• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Мамыр, 2019

«Ұлы дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» атты шығармашылық кеш өтті

1587 рет
көрсетілді

Жастар сарайында суырыпсалма айтыс ақындары Балғынбек Имаш, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов және Сара Тоқтамысованың орны бөлек өнерін қызылжарлықтар қызыға тамашалады.

Әркез халықтың мұң-мұқтажын жырлап жүрген «от ауызды, орақ тілді» шайырлар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Ұлы дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» атты шығармашылық кешін ұсынды.

Айтыс сахнасының тарландарына жұртшылық атынан жасы 90-ды алқымдап қалған Тәшенова Сапура қажы құрмет көрсетті. Тақия кигізіп, орамал жауып, ақ батасын берді.

Балғынбек пен Жандарбек  онекі айдың сұлтаны Рамазан айын, ұлттық  құндылықтарымызды  ұлықтап, сиясы кебе қоймаған өлеңдерін оқыды. Олардың от басы, ошақ қасындағы бала тәрбиесіне, ата-ана рөліне  қатысты тағылымды әңгімелері  талайларға ой салды.  Сызылта ән салған Сара өзге қырынан танылса, Айнұр кестелі жырларымен бөлектенді.

Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің түлегі Дәулет Құрмаш пен тараздық  Әсет Дүйсебай арасындағы достық рәуішке толы сөз қағысы көрермендердің айызын қандырды.

Ал айтулы төрт жыр сүлейінің өзара айтысуы сахна көрігін қыздырып, кеш ажарын аша түсті. Тапқырлыққа,  әдемі әзіл-қалжыңға құрылған жыр шумақтары төгіліп, қоғамдағы келеңсіздіктер, өзекті  мәселелер де назардан тыс қалмады. Мәселен, Айнұр «Бес бала тапқан анаға, Екі бөлмелі пәтерден, Берілу керек ең кемі. Баланың жасы тыйылмай, Анаға бақыт бұйырмай, Дамыған мемлекет деуіміз, Ешкім сенбейтін ертегі», дей отырып, көпбалалы отбасылар жайлы кеңінене толғады.

Халықтың көзайымына айналған айтыс өнерін насихаттау, жергілікті жас ақындарға қолдау көрсету, көпшілікке рухани қайнар бұлақтарымыздың мән-маңызын түсіндіру мақсатын діттеген кеш көрермендер көңілінен шықты.

Солтүстік Қазақстан облысы