бойындағы шиыршық атқан күш-жігермен ғана емес, елін сүйген ер жүректігімен де өнеге болды. Сондықтан, абыройлы аттарына уақыт кіреукесі түспесін деп жаңғыртып жатырмыз.
Жарысқа 10 облыстың мықтылары жиналған. 2003-2005 жылдары туған 300-ге жуық жасөспірім балуандар тоғыз салмақ дәрежесін бойынша бақ сынасты. Белдесу барысында Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалалары мен Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының балғын балуандарының бабы келісіп тұрғандығы байқалды.
–Атан жілік азаматтардың көбі ауылда ғой. Болашақ олимпиада чемпиондары осындай жарыста шыңдалады,–дейді бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Әділбек Ниязымбетов.
Екі күнге созылған бәсекеде Көкшетау, Ерейментау, Қостанай мен Қарағандының балуандары топ жарды. Әсіресе, ереймендік балуан Нұрхат Бейбітовтің шеберлігі көрерменді тәнті етті.
Командалық бәсекеде бас жүлде қостанайлықтарға бұйырса, қарағандылықтар екінші, Павлодар облысының балуандары үшінші орынға ие болды.
Ақмола облысы