Премьер-Министр Асқар Мамин бұл игі істің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынғанын атап өтті. «Өңірлік және жалпы дамуды көздейтін ортақ палата Елбасы бастамасымен ұсынылған болатын. Қазақстан Үкіметі бұл бастаманы алдағы уақытта дамытуға, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға барынша күш салады. Аталған шаралар түркі елдеріндегі жеке сектор үшін де өте тиімді, енді бұл ынтымақтастықтан нақты нәтиже күтеміз», деді Премьер-Министр. Оның айтуынша, түркі елдері Сауда-өнеркәсіп палатасының негізгі мақсаты – құрамына кірген елдер арасындағы экономикалық байланысты дамыту әрі нығайту. Ал ортақ палатаға қосылған елдер ортақ міндеттерді бірлесе анықтамақ. Атап айтқанда, түркітілдес мемлекеттерде өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын дамыту; сауда, қызмет көрсету, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпорындар, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, ішкі туризм және қолөнер саласы, кеден, көлік, ақпараттық технология және басқа да өзара тиімді салаларды дамыту; Түркі елдері кеңесіне мүше мемлекеттердің экономикалық және іскерлік мүдделерін қорғауға бағытталған ұсыныстарды әзірлеу, өзара инновациялық мүмкіндіктерді алға тартып, бірлескен кәсіпорындарды дамытуға атсалысу; түркі елдері арасындағы тауар тасымалын жолға қою, сондай-ақ өзара тауар және қызмет түрлерімен алмасуға тосқауыл болатын кедергілерді жою, т.б.
Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев Қазақстанда құрылған түркі елдеріне ортақ палатаның оған қосылған мемлекеттер арасындағы сауда-өнеркәсіпте ғана емес, туризм, білім және басқа да салаларда тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызды құралы болатынын жеткізді. «Бүгінгі басқосу елдердің экономикалық, сауда-саттық салаларындағы достығын нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», деді Б.Әміреев. Сондай-ақ ол Түркі елдерінің кеңесіне қазіргі таңда төрағалық етіп отырған Қырғызстан болғандықтан, кеңестің келесі саммиті Бакуде өтетінін айтты. Қазан айына жоспарланған ауқымды шара кеңеске мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығына бағытталмақ.
Ал Әзербайжан Ұлттық кәсіпкерлер (жұмыс берушілер) конфедерациясының президенті Мамед Мұсаев палатаның шетелдік инвестицияны тартуға зор ықпал ете алатынын айтты. Бұл үшін Түркі кеңесін де мүше мемлекеттердің бірлескен инвестициялық қоры құрылмақ. «Түркі кеңесінің бизнес форумында Түркітілдес елдердің жаңа инвестициялық қорын құруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан бүгінгі құжатымыз Түркітілдес елдерінде орта және шағын бизнес, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға және тағы басқа салаларда өзара ынтымақтастық орната отырып, дамуға серпін береді», деді М.Мұсаев.
Айта кетейік, бүгінде түркі елдерінің ІЖӨ көлемі 1 трлн доллардан, халқының саны 150 млн-нан асады. Бұл елдер жыл сайын 260 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттайды. Өз кезегінде, ортақ палата осы елдер арасындағы өнім өндірісін арттыру үшін негіз болады, яғни ұжымдық импорт алмастырушылықты қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ отырысқа қатысқан сарапшылардың сөзіне сенсек, бірнеше елдің басын қосқан палата арқылы нарықта Қытай, Ресей секілді ірі елдермен иық тіресіп, тіпті оларға тауар экспорттай аламыз.