Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:23
Адам баласының барлығы жылдан жақсылық күтеді. Мен де сол әр күннен, әр айдан, әр жылдан жақсылық күткен қарапайым жандардың бірімін.
Еліміз тәуелсіздік алғалы, міне, жиырма екі жаңа жылды қарсы алыппыз. Құдайға шүкір, осы жылдардың ішінде қазақ елінің береке-бірлігі жер-жаһанға танылып, әлем саясаткерлерінің жылы лебіздеріне ие бола бастады. Бұл табысқа, әрине, елдегі сарабдал саясаттың да оң әсері болды.

Өйткені, өнбейтін даудан, болмайтын сөзден бұқара халық бойын аулақ салып, нақты іспен, оның ішінде елдің экономикасын көтеруге белсене атсалысып, еңсесін тіктеп алды. Соның нәтижесінде, елдегі білім мен ғылым дамып, бір ғана денсаулық сақтау саласының өзінде ұлан-ғайыр жұмыс атқарылды.
Елімізде халық денсаулығын көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде, әсіресе, жүрек-қан тамыр ауруларын емдеу саласы жақсы нәтиже бере бастады. Бұл мәселе елімізде кардиохирургияны дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдау жөніндегі тапсырмадан бастау алып отыр. Осыдан бес жыл бұрын, яғни облыс орталығындағы кардиохирургия орталығы ашылғаннан бүгінге дейін клиникада жүрекке арналған мыңдаған оталар жасалды. Тіпті, сәбилерге де күрделі хирургиялық оталар жасала бастады. Бұл жетістік емей немене?
Халқымызда «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген жақсы сөз бар. Сол айтқандай, денсаулық болмаса ақ жаулықтың да, он саулықтың да сәні мен мәні болмайды. Сондықтан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында да елдің ең бірінші байлығы – халық денсаулығын жақсарту туралы баса айтылған.
Дана халқымыз, тағы бір қанатты сөзінде «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді. Сондай-ақ, үйіне қапелімде кіріп кеткен жыланның басын ақ құйып, шығарып жібереді. Мен де еліміздің босағасынан «басыма ақ құяр ма екен» деген үмітпен кіріп келе жатқан жаңа жыл – Жылан жылынан ежелгі ата-бабалар дәстүрімен жүрегімді жарып шыққан жылы сөзіммен «Қазақстан халқының денсаулығы мықты болып, жастары ұзарған үстіне ұзара түссе екен» деп тілеймін.
Сейітхан ЖОШЫБАЕВ,
Тараз қаласындағы «Кардиохирургия орталығының»
директоры, «Қазақстан жүрек-қан тамырлары
хирургтері Ассоциациясының» төрағасы.
Жамбыл облысы.