• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2013

Алаш әскері

1297 рет
көрсетілді

Алаш әскері

Сейсенбі, 7 мамыр 2013 2:29

Хан Кене шәйіт болғаннан кейін қазақ баласы қалың жасақ болудан қалды. Байтақ даланы қусырған Ресей билігіне қарсы шыққан, әр жерде бір тұтанған отты ошақтар болмаса, жалпы жұрттың ат құлағында ойнағанымен, атты әскер болуға да, қару ұстауға да құқы жоқ болатын. Қаптаған қарашекпенді қазақты құнарлы жерінен қуып қана қоймай, қақысын да алып қойды. Мұндай кері кеткен заманда бұратанаға айналған ұлттың қорғаушысы да, қолдаушысы да – оқығандар еді. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары түрлі амал-шарғылармен қазақтың қақысын алып беруге амал қылды.

Сейсенбі, 7 мамыр 2013 2:29

Хан Кене шәйіт болғаннан кейін қазақ баласы қалың жасақ болудан қалды. Байтақ даланы қусырған Ресей билігіне қарсы шыққан, әр жерде бір тұтанған отты ошақтар болмаса, жалпы жұрттың ат құлағында ойнағанымен, атты әскер болуға да, қару ұстауға да құқы жоқ болатын. Қаптаған қарашекпенді қазақты құнарлы жерінен қуып қана қоймай, қақысын да алып қойды. Мұндай кері кеткен заманда бұратанаға айналған ұлттың қорғаушысы да, қолдаушысы да – оқығандар еді. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары түрлі амал-шарғылармен қазақтың қақысын алып беруге амал қылды. Соның бірі – қазақты әскер қатарына алдыру болатын. Славян жұрттарымен, казактармен қатар атты әскер сапына алынар болса, қазақ қазына меншігіне айналған өз жеріне деген құқына ие бола ма деген үміт бар еді… Мемлекеттік Дума мінберінде қойылса да мәселенің мәнін империяның ішкі және сыртқы қауіпсіздігі тұрғысынан сараптаған патша шенеуніктері шешімдерін шығарып қойған еді: «болмайды!» Халықтың қорғаны болуға жандарын салған Әлихан Бөкейхан бастаған тегеурінді саяси күш қалыптасқанда тарих дауылы мүлде басқа жақтан соқты. Ақпан төңкерісінен соң Ресейдің болашағын түрлі көзқараста көре бастағандар арасында бітіспес күрес басталды.

…Аумалы-төкпелі дүниеде қазаққа екі тізгін, бір шылбыр болып дүниеге келген Алашорда үкіметінің бір тірегі әскер күші болатын. «Отансыз жұрт отанды болған» (Ә.Ермеков) ІІ жалпықазақ құрылтайы 1917 жылдың 5-13 желтоқсаны аралығында Орынборда өтті. Жиынға жарты айдан астам уақыт қалғанда «Қазақ» газеті арқылы бар атыраптағы игі жақсыларға шақыру айтылды. Жеделхат түрінде берілген үндеуде Ресейдегі саяси тұрақсыздық жағдайында қазақтың елдігі мен жерін қорғау үшін «қазақ милиция­сын құру» және тағы басқа өзекті мәселелер қаралатыны айтылды. Үндеуде «Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ халқы құрбан болады» деп жазылды. Қарусыз қазақтың қосақ арасында кететіні анық болатын. Осы жиында Алаш автономиясы және Алашорда ұлт кеңесі құрылды. Ресейдегі саяси ахуалдарды ескерген зиялылар автономияны жариялауды бір айға кешеуілдете тұруды ұйғарады. Мұның мәні Түркістан губернияларындағы қазақтардың қосылуын күту әрі Алашорданың ұлт кеңесін үкімет ретінде Ресейдің жалпы құрылтайында ресми түрде таныту болатын. Бұл аралықта «Қазақ» газетінің бас жарияланымдарына айналған «Саяси хал», «Демагогия» мақалаларымен Әлихан бастаған ұлт көсемдері елдегі социалис­тер арасында басымдыққа ие болған большевиктік анархияны жіті сараптап отырған. Әсіресе, соғыстан қарумен қайтқан орыс мұжықтарының көптігі мен олардың тасырлығынан қазаққа бейқам қалуға болмайтынын ашып айтты. Бұл – Алаштың әскерін даярлай беруге бірнеше қадамдар жасатты. Орынбордағы юнкер школымен келісімге келісті. «Қазақта» жарияланған «Офицерлер даярлау» атты мақалада (1918, №259) аталған мектептің атты казактарға қоятын талабы қазақ балаларынан алынып тасталғаны, тек сауатты, орыс тіліне жетік болса болғаны деп ұйғарылып, оқуға бірінші кезекте 24 бала алынып, 1 ақпанда сабақ басталатындығы жазылды. Дегенмен, орыс элитасымен қатар Алаш зиялылары үлкен үміт еткен Петербордағы Бүкілресейлік құрылтайды Ленин бастаған большевиктер күшпен таратып жіберді. 1918 жылдың 5 қаңтарына белгіленген жиынға 500-ден аса депутат жиылған болатын. «Николай түскеннен бері жұрттың сүйенген, таянғаны құдайдан соңғы – құрылтай еді. Құрылтай басына бұтын көтеріп, большевик сарыды» деді күйінген Әлекең. (Ә.Бөкейханов. Шығармалар. Алматы, 1994). Автономия жария­ланбай қалды.

18 қаңтарда Орынборды большевиктер басып алды. Уфа отрядын басқарған Ә.Жангелдин жанына қосшылыққа М.Тұнғаншинді алып Орынборда большевиктердің билігін орнатуға кірісті. Алаш зия­лылары 1918 жылға таман Семей қаласына ойысты. ІІ жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысымен Семей Алаштың уақытша тұратын орны болып белгіленген. С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» Алашорда бастықтарының осы кезде Ақмола уезін басып, Семейге өткенін жазады. Әлихан күні бұрын тап басып айтқандай, большевиктер Орынборды тонап, бейбастақ әрекеттерге барды. Ал Семейдегі жайды Жүсіпбек Аймауытов: «Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр» («Абай», 1918, 19 мау­сым, №6) деп білдірді. Жазға салым Самарада Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (Комуч) құрылды. Алаштанушы Кеңес Нұрпейісов еңбегінде жазылғандай, 1918 жылдың 8 қыркүйегінде Уфада ашылған Ресейдің мемлекеттік құрылтайы Алаш автономиясын ұлттық республика ретінде таныды. Бұл – көптен күткен сәт болатын. Жиыннан Әлихан Бөкейхан сүйінші сұрап жеделхат жолдады: «Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармаңыз. Алашорда бастығы Бөкейханов» («Абай», 1918, 25 қыркүйек, №10). Бұған дейін де әскер құру жұ­мыстары қал-қадерінше тың­ғы­лықты атқарылып жатты. Се­мейдегі Алаш әскерін жасақтау 1918 жылдың қаңтар айынан бас­талды. Өйткені, Алашорданың Орталық комитеті Семей қала­сының Заречная Слободка атты бөлігіне осы уақытта орналасып жатқан-ды. Семей жұртшылығы арасында Алаш атауымен белгілі бола бастаған қаланың маңындағы қырда І Алаш атты әскер полкі жасақталып, жаттыға бастады. Алаш жасағының алғашқы құ­ра­мына Семейдегі семинария студенттері мен түрлі орындар­да жұмыс істеп жүрген жастар (М.Әуезов, Ж.Аймауытов сынды) өз еріктерімен енді. Бұл жө­нінде «Қазақ» газетінде (№262, 30 маусым, 1918) жарияланған Ж.Жәнібековтің «Алаш құрбан­да­ры» мақаласында біраз жайтқа көз жеткізе аламыз. Яғни Мір­жа­қып әйгілі «Тұңғыш құрбан» өлеңін арнаған жас шәкірт Қазы Нұрмұхамедұлы қарусыз әскер ойынында қапыда қаза табады және Қытай шекарасында, неміс шебінде болып, соғыс өнерін жетік меңгерген, большевик лаңы шыққанда Алаш офицерлерінің қатарынан табылған штабс-капитан Нұғман Сарбөпұлын Кашпиринский отрядының большевиктерге болысқан әскері алдап қолға түсіріп, айуандықпен өлтіріп кетеді. Мақалада жазылғандай, большевиктердің Алаш әскеріне алғашқы оқ атуы 1918 жылы 6 наурызда орын алды. Семейдегі атты әскердің жаттығу жұмыстары өзге саяси-әскери күштерге Алаштың кәсіби әскерінің құрылғанын көрсетті. Алаштың алғашқы жасақтары қатарында қаңтар-ақпан айларында Верныйда ұлттық қарулы күш құрылды («Қазақстан тарихы», 4-том, «Атамұра», 2010). Көп кешікпей наурыз туғанда Жетісуда Кеңес өкіметі орнағандықтан бұл бөлім қарусыздандырылып, таратылды. Ресей құрылтайында қол жеткізген одақтастық келісімдер нәтижесінде, Алашорданың Торғай бөлімшесіне 1918 жылы қыркүйекте 300 берденке, 20 мың патрон және көп мөлшерде киім-кешек бөлінді. Қостанай мен Ырғыз уездерінде екі атты полк құруға атаман Дутов көмек қолын созды. Қостанай бөлімшесіне Бейімбет Майлин сияқты көптеген оқыған жастар өз еркімен кірген болатын. Б.Майлиннің «Еліме» деген «Сарыарқада» басылған өлеңі осы сәтте туған еді. Алайда, олар қаруланып үлгермегендіктен қызылдарға қарсы ұрыстарға кеңінен қатыса алмады.

1918 жылдың мамыр айында Семейден Алашорда үкіметінің атынан А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Р.Мәрсекұлы және С.Аманжоловтар Ақсуат, Бақты өңірі арқылы шекара асып, Қытайдағы Шәуешекке сапарлады. Мұның бір қыры шеттегі қазақтарды Алаш туының астына біріктіру болса, екіншіден, Шәуешектегі Ресей консульдығы арқылы большевиктерге қарсы күрес жүргізуге қытай өкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге барған болуы мүмкін. Ш.Аманжолова мен М.Әбдешовтің жазуынша, Садық Аманжолов Жетісу жері мен Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға басшылық жасаған («Жетісу» энциклопедиясы, «Арыс», 2004, Алматы). С.Аманжолов қызыл әскерлермен болған шайқастардың бірінде ауыр жараланады.

Күнбатыс Алаштың да әскері һәм оның прапорщиктерін даяр­лайтын школы болғанын С.Сей­­­фуллин 1923 жылғы іссапары барысындағы «Жымпиты уезі – Алашорда ойнағы» атты мақа­­­­­ласында әжуалап жазған еді. Алаштың батыс бөлімшесінің басшылары Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Құрылтай жиналысы комитеті арқылы 600 винтовка мен пулемет алды және 2000 адамнан тұратын қазақ әскерін жедел ұйымдастыруға уәде етті. Орал өңіріндегі Алаш әскерінің іс-қимылын жазып қалдырған А.Ипмағамбетовтің естелігіне сүйенсек, әскери үкіметпен одақтасқаннан соң олар далада большевизм тамырын жоюды қолға алды. 1918 жылдың жазында жазалаушы жасақтар құрып, әскери-далалық соттар ұйымдастырады. Мәселен, осындай соттың үкімімен Орал облысынан 30 қазақ большевикті ату жазасына кескен. Тағы да түрлі жазалар қолданған. Күнбатыс Алашорданың әскери-далалық сотының төрағасы Е.Көпжасаров болғаны айтылады. Осы әскердің туы Ақмешітте өткен Советтің 5-съезінде сахнаға ілінген екен. Алаш азаматтарының кеңес өкіметіне ішкі саяси қарсылығы көрініс берген бұл уақиғаны Сәбең «Алаш туының жыртылуы» деген тақырыппен өзінің мемуарына арқау етті. «Лә иләһа илла-алла, Мұхамәдүн Рәсул алла», «Алаштың Ойылдағы атты полкі», «Жасасын Алаш автономиясы!» деген жазулар кестеленген, шұғадан тігілген жасыл туды сахнадан жұлып алып, аяғының астына басып дал-дұл жыртқан большевик Угар (Мұқатай) Жәнібековтің көп ұзамай қайтыс болуы да жұмбақ дүние. Кім біледі, мүмкін жыртылған байрақтың киесі шығар?!.

1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазақ халқы «солдат» деген сөзден үркіп қалған еді. Зиялылардың «Алаш әскері» атауын «милиция» сөзімен алмастырып қолдануы осы себептен болуы мүмкін. Дәуірдің көңіл-күйін көрсететін Сәбеңнің мемуарында Алаш милициясына адам жинау ісі жазылады. Аққусақ болысы, миллионер Әлтидің Садуақасы ауылында 1918 жылдың маусым айының соңында өткен жиында құрамы жүздей болатын Алаш азаматтарының қандай үлкен, биік құрметке ие болғандығы, оқыған азаматтарға деген төрт тараптан келген елдің ықыласы болса-дағы әлденеше күн кеңестің жеме-жемінде әскерге жігіт бергісі келмеген жұрттың райы танылады. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан әскер тарапында нақты қадамдар жасап, іске кірісті. Семей уездік земство басқармасының төрағасы А.Қозыбағаровқа жіберген қатынас құжатында Алаш милициясына уездің әр болысынан 30 адамды алу, оларды Семейге жедел жеткізу жөнінде тапсырма жүктейді. Алаштанушы ғалым Е.Сайлаубайдың ШҚО мұрағаттарынан алған деректеріне сүйенсек, Алашорда әскері құра­мына шақырылуға тиіс 30 адамды кейбір болыстар жібермеген. Алашорда әскерін жасақтау оңайға соққан жоқ. «Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады» дегендей, оқығандардың сөзі халыққа бірде жетіп, бірде жетпей жатты.

1918 жылы большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жатқан ресейлік саяси күштер бірігіп, чех-словак әскерінің қолдауына сүйеніп, Орал, Сібір өлкелерін, Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс аймақтарын қызылдардан тазалауға кірісті. Алашорда әскерін одақтас көрген олар, оның нығаюына қол ұшын соза бастады. 1918 жылдың 18 маусымында тал түсте Алашорда басшылары мен әскери отряды Алаш қаласына келіп кірді. Әскери жасақтың саны 500 адам және олармен бірге орыс офицер-инструкторлары бар болатын. Семейде шығатын кадеттік «Свободная речь» газетінің жазуынша, келесі күні кешкі сағат 6-да Никольский шіркеуі маңындағы алаңға Алашорда әскері сапқа тұрғызылды. Уақытша Сібір үкіметінің Алашордамен одақтастығы негізінде әскерге болысуға келген офицерлері тарапынан сәлемдесу рәсімі өткізілді. Бұл кездесуге Ә.Бөкейханның келуіне орай, Х.Тоқтамышевтың бұйрығымен атты әскер «Алла» деп ұран салады. Алаш атты әскерінің ақ түсті желбіреген туында «Жасасын Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысы», «Жасасын Отанның адал ұлдары» деген жазу кестеленген еді.

Тарихи деректерде бұл әскер күн санап молая түскені байқалады. Алаштанудың негізін салушы Кеңес Нұрпейістің еңбегіне сүйенсек, капитан Х.Тоқтамышевтың Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрі атына жазған хатында Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицер бар Алаш полкінің құрылып, Зайсанда қазақ милициясының 200, Павлодарда – 150, Қарқаралыда – 250, Өскеменде – 250 адамнан тұратын бөлімдері жасақталғанын, бірақ, оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешек жоқ екенін, ақша тапшылығы да орын алып отырғанын хабарлайды («Алаш һәм Алашорда», Алматы, 1995). Хамит – Омбының қазағы. Капитан шенін патша заманында алған екен. Әйелі орыс, одан туған бір қызы болған. Алаш әскерінің командирі болған Х.Тоқтамышев 1920 жылы қызылдар қолынан оққа ұшты. Қытай аспақ болған құрамында орыс, қазақ, башқұрт, татар, жиынтығы 45 адам, ішінде Хамит пен оның отбасы бар керуенді большевиктер Ақсуат ауданының Кіндікті елді мекенінде қолға түсіреді. Бәрін Көкпектіге әкеліп қамаған соң партизан штабы Семейге жеделхат жөнелтеді. Алайда, осынша адамды ауқаттандыру қиынға түседі. Сондай-ақ, оқыс әрекет жасай ма деп қауіптенген қызылдар Көкпектіден оңтүстік-батысқа қарай үш шақырым жердегі «Қара кезеңге» тұтқындарды айдап апарып, ор қаздырады. Шұңқыр дайын болғанда барлығын орға түсіреді. Ал Хамит пен қасындағы орыс офицерінің әйелдерін аяп, азаттық береді. Күйеулерімен құшағын жазбай тұрып алған сәтте үкім оқылып жатқан еді. Солдаттар да мылтық тұмсығын кезеп, шартпаларын қайырады. Осы сәтте Хамиттің әйелі қызымен бірге ор жиегіне қарғып шыққан болатын. Үкім орындалды. Ертеңінде келіп жеткен телеграммада «Барлығын Семейге жөнелту керек» деп жазылыпты… Біз бұл деректі айтыскер, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың «Қалбатау» (Алматы, «Мерей», 1997) кітабынан алдық.

Алаш әскері мен Уақытша Сібір үкіметі армиясының қарым-қатынасы Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Х.Тоқтамышев және Уақытша Сібір үкіметі мүшелерінің 1918 жылы шілде-тамыз айларындағы екіжақты кездесуінен соң жолға қойылды. Тарихшылар Алаштың атты әскерін Сібір армиясының бір бөлімі ретінде қарастырады. Екі жақтың да өз ұпайын түгендеткен бұл одақтастықтың уақыты келте болғанымен, тараптар бірқатар шайқастарда бір-бірінің бағасын да, кемшілігін де танып-білді.

Алаш полкінің Тарбағатайдағы іс-қимылы турасында Үржар ауданының Көктерек ауылының тарих мұғалімі Рамазан Нүсіпов («Абай», 2010, сәуір) ел арасындағы естелік әңгімелерді жинапты. Мұғалімнің жазуынша, Алаш сарбаздары аттың түсіне қарай сапқа тұрады екен. Олардың атпен сүйрейтін үш доңғалақты 14 зеңбірегі болған. Көшпелі асхананы да атпен тартып жүрген. Андреевка түбіндегі шайқаста Алаш полкі қатты шығынға ұшырағанда Анненковтың тың әскері жетіп, шабуылдағы қызылдарды қырып өтеді. Большевиктерге жергілікті мұжықтар болысқан екен. Сарбаздар Алаш гимнін шырқағанда Әлихан мен Анненковтың есімін де әнге қатар қосқан көрінеді:

Анненков – атаман,

Қолдай гөр жасаған.

Алашпыз жауынгер,

Қорықпаймыз жауыңнан, – деп келсе, әрі қарай:

Біз Қали Арыстан,

Долданса қоймайтын.

Алға ұмтыл, ер алаш,

Елің бар қорғайтын!

Әлихан, Әлихан -

Алаштың серкесі

Ел қамын ойлайтын!, – делінеді.

1919 жылы кескілескен ұрыстан соң Черкасскіні қызылдардан алған Анненков осы жеңістің құрметіне сарбаздар арасында палуандар күресін өткізді. Сонда бүкіл балуанды жыққан Аягөздің жігітіне «Сенде тоғыз аттың күші бар екен. Мұнда бір оққа ұшып кетесің» деп қазақы киімін киіндіріп үйіне қайтарып жібереді. Анненковтің Алаш әскерімен бірге жүргізген соғыс қимылдарын «Сарыарқа» газеті жазып отырды. Алаш газеттері атамандардың қазақ ауылдарына жасаған зорлығын да бүкпеген. Қазаққа зәбірі өткен Жетісу казактарының атаманы Афонов болатын. Ол «автономия алмаққа жармасады» деп Алаш қайраткерлерін жек көретінін жасырмады.

Алаштың алғашқы әскері Алтай губерниясында Рубцовск майданында большевиктерді қудалауға қатысады. Олардың қатарында Алаштың ерікті ақ гвардияшыл атты әскер полкының бас қолбасшысының көмекшісі әрі ұйымдастырушысы қызметін атқарған Халел Ғаббасов та бар еді. Оған полковник Қараевпен қатар алғыс берілді. Алаш әскері орыс офицерлерінің басқаруымен Андреевка, Үржар, Ново-Покровка, Лепсі, Сарқан және Покотиловка сынды жерлерде қызылдармен қызу шайқасты. Сарбаздардың шайқастағы ерліктері туралы «Сарыарқа» газетінде «Қазақ қалай соғысады?» деген мақала жарық көрді. Онда жекелеген жауынгерлердің әскери тапсырманы мүлтіксіз орындағаны, ерлікке, тапқырлыққа толы болмыстары баяндалады.

Осы алқапта жүрген ұрыстарда қасындағы бір топ серігімен Көктұма-Бақты шекара қақпасына Алашорданың көрнекті қайраткері Отыншы Әлжанов тіке тартады. Жолда тұтқындағы Шәкәрім Құдайбердіұлын босатып алады. Алайда, қызылдармен кездесіп қалған ол Үржардың жанындағы Науалы ауылында аянбай соғысып, серіктері түгел оққа ұшқан соң жеңіл қол пулеметпен ағаш диірменге бекінеді. Жаралы Шәкәрімді құтқарып жібереді. Жақын келген қызылдарды жусата берген соң, партизандар диірменді өртеп жіберген. Отыншы осындай жағдайда қаза болады.

Осы тұста Алаш әскерінің дәрігерлері жайлы бір-екі ауыз сөз айта кету жөн сияқты. Қазақстанның денсаулық сақтау саласында есімі алтын әріптермен жазылуы тиіс ұлтымыздың алғашқы дәрігерлерінің бірі – Асылбек Сейітов. 1916 жылы Том университетінің медицина факультетін тәмамдаған Асылбек Алаш Орданың белсенді мүшесі болды. 1917-1918 жылдары М.Дулатұлы құрған атты әскер құрамында дәрігер болып қызмет атқарған. Яғни, соғыс қимылдарында жараланған қазақ баласын өлім аузынан арашалауға, әскер ішінде, ел арасында оба, сүзек, шешек сияқты жұқпалы аурулардың алдын алуға себін тигізіп, дәрігерлік көмек берген. Халықтың саулығы жолында баспасөз беттерінде ағартушылық жұмыстар жүргізген.

Алашордалық дәрігерлер қатарында тағы бір ғажап жан Әбубәкір Алдияров болды. Ол 1904 жылы Қазан университетінің медицина факультетін күміс медальмен бітірген білікті дәрігер. 1916 жылы Ә.Бөкейхан Петерборға барып, патша өкіметінің рұқсатымен «Земскі одағы» ұйымы арқылы майдан қара жұмысындағы қазақ жігіттеріне қамқорлық бөлімін аштырғанда, осы ұйымға қатысуға М.Дулатұлы мен Ә.Алдияровты шақырады. Бұл жөнінде «Қазақ» газетіне Н.Қаймекұлы: «Доктор Әбубәкір Алдияров жақсы қарап, көп пайдасы тиіп тұр, ерінбей еткен қызметі үшін тәңір жарылқасын айтамыз» деп жазды.

Сондай-ақ, 1900 жылы Мәскеу университетінің медицина факультетін бітіріп, «уездный лекарь» атанған Дәулетшах Күсепғалиев емханасына түскен қызылдар мен ақтардың жаралы жауынгерлерінің жанын сақтап қалу үшін аурухана шатырының үстіне оба ауруының белгісі ретінде қара жалау іліп қояды. Мұны көрген әскерлердің зәресі ұшып, алыстан қашады екен. Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, М.Сейітов сияқты жоғары білімді дәрігерлер Алашорда әскерінің құрылымында әскери госпитальдің рөлін атқарды.

Ғасыр жасап, ғақылиялы ғұмыр сүрген (1915-2013) Гүлнәр Міржақыпқызы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында («Мектеп», Алматы, 2010 жыл) 1918 жылдың күзіндегі оқиғаларды көзімен көрген туысы Байеке Жұмабаевтың айтуы бойынша хатқа түсірген. Естелікте Алаштың Торғайдағы атты әскерін Міржақып жасақтағанын, әскер қатарына Ақтөбе, Ырғыз, Шалқар, Орал, Қостанай, Торғайдан келген жігіттер алынғанын, атты әскерді топқа бөліп, үйлерге бөліп орналастыру Жақаңның ағайыны Асқардың мойнына жүктелсе, тамақтандыру мен күту жағына түскен үйлердің иелері жауапты болып, меншікті аттарын жауынгерлердің өздері баптағандығы көрінеді. Міржақыптың қолбасшылық сипаты да айрықша көрінген: «Жақаң дамыл таппай жұмыс істейтін. Әскерлеріне соғысқанда қару-жарақты қалай қолдануды, атыс-шабысты қалай жүргізуді, басқа да әдіс-тәсілдерді үйретіп оқытатын. Қолбасшы рөлін Міржақыптың өзі атқарды. Ағамыздың келбеті, киген киімдері, үстіндегі ұзын сұрғылт шинелін айқастырған былғары тартпалар, аяғындағы қисық табанды етігі әлі күнге дейін көз алдымда. Күнде көретініміз – Жақаңның әскерлерін сапқа тұрғызып, ауылдан алысырақ жерге апарып жаттығу жүргізетіні. Жігіттер ауылға қайтарда бәрі қосылып «Алаш маршын» шырқайтын». «Алаш әнұранының» Міржақып пен Жүсіпбек жазған екі түрлі нұсқасын да Гүлнәр апаның «Шындық шырағы» («Мектеп», Алматы, 2012) еңбегінде Ғаббас Нұрымов бастаған жасақ шырқап айтып бара жатты дейтін тұстары бар. Міржақыптың жары Ғайнижамалдың айтуынша, «Ғаббас Нұрымов сәнді киінетін, домбыра мен мандолинді құйқылжыта тартып, ән салатын» өнерлі жігіт болған екен. Ендеше, оның Жақаң бастаған жасаққа рух беру үшін алдыңғы сапта ән шырқауы тегін емес. Алаш азаматтары қараша айынан наурызға дейін Жақаңның ауылында болып, қызылдармен соғысу үшін Торғайға аттанған. Жақаң атты әскерін өзі бастап, қару-жарақты өз қолымен үлестіреді. Жасақтың әр жігітіне бір мылтық, бір қылыштан береді де, ауыл-аймақпен қоштасып, жүріп кетеді. Бұл уақыт қызылдар мен ақтардың әскерлері Торғайда соғысып, екі жақ қаланы қолдан-қолға өткізіп, жауласып жатқан шақ екен. Екі армияның солдаттары да қала тұрғындарын тонаумен болған, шеткерідегі ауылдардың малын үйірімен айдап әкетіп отырған. Естелікте Жақаңның жары Ғайнижамал: «1918 жылы Кеңес үкіметі Торғайда құрылған соң, Жақаң атты әскерін жартылай большевиктерге қосты да, қалған серіктерімен Торғайды тастап, Атбасарға жол тартты» дейді.

* * *

«Бөденеде мекен жоқ, қайда барса бытпылдық» дегендей, Алашорда қайраткерлері бастаған ұлы күрес жеңіліс тапты. Оған қазақтан шыққан большевиктердің де үлкен әсері болды. Большевизм идеясы қазақтың бірігуіне нұқсан келтірді. Бірақ, қызылдың ұртоқпағы Алаштың сағын сындыра алмады. Олар қаламмен де, қарумен де күреспегенде бүгінгі ұлан-ғайыр қазақтың даласы бүтін күйінде бізге жетер-жетпесі беймағлұм болатын. Алаш ардақтысы арпалысып жүріп қол жеткізген келісім жетпіс жыл салып Тәуелсіздігіміздің негізін қалады. Яғни Алашорда әскері – өзінің ұлы мұратын орындаған, текке қан төкпеген, ұлтымыздың нағыз ерлері.

Думан АНАШ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.