• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2013

Ақназар ханның ақ жолы

614 рет
көрсетілді

Ақназар ханның ақ жолы

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:34

Үш жүз миллион гектарлық ұлы кеңістікті алып жатқан ұланғайыр қазақ жерінің ұрпақтарға ұлағат етер тәлімді тарихы да ұшан-теңіз!Ұлы дариялар мұзарт таулардан басталатыны сияқты, осынау кең айдынды жолымыздан қалың ел – қазағымызды қаншама замандар асуынан аман алып өткен, елдігіміз бен біртұтас бірлігіміздің негізін салып берген кемеңгер ұлы бабаларымыздың алып тұлғасын көреміз.

 

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:34

Үш жүз миллион гектарлық ұлы кеңістікті алып жатқан ұланғайыр қазақ жерінің ұрпақтарға ұлағат етер тәлімді тарихы да ұшан-теңіз!Ұлы дариялар мұзарт таулардан басталатыны сияқты, осынау кең айдынды жолымыздан қалың ел – қазағымызды қаншама замандар асуынан аман алып өткен, елдігіміз бен біртұтас бірлігіміздің негізін салып берген кемеңгер ұлы бабаларымыздың алып тұлғасын көреміз.

Сонау бір ықылым заманда алты Алаштың басын біріктіріп жер жаһанда теңдессіз биліктің туын көтерген ұлы қаһарман бабаларымыз Қараша хан, Шыңғыс хан, Жошы хандар болғанда, одан бергі барша өмір-тіршілігіміздің баяны – ел тұтқасын ұстаған, азаттық жолында жорық-жосынды күн кешкен сол сынды кемеңгер бабаларымыздың елмен бірге жасайтын есімімен байланысты.Хан жайлаған Қаратау,Әулиенің кені еді.Керегесін кең жайып,Жайлауына ел қонып,Ат шаптырып ас берген,Атадан қалған жер еді, – деп ақынжанды қазағымыз өлең-жырға қосқандай, барша ғұмыры аттың жалы, түйенің қомында өткен көшпенді ел, ата-бабалар сөзімен зерделі зерттеулер арқылы бүгінгі күндерге жеткен деректі тарихымыздың төрінен өшпейтін орын алған көрнекті хандар қатарында есімі ерекше орындағы Керей мен Жәнібек деп қараймыз. Бұлар Алтын Ордадан іргесі бөлінген Ақ Орда билеушілері арасында тақ тартысы асқынып тұрған кезеңде, қазақтың дербес мемлекеттік (ұлыстық) жүйесін орнату мәселесі күн тәртібіне қойылған тұста қалың елдің көшін бастап, қасиетті Қаратауға тартқан шын мәніндегі халықтың ұлы қайраткерлері еді.Қай заман, қай кезеңде де ел көшін оң сапар, келешектің кең өрісіне бастаған, халқына қорған болған кемеңгер ұлдарын ел-жұрты ақ киізге шығарып, төбесіне көтерген. Халқының осындай сый-құрметіне бөленіп, ел тарихында мәңгілік орын алған бір шоғыр ірі қайраткерлері – Қасым хан мен Есім хан, Салқам Жәңгір мен Әз Тәуке, хан Абылай қатарында Қасым ханның әкеден қалған «қасқа жолын» ұстанып тұтас бір дәуір – жарты ғасырдай еліне ұстын, халқына қалқан болған Хақназар (Ақназар) ханның ел өмірінде алатын орны ерекше.Ақназар ханның ел билігін қолға алуы алдында әкесі Қасым ханның көреген саясаты арқасында Қазақ хандығының іргесі барынша кеңейіп, күнгей өлкесі Хиуа мен Бұхар хандығымен шектесіп, батыс тарапта Ноғай ордасы, теріскейде Сібір, күншығыста Моғолстан хандығымен астасып, төменгі Сыр бойынан Арқаның Ұлытауына, Жетісудан Ақжайыққа дейінгі ұлан өлкені қамтып жатқан-ды. Әйтсе де барды байыптап, ұстап тұрудан барыңды жоғалтуың оңай. Қасымнан кейін мирасқорлық жолмен аз жыл хан тағына отырып, аз жыл ел билеген Тоғым хан, Ахмет пен Тайыр сұлтан тұсында жетесіз басшылық, егесіздік көрген ел аңдыған аларман жаудың оңай олжасына айналған кер заманның кезі еді.Енді жасы отызға толған жігерлі жас мирасқор алдында әкеден қалған ұлан-ғайыр өлкені, көшпенді ру, тайпалардан құрылған ұлыстардың біртұтас бірлігін ұстап тұрудың аса күрделі міндеті тұрды. Анықтап айтқанда, қазақ жұртының алдыға өркен жайып еңселі ел етудің әуелгі жол-жосығын (Қасым ханның қасқа жолын) берік ұстанып, тұтас бір жарты ғасырға жуық (1538-1580) ұласқан ұлы жолын кешіп етуге тиісті болды. Заманның сол ауыр да ардақты жүгін қайыспай көтерді.Кемеңгер әке жолын ұстанған халықтың ханы Ақназар өз заманында Ұлы Жібек жолында жатқан Қаратау өлкесінің қалың елі, көшпенді жұртын батыс-шығыстың кең құлашты кеуделі жұртынан кем етпей, көсегесі көгеріп, өркендеп өсуіне Құдайдың өзі берген құдіретті жігер-қуатын жұмсады. Қалың қазағымен армандас ұзақ жол өтті.Бауыр басқан қалың елі – қазағы: ақ жол кешкен Ақназарымыз, Алланың берген Хақназарымыз – десіп Алатаудай арқа тұтқан көшбасшы-көсемінің, елім, жерім деп ізгіліктің ақ жолды сапарымен бармаған жер, баспаған тауы жоқ. Жақсылық пен жамандық, ізгілік пен жауыздық тайталасқан сол бір қилы заманның шерлі шежіресін жасаған арғы-бергі дүниенің Исфахани Рузвихан, Плано Карпини, Рубрук, Хафиз, Жубейни, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ғұламаларынан қалған тарихнама, сапарнама, өсиетнама жазба деректеріне қарағанда, аспан-жер аралығын тұтастай алып жатқан әлемнің алып құрлығы – Азияның қалың ортасында «Қазақ хандығы» атанған іргелі ел, қабырғалы халықтың бар екенін, ол өзі ізетті де қуатты жаужүректі ел екенін ат аяғы, құс қанаты жеткен кең дүниеге танытты.Ақназар ханның тұсында хан ордасы жүргізілген тиімді ішкі, сыртқы саясаты арқасында Қазақ хандығының, оның көшпенді қазақ жұртының алыс-жақын елдерімен – бірінші кезекте іргелес Бұхар, Хиуа, Сібір, Қазан хандығы мен Моғолстан елдерімен, сол тараптағы Баласағұн, Асфара, Тараз, Самарқан мен Бұхар, Өргеніш, іргедегі Сығанақ, Сауран, Баршынкент пен Исфиджаб, Яссы, Маданкент сияқты көптеген кент, шаһарлармен сауда-саттық, мәдени байланысы орнықты.Шығыстан келер қалың жау – ойрат, шүршіт, қалмақтарға, күнгей жақтан қаптайтын қызылбасқа қарсы жосынды-жорықтар тынған тылсымды-тыныш, бейпіл-бейбіт жылдарда Арқа мен Шу бойы, Жетісу, Талас Қаратаудан базар-ошарлатып қалың малын айдаған қазақтың күнгейдің көк күмбезді, зәулім қақпалы қала, шаһарларынан тай-тай пұл, қант-шайы мен жиһаз-тауарларын артқан түйелі керуендері кең даланың шартарабына қаздай тізіліп кетіп жатты.Еруліге қарулы сол бір өткен алмағайып заманда ежелгі Жібек жолының ескі сүрнегімен ел мен елді жалғап толассыз ағындап жатқан сауда керуендерінің жолы жортуылшы аларман жау, барымташы шапқыншы, ел тонауды кәсіп еткен ұры-қарыдан ада емес еді. Соңында күлге айналған қаңыраған қара жерді қалдыратын өрт дауылы бір ғана ұшқыннан басталатыны сияқты, жер-жаһанды жайлап өтер сұрапылды соғыс, жосынды жорықтар көбіне-көп ел арасында болып жатқан осындай майда қақтығыстан өріс алып жатты.Қасымнан қалған «Қасқа жолды» мықымдап ұлан өлке – қазақ жерінде аз-кемі жоқ 42 жыл билік құрған Ақназар хан бастан өткерген бұндай қанды жол, аттаныстар «қазақтың Есім ханы болған кезде, жау жорық жапан түзде толған кезде» деп дауылпаз-дастангер ақын Иса Байзақов жырға қосқандай, қазақ-қалмақтың сан ғасырға ұласқан қан-қасіретті ара қатысы сол кезеңде де барынша ушығып тұрды.Қазақтың көп замандар өліспей-беріспеген ата жауы ойрат-қалмақтары болғанда, қайран, қазағымыздың (қайсыбір жұрттың болмасын) қанына біткен «бақ пен тақтың» маңынан туындайтын ішкі қайшылығын қалт жібермей, аңысын-аңдып отыратын көршілес, күндес ағайын жұрттың қарап жатпайтыны белгілі жай. Сондай бақталас, күншілдіктің бітпеген бітеу жарасы асқынып, өз заманында қазағының елі мен жерінің тұтастығы үшін жанын салған 1726-1729 жылдардағы Жоңғарға қарсы ұлы жорықтың қолбасшысы Әбілқайыр ханның Орынбордың айлакер генерал-губернаторы И.И.Неплюевтің айдап салуымен өз қандасының қолынан ажал табуы бұдан былайғы барша жұртымызға ащы сабақ болса керек еді.Арғы-бергі өткен тарихымызға көз жіберіп қарасақ, аңдысып баққан ішкі қаскөйлік ақ ниетті Ақназар ханға дейін де, одан кейін де қарап жатпапты. Қасым хан дүниеден өткен соңғы аз жылда тұс-тұсынан билікке таласқан мұрагер ханзада-сұлтандар арасында басталған алауыздық салдары бұрынғы ұлы кеңістікте бір орталықтан – Созақтағы хан ордасынан басқарылған біртұтас қазақ жұрты бірнеше бөлшектерге бөлініп, тоз-тозы шықты. Өзара бақталас, жер-талас қырқысудан береке-бірлігі кетіп ру-тайпалық шағын ұлыстарға бөлшектенген ел мен жер тұс-тұстан анталаған аларман шапқыншылы жауға жем болды. Оның қайсыбірі – Жәнібек ханның немересі Тайыр сұлтан елді тастап қырғызға қашты. Туған жерден жырақта, бір қиырда ажалын тапты. Ендігі кезекте ұлы хандықтың күнгей тарабын бөліп алып Сыр бойында тар шеңберлі билік құрған Тоғым хан мен Ахмет сұлтан да алдыңғының жолын құшты. Қан майданда емес, ішкі талас-тартыс, қаскөйліктен қапылыста мерт болды.Қазақ елінің басына екіталай күн туған осындай қиын-қыстау кезеңде 28 жасына енді толып ел билігін қолға алған Ақназар ханның алдында шілдің қиындай шашылып әр тарапқа бөлініп, бей-берекет өмір кешкен қалың қазақтың бір кезеңдегі Керей хан мен Жәнібек, кешегі өткен Қасым хан салған «қасқа жол» үрдісінде қайта біріктірудің ұлан-ғайыр міндеті тұрды.Атадан қалған қара шаңырақ – қасиетті Қазақ Ордасы көк байрағын қайта көтеріп, ер Қасымның жас қайраткер оғланы Ақназардың билік басына келуі осындай бір соны жаңалықты аңсаған, көптен күткен қалың қазақты дүр сілкіндірді. Қысқы орда Созақтан хан жайлауы – төменгі Шудың айдынды Сарысуға тоғысар тарабына көшіп орнаған ордасынан ежелгі Бесқұлан, хан жолымен Арқаның Қарқаралы, Ұлытау, Шыңғыстауы, шығыста Қаратау сырты, өргі Таластан арғы шеті Алтын, Еміл, Жетісудың өлкесі, күнгей батыста төменгі Сыр мен Көк теңіздің (Арал) арғы-бергі атырабын жайлаған қалың алшын мен жетірудың еліне айтылған «Ұлы Құрылтайдың» хабары ел есінен кетпейтін 1538 жылқы жылының көкмайсалы көктемінде құс қанатты арғымақтар жалынан ескен желмен жетіп жатты.– О, Тәңірі, кешегі өткен кемеңгер Керей, Әз Жәнібек заманынан, Қасымнан қалған «қасқа жол» өшпеген екен. Атадан қалған жөн-жосық өлмеген екен! – дескен қалың қазақ бетке ұстар бектері мен сөз сөйлер шешендерін, көш бастар көсемдерін, қол бастар батыр ұлдарын қайтадан атқа мінгізді. Оң сапардың жолымен аттанған жалпақ елдің жайсаңдары қасиетті Қаратау сырты – Қос өзеннің қосылған сағасын беттеп сан тараптан ағылып кетіп жатты.Сан ғасырлар ағымында кең жазираның сусынын қандырып, Ақжайқынның майдам жазығын басып сұлу Сырға барып қосылатын қос өзеннің Қоңырдың қоңыр-бұйрат құмдарына қараған теріскей беті сол заманда бетегелі бел, баурайы көкорайлы көлге ұласып жатқан көк майсалы саз еді. Арқаның майда қоңыр жібек желімен кең тыныстап жатқан ұлан өлкенің өр төсі сол күндері айнала ат шаптырым кеңістікке айқұлақтана тігілген ақбоз үйлерге толған. Хан жайлаудың қалың ортасынан өрге қараған биікте айналаға өзгеше сәулет беріп алыстан айдай айқын көрініп Ақназар ханның ақ ордасы тұрды.«Әулиеге ат айтып, Құдай жолына құрбандықтар шалынып, келелі кеңес құрған хан ордасының алдағы құрылтайдың құзырына беретін бір ғана сөз байламы бар еді. Ол: «Ақарыс», «Жанарыс», «Бекарыс» деп үш Арысты – қанаттас өмір кешкен қалың қазақтың біртұтас ұлы бірлігін жалғанның жарығына шығару. Бауырлас, ұрандас, мызғымас ұлы бірліктің өмірбақилық өшпейтін тамға-белгісін мына сырттағы Арқаның алып даласына қараған қара ордадай қарауытып, алыстан шалынатын қара дөңнің нақ төсіне бір құдіреттің өзі орнатқан биік жартастың айқара бетіне қашап, айдай ғып айқындап беру еді.Ескен жел, ұшқан құстың қанатымен хабар жеткен ел жайсаңдары ағылған Ақназар ханның жайлауын ұлы құрылтайының дүбірі әлденеше апталар, айлар бойы кернеп тұрды. Сонда төрт көзі түгел қазақтың бас-аяғы жиылған телегей-теңіздей толқыған қалың жиыны алдына алтын тұрманды ақбоз арғымағымен шыққан қазақтың Ақназар ханы толғана тұрып жалынды сөз сөйлепті.– Қалың елім, қайран жұртым! – депті сонда Ақназар. – Ұлы жосықтың жолын жасап берген ұлы қаһарман Шыңғыс хан, одан бергі кешегі Керей хан мен Жәнібек бабаларымыздан бергі өт­кен қилы-қилы заманда өмір, тағдырдың біз­ге берген шекер-балын да, у мен заһарын да көп таттық. Ағайын-достықтың, сатқындық-қас­тықтың қан-қасіретін көп көрдік. Жеке жортып көрінген жауға жем болдық. Атадан қалған қа­сиетті жеріміз бен барымыздан айырылдық. Жат жұрттың табанына түсіп ұлдарымыз құл, қыз­дарымыз күң болды. Ет-жүрегі езілген ата-ана­ларымыздың көзден аққан қанды жасы көл болды. Өткеннен алған сабақ, шыдам, бастан кешкен қорлықтың да шегі бар. Ес жиып, етек жабар, бар-жоғымызды түгендеп, ертеңімізді ойлайтұғын күн туды. Алдымызда бір ғана айқын, адастырмас жо­лымыз бар. Ол халқымыздың қанына біткен ар-ожданымыз бен жан күйдірер намыстың жолы. Бар­ша жұртымызды ата-бабаларымыздың атамекен қасиетті жері үшін жан пида жорықтарға бас­тайтын әділеттің ақ жолы! Осы жолда жүректегі қа­нымыз, шығардағы жанымыз бірге болсын!  дей­тін атадан ұл боп туған ер-азамат қайдасың?! Бар­мысың, намысы қанға боялған қазағымның ер-ұлы?!Осы сәт айнала анталай ұмтылып, ат үстінен тұнжырай тұнып тұрған қалың нөпір үстінен жасынның оғындай жаңғырыққан хан сөзі «Уа, бармыз, бармыз! Қасиетіңнен айналайын хан ие»! деп қынаптарынан наркескен қылыштарын жарқ-жұрқ суырып биікке көтерген қолбасы-батырларға қосылған мың сан қолмен бірге күндей күркіреген ұлы думанға ұласты.– Уа, бармыз! Азаттық деп атқа мінген Алаш­тың ұлы, бір өзіңмен біргеміз. Баста бізді ұлы хан!Ақназар артқы жағынан иін тірескен ру басы, бекзада уәзірлері қауымы ортасынан шаршы топқа көз жіберіп еді. Алдыңғы қатарда қара ормандай қайысқан қалыңнан омырауы есіктей арғымағын алшаң бастырып, биік көтерген жалаң қылышы мен болат дулығасы жарқылдап, қос қапталға өзіндей қос батырды қатарға алып, алға шыққан апайтөс қас батырдың зор тұлғасы көрінді. Бұл бүгінгі ұлы құрылтайда қазақтың үш тарап ел, үш ұлы бірлестігі – Байшора, Жаншора, Қарашора бабалары атынан хан алдында ант сөзін айтуға өкілдік алған ұлы арыстың батыры Ер Тұрпанның ер боп туған жалғыз ұлы Тайбағар еді.Бұл кешегі өткен Қасым ханның тұсында жоңғарға қарсы соңғы жорықта қалмақтың бас батыры Ботхишардың қазандай басын зілбатпан шойын шоқпарымен қақ айырып, өз қанына бөктірген хас батыры жайында ел-жұрттың:Тұрпаннан жалғыз Тайбағар,Жалғыз да болса, айдаһар.Ол ысқырса көп қалмақ,Қайда жоқ та қайда бар, – деп аңыз қылатын Тайбағары осы.– Уа, ұлы жамағат! Біз өздеріңмен біргеміз. – Баста бізді ақ жолыңа ұлы хан! – деп күндей күркіреді Тайбағар.– Уа, қасиетті хан ие! Біз өзіңмен біргеміз, – деп қалың арғыннан келген ақ сауытты Аткел­тір батырдың айбарлы дауысы кең далада жаңғырықты.– Уа, қасиетіңнен айналайын қалың ел, қасиетті хан ие, халқымыз үшін жан пида! Өздеріңмен біргеміз! – деп арғымағын тебініп, көк сауытқа құрсанған төртқара Оразгелдінің ұлы Орманбет батыры алға шықты.– Уа, қасиетті ұлы хан! Кеудеде жанымыз, жүректе қанымыз барда біз өзіңмен біргеміз! Біргеміз! – деп қалың нөпір аттылы көптің үстінен көтерілген толқынды дауыс кең даланың төсінен көкке самғады.Осылай кең өлкенің төсінде көлдей шалқып, теңіздей толқып, Ақназар ханның ақ жолымен басталған шығыс пен батыс, орталық – үш тарап, үш арыстан ағылған қалың қазақтың алғашқы ұлы құрылтайы күндерден күнге ұласты.Қарсаңда хан ордасында өткен үш арысты ел өкілдері көрегенді көсем би, елдіктің жүгін көтерген батагөй аталары қауымында өткен келелі кеңесте шешім еткендей құрылтайдың ең биік қастерлі ісі – келешекке берешек аманаты: үш тарапты алып жатқан ағайынды үш арыс елдің мәңгілік мызғымайтын бірлік одағын айқындайтын «Тас тамғасын» белгілеп бермек.Құрылтай соңы ат шаптырып, ас берген ұлы думанның әлденеше күндер үш арыс ел өкілдері алдын ала әзірлеген құрылтай қауымына үш тараптан келген есебі жүзге толған ру, тайпалардың «тас тамғасын» алдағы ұлы жорықтар туын үлестіреді.Енді ұлы жиынның ақ батасы жасалып, Ақназар ханның ақ туын көтерген ұлы нөпір кең даланың төсінде қара-дөң биігінде туған өлкенің атар таңын жапан түзде жападан жалғыз күзеткен қасиетті жартасқа қарай ағылды. Осында ақбоз атан құрбандыққа шалынып, Құдай жолына бағышталып құран оқылды. Атадан қалған исі қазақтың байтақ жері мен ел тұтастығын қорғаудың ақ жолына аттанар азаттық жорықтарының желкілдетер ақ туы үш арысты ел жайсаңдары үстінде биікке көтерілді. Бауырластық пен біртұтас бірлігіміздің рухы мына қасиетті қара тастай мызғымас берік болсын, – деп қашалған «тас тамғалары» таратылды.Қайырласып-қоштасудың салтанатты сәті жетті. Барша ел ат үстінде. Хан Жәнібек тұсында хан ордасының көгілдір туын көтеріп жорықтың жолын бастаған тоқсан жасап ат үстінен түспеген албанның әйгілі батыры қоңырбөрік Қалқаман ақбоз арғымағы үстінен жалпақ дүниеге жар сала, Ақназар хан бастаған азаттықтың жолына ақ батасын берді. Аттаныс дабылы қағылды. Керней, сырнайлатып қозғалған жер қайыстырған қалың қол күннің шығысы мен батысы, теріскейі – Арқаның ұлы даласына бет түзеп жосыта тартып бара жатты.

*   *   *Қазақтың ұлы байтақ жеріне ұқсас тереңде жатқан тарихының да шегі жоқ. Бір парасы әр кезеңде жасап өткен жиһанкез ғұламалар хатында қалса, көбіне-көп атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманатқа айтылар аңыз-әңгіме мен қазақтың шерлі шежіресінен көрінетін көне тарихымыздың бізге жеткен сыр-сипаты, көркемдеп айтар көрініс осындай.Өзге емес өз ортамызда, туған жер, өскен өлкеміз Қаратаудың баурайы, қайран қазақтың қаны мен көз жасына тұнған хан ордасы – Созағымыздың жерінде өткен Ақназар сынды хан бабамыздың хандық дәуіріне биылғы көктемде 475 жыл толады екен.Арғы-бергі өткенімізге көз жіберіп қарасақ, қазақ елінің толайым тағдыры таласқа түскен сол бір қилы-қилы замандардан бері елім деп, туып-өскен жерім – деп қан-қасіретті жол кешкен қазақ жұртының басынан не өтпеді? Қан кешулі, жан кешулі жорықтар: «Ақтабан шұбырынды», «Ақсирақ жұт», аш-жалаңаш ақиретін көрген «мың өліп, мың тірілген» жұрттың өмірдің өшпейтін оты, сөнбейтін шамшырағының қуат-құдіреті неде? Осыған тереңірек зер салып, сыр-сипатын санамыздан өткеріп, жүрекпен ұғып білдік пе?Иә, көбіне-көп айтарымыз: қазағымыз – қаһарман халық. Бәріне көнбіс – төзімді халық. Ата жолын, туған елін ардақтаған арлы халық – ақылды халық. Қалай десек те бір қазағымызға жарасып-ақ жатқандай.Әйтсе де, осы бір көп мақтан, көпіршіген көбіктің арғы жағында жанартаудың тұнбасындай тұнып жатқан қалың қазақтың қаны мен жанына бір тәңірі – табиғаттың өзі берген құдіреттің бар екенін көргіміз де, білгіміз де келмейтініне қайран қалмасқа ләжің жоқ.Ол қалың қазақтың басына ажал төнген жау-жорықты заманда тоз-тозы шығып кетпей, қияметтің қыл көпірінен аман өткізіп, жарық күніне аман жеткізген ата-балалар өсиетімен бекінген тас-түйін бірлігінің, ер қаруын алғызып, ерулі атқа мінгізген ұрандас, іргелес руластарының арқасы. Сол қазағымыз қабырғалас, қанаттас руластық-ағайындық жолымен бірлесе көшіп-қонбаса «бір өлі, бір тіріде» бір төбенің басынан табылмаса, әлдеқашан тұқымы тұздай жойылып кетпес пе еді. «Білгенге маржан, білмегенге арзан» сол бір тәлім алар тарихымыз не күйде?Енді ғой, міне, жаңа заманда жаңаша сөйлеп жатырмыз: «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», «руын атағанның аузы күйсін» дейміз. Дәл бір «жүз» боп жиылып, «ру» боп ұрандасып төбе басына ту тігіп жатқандаймыз. «Жүзшілдік, рушылдық жайлады» деп ала қағаздың бетінен бұлбұл құсша сайраймыз кеп.Бізге дейін сан ғасырлар ата үрдісін ардақтап, жүзімізді де, руымызды да құрметтеп, ағайын-туыстықпен жылдар қалыптасқан бауырлас қан-қасиетімізді көзге ілмей айтылып жатқан бос байбалам мен миға қонбас, қолдан келмес іске арамтер болу кімге керек.Өмірдің өз шындығына, өткен жолымызға көз жібермек біздің қазақ: «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» десіп ағайын арасында болып жататын барымта-сырымта дейтін майда қақтығысын айтпағанда «рушылдық», «жүзшілдіктің» желімен қолына қару алмапты. Оқ мылтығын атпапты. «Қарға тамырлы» жөнімен, адамгершілік-туысқандықпен ізгіліктің ақ жолымен өмір сүріп келіпті. Ендеше, бүгіндері «жүзшіл», «рушыл» деп (аты-жөндері айтылмайтын) дабыл қағып жүргеніміз кімдер өзі?!Ойлап көрсек мәселенің мәнісі өзгеде емес, қаншама замандардан көздің құрты, бақастықтың дерті боп келе жатқан аз күнгі өте шығар бақ пен тақтың маңында екен. Ол, «біреуі таққа мінсе, қырқы атқа мінедінің» жан-дүниені жауыр етер қызылкөз қызғаныштың жайы ғой, баяғы. Ендеше, әр нәрсені өз атымен атағанымыз жөн болар. «Таққа» да, «атқа» мінген ағайын қайдағы бір өткен руымыздың ту ұстары емес, жақыны мен дос-жаранын ғана жарылқайтын: «өзімдікі дегенде өгіз қара күші бар» «өзімшіл» боп шығады. Олай болса ата-бабаларымыздан қалған, ғасырларға ұласқан халқымыздың қастерлі жосығына тәлімді тарихымыздың билігінен қарағанымыз жөн болар.

Өшкені жанып, өткені қайта оралып, тағдырлы тарихын қолына ал­ған қалың қазақ еліміз азаттықтың кең өрісті алтын дәуірі тұсында өт­кен аз жылдарда ғасырларға тұрарлық жасампаздық жол басты. Бұл күн­де­рі қаншама замандарда қайран елдің қаны мен көл болған көз жасына жуылған қа­шанғы хан Ордасы қасиетті Созақтың Қаратауға қараған майдам жазығында аспан-көк­ке бой көтерген ақшаңқан күмбез алыстан көрінеді. Ол өзге емес, сонау бір өткен дү­бірлі, ұлы заманда кең байтақ қазақ жерінде елдік пен бірліктің, азаттықтың ақ туын көтерген, тұтас бір дәуір әділеттің ақ жолын кешіп өткен ел қорғаны Ақназар хан­ның туған өлке төсіне өркенді жұрты, ұлағатты ұрпақтары орнатқан келісті кесене – мазар-мавзолейі. Ел барда ерлердің аты, қалдырған ізі өшпейді дейтініміз осы болса керек-ті.

Еркінбек ТҰРЫСОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

ШЫМКЕНТ.