• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Мамыр, 2019

«Baqytty bala» ІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді

909 рет
көрсетілді

«Baqytty bala - 2018» байқауының гран-при иегері дарынды балаларды Ақтөбе қаласында өтетін балалар фестиваль-байқауына қатысуға шақырды.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылдың 10-14 шілде күндері облыс орталығының 150 жылдығына арналған «Baqytty bala» ІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді. Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 2019 жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.

Бұл балалар бәйгесі жаңа есімдерді анықтауды, олардың, жетілуіне танылуына жағдай жасауды, сондай-ақ қатысушылардың орындаушылық шеберлігін шыңдауды, вокалдық өнердің үздік дәстүрлерін дамытуды мақсат етеді.

«Baqytty bala» байқауын жас таланттар фабрикасы деп атауға да болады. «Baqytty bala - 2018» финалистері жыл бойы өздерінің жастығына қарамастан, табысты әртістер ретінде көрсетті. Мысалы, "junior Eurovision" халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеу суперфиналисттерінің жартысы – «Baqytty bala» I фестивалінің қатысушылары. Ержан Максим болса, ресейлік көпшілікке белгілі «Голос. Дети» жобасында - фестивальдің екі Гран-приінің бірін жеңіп алып, өзінің талантымен, дарынымен Мәскеу көрермендерін мойындатты. Ержанның анасы Гүлмира Әлібекованың айтуынша, Ақтөбедегі балалар байқауы ұлының шығармашылығы үшін тамаша трамплин болған.

"Өткен жылы мен Ақтөбе қаласында өткен «Baqytty bala» байқауына қатысып, Гран-при иегері атандым. Байқау жоғары деңгейде өтті. Мен сол кезде өзімнің өнердегі кумирым Димаш Құдайбергенмен жеке таныстым. Ол қатысушыларға фестиваль бағдарламасы аясында шеберлік сағатын өткізді. Бағдарлама өте мазмұнды болды. «Baqytty bala» -дан мен осы күнге дейін жылы ұшырасатын, татулық қарым-қатынастарды қолдайтын шынайы достарымды таптым.

«Baqytty bala» байқауы өз атауына сәйкес келеді. Бұл байқау менің жадымда өмірімдегі ең бақытты естеліктердің бірі ретінде сақталады. Мен әділ конкурсқа қатысып, Гран-при алдым және барлық өнерлі балаларға «Baqytty bala» фестиваль-байқауына өтінім беруге кеңес беремін. Себебі, бұл – Қазақстандағы ең әділ байқау! «Baqytty Bala-2019» сахнасында кездескенше, достарым!"- деді Ержан Максим.

Айта кету керек, «Baqytty bala» байқауының финалына Финляндия, АҚШ, Германия, Малайзия, Жапония, Польша, Франция, Ресей, Индонезия, Украина, Қытай елдерінен келген Димаштың жанкүйерлері де куә болады. Мәселен, Жаңа Зеландияның тұрғыны – Анита Рой Уорд мүгедек арбасына таңылған ауыр науқас. Солай бола тұра, ол өз кумирін көру үшін 15 мың шақырымды бағындырып, Қазақстанға келді.

Фестиваль-конкурстың жалпы жүлде қоры 2 500 000 теңгені құрайды. Фестиваль жас қатысушылар мен қазақстандық шоу-бизнестің танымал жұлдыздары, сондай-ақ шетелдік қонақтар қатысатын жарқын вокалдық шоумен аяқталады деп күтілуде. Шақырылған қонақтар арасында өткен жылғы Гран-при иегері Ержан Максим де бар.

«Baqytty bala - 2019» өнер додасына қатысуға ниет білдірушілердің барлығы конкурстың ресми сайтында өтінім беру жолдарымен және ережесімен таныса алады: www.baqyttybala.kz

Еске сала кетейік, былтыр маусым айында Ақтөбеде «Baqytty bala» І ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өткен болатын. Оны "ДимашАли"шығармашылық орталығының қолдауымен облыс әкімдігі ұйымдастырды. Елімізде теңдесі жоқ жобаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Греция елдерінің өкілдері қатысты. Халықаралық деңгейдегі Димаш Құдайберген, Данелия Төлешова, Джордан Аракелян, Влад Сытник, Жеңіс Ысқақова, Светлана және Қанат Айтбаевтар сынды әртістер фестивальдің төрешілері мен арнайы қонақтары болды.