Сенбі, 27 сәуір 2013 2:57
Қазақ тарихында «Ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген тіркесті сөздермен орныққан мерзім бар. Ол – XV-XVIIІ ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы. Кейде «қазақ-қалмақ соғысы» деп те айтылатын осы тарихи оқиға туралы сөз қозғағанда алдымен ойға оралатыны, ел аузында сақталып, кейінгі ұрпаққа жеткен мына жолдар:
Сенбі, 27 сәуір 2013 2:57
Қазақ тарихында «Ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген тіркесті сөздермен орныққан мерзім бар. Ол – XV-XVIIІ ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы. Кейде «қазақ-қалмақ соғысы» деп те айтылатын осы тарихи оқиға туралы сөз қозғағанда алдымен ойға оралатыны, ел аузында сақталып, кейінгі ұрпаққа жеткен мына жолдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек,
Әлтекеде Жидебай,
Қарашорда Сеңкібай.
Міне, осы есімдері аталған бабаларымыз, біз көрсеткен дәуірде елі мен жерін төніп келген жаудан қорғап, жан аямай күрескен, өз заманының өр тұлғалы алыптары. Термелі сөзде тұғырлы тұлғалар толық қамтылмаған. Бұқар жырауда:
Қара Керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек.
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Тігеден шыққан Естербек,
Шапырашты Наурызбай, –болып жалғасып кете береді. Тілімізге тиек етіп, мысал ретінде ұсынған, ел туындысының да, Бұқар жырау толғауының да аталмыш нақылдың астарын ашып, ақиқаттығын айқындап тұрғандығы анық. Олай болса, осы ойымыздан туындайтын тұжырым, атадан балаға мирас болып, есімі мен ерлігі бүгінгі таңға жеткен, халық батырларының елге сіңірген еңбегін мүмкіндігінше дәріптеу басты міндеттердің бірі болуға тиісті.
Жоғарыдағы айтылған Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Жидебай, Сеңкібай – бұлар ел басына қатер төнген кезде дұшпанға қарсы күреске шығып, халқының қамы үшін жанын шүберекке түйіп, аянбай айқасқан заманының ардақты азаматтары болып табылады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен елге танылған тұлғалардың басым бөлігі зерттеліп, зерделенгенімен бір тобы әлі де болса анық айқындала қойған жоқ. Міне, олардың өмір жолы мен еліне сіңірген еңбегін ашу, көпшілікке таныту бүгінгі ұрпақтың міндеттерінің бірі болмақ. Жоғарыдағы келтірілген ырғақты жолдардың біріндегі Әлтекеде Жидебай, Қарашорда Сеңкібай толық әрі жан-жақты танылып үлгермеген тұлғалар. Осыған орай біз Әлтеке Жидебай туралы түйгендерімізді ортаға салғанды жөн көрдік.
Қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінің солтүстік беткейінде шамамен 14-15 шақырым жерден өтетін Шерубай Нұра өзенінің бойында Жидебай батырдың кесенесі тұр. Көне мазардың басына қойылған көктаста өмір сүрген кезеңін XVIІ ғасыр деп көрсеткен еді. Кейін кесенесі көтерілгеннен соң аңыздағы айтылғандар мен тарихи деректерді сарапқа сала келіп, 1713-1813 жылдар аралығы деп белгіледі. Бұл, әрине, көңілге қонымды пікір. Себебі, батыр жайлы ел аузындағы сақталып жеткен әңгімелердің бір бөлігі тарихи үлкен тұлға Абылайханның есімімен байланыстырылып айтылады. Мына бір аңызға құлақ түріп көрелік.
Бірде Абылайхан бір топ нөкерлерімен келе жатып, төбенің беткейінде атын жайылымға жіберіп ұйықтап жатқан адамды көреді. Жаугершілік уақытта қорықпастан айдалада жалғыз жатқан жанға әрі таңырқай, әрі ойлана қараған хан нөкерлерінің бірін біліп келуге жіберіпті. Барып келген сарбаз:
– Хан ием, ұйықтап жатқан батыр тұлғалы жас жігіт екен, екі жақ қойынында екі түлкі ойнап жүр, солардан қатты сескендім, жақындап бара алмадым, – депті.
Мұны естіген хан өзі барып қараса әлгі нөкердің айтқаны рас болып шығады. Іле-шала ордасына қайтқан Абылай батырды таптырып, қасына алғызыпты. Арада бір ай шамасы уақыт өткен кезде әлгі түлкіні көрген нөкердің екі көзі су қараңғы соқыр болып қалады. Таңырқаған хан Жидебай батырдан:
– Ана сарбаздың көзі неге көрмей қалды? – дегенде батыр:
– Менің әулиелігімді байқататын түлкілерімді көрген шығар, – дейді.
Сонда Абылай қайтадан:
– Ал, оларды мен де көрдім, бірақ, көзім аман ғой, – деп сұраулы жүзбен қарағанда:
– Сіздің бойыңыздағы қасиет арыстандай айбатты екен, сондықтан көзіңізге зақым келген жоқ, – деп жауап беріпті.
Әрине, бұл ел аузында сақталып жеткен аңыз ғана. Ал, аңыздың дәйекті дерек бола алмайтындығы тағы белгілі. Десек те, ұлттық руханияттың жанашыры М.Ж.Көпеевтің «Қазақ шежіресі» деген еңбегінде: «Біреудің пышақ, шақпағы бара жатқанда түсіп қалған болса, айсыз қараңғы түн болсын мейлі, жауын-шашын, боран болсын мейлі, жүріп келе жатып, найзасын жерге шаншып тұра қалады, ал осы жерді қарай ғой дегенде, қалған құтқан нәрсесін тауып алады екен.
– Сен осыны қалай табасың? – дегенде жанға сырын айтпайды екен. Жалғыз-ақ Абылайхан айта береді екен:
– Осының қызыл түлкісі бар, – деп жазған болатын.
Жидебай батыр Абылайханның замандасы болғандығын М.Ж.Көпеев те нақтылай айтқан екен. Сонымен бірге, батырдың көріпкелдік қасиеті болғандығын жасырмайды. Ол да Жидебайдың дара сипаттарының бірі. Мұндай ерекшелігі бар адамдарды халық әулие санаған. Сондықтан, Жидебай көпшіліктің қиялында елі мен жерін жаудан қорғаған батыр ғана емес, әулие, қасиетті тұлға ретінде де сақталып қалған. Оның аңыздағы көрінісі қос қызыл түлкі арқылы бейнеленеді. Мұны жоғарыдағы әңгімеден де аңғаруға болады. Тағы бір қызығы осындай аңыздың желісі күні кешеге дейін сабақтастығын жоғалтпай жалғасын табуында жатыр. Тағы бір әңгімеге назар аударып көрелік.
ХХ ғасырдың 70-жылдарында Жидекең мазарының тұсынан өтіп бара жатқан аттылы адам түлкіні көреді де соңынан еріп келе жатқан тазыларын айтақтайды. Иттер баспай қойғаннан кейін атын тебініп қалып өзі қашқан түлкіні қуа жөнеліпті. Әлгі адамның аңшылығы бар екен. Тәсілдің түр-түрін қолданып, түлкіні алам дегенмен соққызбапты. Арқан бойы аралықты ұстап төбені айнала қашқан аң атты әбден болдыртып барып, бір тасты тасалана бере жоғалып кетеді. Аң-таң қалған жолаушы сонда ғана Жидекеңнің әруағының түлкі болып көрінетіндігі есіне түсіп, мазарының басына аз уақыт аялдап, аят оқып аттаныпты.
Сабақтастықтың ғасырдан ғасырға жалғасын табуы Жидебай батырды халықтың айрықша құрмет тұтуында жатыр. Қазақ-қалмақ соғысы айтуға жеңіл болғанмен ақтабан шұбырындыға душар еткен жекелеген рудың емес, жалпы жұрттың басына қара бұлттай төніп, ажал оғын жаудырған зұлмат жағдай еді. Сондай сұмдық жаудың торынан халқын аман-есен алып шыққан осы Жидебай тәрізді тұлғалары болатын. Әрине, ондай асыл жандарды көпшілік әсте естен шығаруға тиісті емес. Өйткені, ондай тұлғаларды сол елдің өзі туғызады. Ғалым Әлкей Марғұлан халық батырлары жайында өз ойын тұжырымдай келе былай дейді: «Тарихи дәуірдің әлеуметтік жосындары, тұрмыстық тілегі, бейбітшілікпен күн кешуді арман етуі – елдің ең ізгі тілегі еді. Бірақ, халық көксеген бұл тілек өткен жаугершілік замандарда ұзақ ғасырлар ішінде орындала қоймайды. Көрші отырған жұрттардың бірімен бірі жауласуы ел қорғайтын алып ерлерді аса қажет етті». Олай болса, Жидебай батыр да көптің талап тілегіне орай заманы туғызған тұлғасы болды.
Сонымен, халықтың санасына орныққан батыр бейнесінің бір қыры осындай әулиелігі болса, келесі қыры шешендігі. «Батырды жауда сына, шешенді дауда сына» деп халық даналығы айтқандай, Жидебай батырдың от ауызды, орақ тілді сөз шебері болғандығын айғақтайтын әңгімелер де баршылық. Дегенмен, соңында қалған мұрасы бүгінгі таңға толық жетпеген, тарихтың түрлі тосқауылдары кедергі болып, ұмытылған. Оның өз заманының озық шешені болғанын әрі замандасы, әрі жақын досы, Тобықты Қарамендемен сәлемдеме арқылы жауаптасуынан да аңғара аламыз. Әңгімеге назар аударып көрелік.
Жасы тоқсаннан асқан шағында Жидебай батыр досы Қараменде биге Бөлтірік деген баладан сәлем айтады.
Тобықтының басы еді
Қараменде,
Сергек туар дәл ондай
дара пенде.
Асыл сөзден тең буған
мың тоғанақ,
Орта жүздің құты ғой
қара көмбе, –
деп ұзақ ойланып отырып, әрі қарай былайша жалғастырыпты:
Аққан бұлақ,
Жанған шырақ,
Бар екен де жоқ екен.
Төрт нәрседен үміт бар,
Бір нәрседе үміт жоқ,
Қара сақал әкем бар,
Қара шашты шешем бар,
Жеті жетім жан қинар,
Бес атаның малын іздеп,
Әуре болған жайым бар.
Жетпіс торғай шырылдайды,
Сексен балапан ұяда жатыр,
Тоқсан жұмыртқаның қашан
жарылары белгісіз.
Осы жұмбағымды
шешіп берсін.
Мұны естіген Қараменде былай деп шешеді:
«Аққан бұлақ – тоқтаусыз өтіп жатқан өмір, жанған шырақ – қуғанымен жеткізбес дүние, Бар екен де жоқ екен – дүниенің жалғандығы, төрт нәрседен үміт бар дегені: ауру жазыламын деп үмітті, жарлы байырмын деп үмітті, қашқан құтыламын деп үмітті, қуған жетемін деп үмітті, бір нәрседе үміт жоқ дегені – қарттық болар, қара сақалды әкесі – өзінен туған баласы болар, қара шашты шешесі – келіні болар, баламен келінге қарап қалған екен-ау, қайран ер! Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойсын. Жеті жетім дегені: ұша алмаған құс жетім, шаба алмаған ат жетім, қатары кетсе қарт жетім, анасыз қалса жас жетім, ақылсыз болса бас жетім, елсіз қалса бел жетім, ерсіз қалса ел жетім. Болған іске болаттай берік болсын. Бес атаның малы – жайнамазы, тәсбиғы, мүсуәгі, орамалы, кездігі болар. Шапанының кеуде тұсына төс қалта, ішкі жағына қос қалта, екі жағына жан қалта салдырсын.
Жетпіс, сексен, тоқсан жас,
Талай ерді тосқан жас,
Қашпасын да саспасын,
Қасқайып көрсін қайран бас!»
Тұспалдап сөйлеп, турасын айту, екінің бірінің шамасы жете бермейтін ерекше құбылыс. Шешендік шарттарын осыншама игеру дегеніміз тіл шеберлігінің шыңына шықты деген сөз. Жасы жүзге жуықтаған қарияның өз тыныс-тіршілігін осындай астарлы сәлемге тоғыстырып, замандасына жеткізуі Қараменденің ол жұмбақты ой тереңіне бойлай отырып, әдемі де әсерлі тілмен шешуі шешендік жауаптасудың озық үлгісі болып табылады. Міне, Жидебай батырдың осы сәлемінің өзі-ақ оның шешендік деңгейінің жоғары болғандығын айқындап тұр. Сонымен қатар, сөз қасиетін жетік білген батыр пернелі сөйлеуге де айрықша назар аударған тәрізді. Ел аузынан жеткен әңгімелердің бірінде қартайып, қос жанарынан айырылған Жидекең көңілін сұрай келгендерге:
Жасымның жүзге жеткені,
Алты алаштың алғысы,
Қос жанардың кеткені,
Қарақожаның қарғысы, –
деп айтып отырады екен. Әңгіменің тарихы бір басқа, бұл жердегі мәселе Жидекеңнің батыр ғана емес, өткір тілді сөз шебері болғандығында жатыр. Сондықтан, баба туралы әңгіме қозғағанда әрі батыр, әрі шешен, әрі әулие Жидебай Қожаназарұлы деп нақтылай айтқан дұрыс тәрізді. Біз, Жидебай Қожаназарұлының әулиелігі жайлы пікірімізді айттық, шешендігі жайлы деректерді келтірдік, енді батырлығына байланысты әңгіме қозғап көрелік.
«Егемен Қазақстан» газетінде (4 сәуір, 2010 жыл) танымал ғалым, алаштың айтулы азаматтарының бірі Мырзатай Жолдасбековтың «Жидебай батырдың 300 жылдығы атаусыз қалуға тиіс емес» деген мақаласы жарияланды. Онда: «Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Ханшеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып, ерлік көрсеткен, Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде – мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Талдықорған, Құлжа, Алатау, Талғарды азат еткенде – әскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған», деп жазады. Айналдырған екі сөйлемнің бойында қаншама тарихи дерек, қаншама қажетті мәлімет жатқандығы айқын аңғарылып тұр. Қандай пікір айтса да, ойын қорытып, көзін нақты жеткізіп барып айтатын ғалымның бұл тұжырымында Жидебайдың жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен елге танылған батыр болғандығы жайлы анық байлам жатыр. Бұл – бір. Екіншіден М.Ж.Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» еңбегінде: «Абылайхан үш жүздің баласы қазаққа хан болғанда Әлтеке Сарым Жидебай атақты батырының бірі болып, Абылайханға қолбасы болған екен» деп жазған. Жай ғана қатардағы батыр емес, атақты батыры болған деп екпін түсіріп айтады. Міне, осы пікірлердің өзінен-ақ Жидекеңнің XVIІІ ғасырда заманының өр тұлғалы қолбасшысы болғандығын нақтылай түседі.
Сонымен, біз елімен жерін жоңғар шапқыншылығы кезінде жаудан қорғауда ерекше көзге түскен, ерен батыр Жидебай жайында әңгіме қозғадық. Үстіміздегі жылы батырдың туғанына 300 жыл толады. Халқының бір туар перзентін еске алып, атап өту бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған парызы деп білеміз.
Алдағы кезеңде Жидебай батыр туралы әлі де көп зерттеулер мен талдаулар жүргізіледі деп ойлаймын. Қадірменді оқушы қауым сіздердің білетін тың деректеріңіз болса құба-құп қарсы аламыз. Тамыз айында Қарағанды облысының, Ақтоғай ауданында Жидебай батырға арналған кездесулер, Жидебай округінде ескерткіш орнату, арнайы кітап шығару басқа да мәдени шаралар өткізу көзделуде. Шараларды ұйымдастыруға кететін қаражатты батыр бабаның ұрпақтары көтеріп алады.
Рымбек ЖҮНІСҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.