• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2019

Жаңа компьютерлік томография іске қосылды

1144 рет
көрсетілді

Кеше Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасында болып, жаңа компьютерлік томография кабинетінің жұмысымен танысты.

– Бұл біздің қала үшін өте маңызды оқиға. Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайының басты бір көрсеткіші болып табылатын медициналық қызмет көрсетудің сапасына зор көңіл бөліп келеді, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Аурухананың бас дәрігері Бануржан Жаңғаловтың айтуы бойынша, бұл компьютерлік томограф көрсетілімінің айқындылығымен, төрт мәртелік зерттеу көлемін орындауымен және сәуле жүктемесінің аздығымен ерекшеленеді. Күніне 20-25 зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Кабинет таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Жоғары сапалы томографтың қолданылуы инсульт, тыныс органдары ауруларында, қатерлі ісіктің пайда болуында, қан айналымы жүйесінің бұзылуында, ас қорыту органдары мен ағзаның басқа да мүшелерінің сырқатында диагностиканы ерте қою үшін аса маңызды. Компьютерлік диагностика тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында, сондай-ақ, ақылы негізде жүзеге асырылатын болады. Бағасы қажетті зерттеудің түріне байланысты 10 000 теңгеден 25 000 теңгеге дейінгі аралықта.

Қалалық көпбейінді аурухананың үш қабатты ғимаратында 2018 жылы 55 миллион теңгенің күрделі жөндеуі жүргізілген болатын. Биылғы жылы жергілікті бюджеттің қаржысы есебінен 58,6 миллион теңгенің қымбат тұратын рентген қондырғысын орнату көзделуде.

Ақмола облысы бойынша тұтастай алғанда 2018 жылмен салыстырғанда медициналық техникамен және медициналық бағыттағы бұйымдармен жарақтандырылу динамикасы 10 процентке өсіп отыр. 2019 жылы  жергілікті бюджет есебінен денсаулық сақтау нысандарын техникалық жарақтандыруға 1,5 миллиард теңге қарастырылған.