• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Мамыр, 2019

Cарапшылар жаһандық үдеріс жағдайындағы жоғары білімді дамыту тақырыбын талқылады

1302 рет
көрсетілді

Соңғы он жылдықтарда ғаламдық үдерістер Қазақстанның жоғары білім саласының алдына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде ғылым мен білім саласын ұлттық құндылық ретінде дамыту мәселелерінде халықаралық ықпалдастық пен инновациялық технологияларды игерудің маңызы зор.

ЮНЕСКО-ның білім беру жөніндегі Азия-Тынық мұхиты Өңірлік бюросы (ЮНЕСКО Бангкок) мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы Азия-Тынық мұхиты өңірінде интернационалдандыру саясаты мен тәжірибесіне арналған аймақтық форумда Орталық Азия университеттерінен, сондай-ақ  Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағынан келген сарапшылар жаһандық үдеріс жағдайындағы жоғары білімді дамыту тақырыбын қозғады.

ЮНЕСКО БҰҰ-ның жоғары білім беру саласындағы жұмыс мандаты бар агенттігі ретінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы жұмыстарына тоқталған  Алматыдағы Юнеско Кластерлік бюросының директоры Криста Пикатт аймақ елдерінің білім саласындағы бірлескен қадамдарының маңыздылығына тоқталып өтті.

2015 жылы 17 Тұрақты даму мақсаттарын қабылдаған БҰҰ мүше мемлекеттері 2030 жылға қарай барлық әйелдер мен ерлердің қолжетімді әрі сапалы кәсіптік-техникалық, сондай-ақ жоғары білім алу мүмкіндіктерін қарастыра отырып, интернационалдандыру бағытындағы шараларға басымдық береді.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Алмагүл Құлтуманова интернацияландыру үдерісі қазақстандық оқу орындарына заманауи жетістіктермен алмасуға мүмкіндік береді дейді. Балон конвенциясы аясында соңғы 8 жылда 14 мың студент Еуропаның  жоғары оқу орындарында академиялық білімін жетілдірсе, бұл бағытта мемлекет тарапынан жылына 600 орын бөлініп, қазақстандық студенттердің шетелдерде академиялық білімін шыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ шетелдік студенттердің де Қазақстанда білім алу бағдарламалары жүзеге асуда. Биылғы жылы 160 орынға стипендиялық грант бөлініп, оның ішінде этникалық қазақтардың да елге келіп оқуына кеңінен жол ашылып отыр. Ал еліміздің жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жатқан 25 топ-менеджерлер басқару жүйесі бойынша тәжірибе алмасуда. Сала мамандары интернацияландыру үрдісі заманауи технологияларды игеруге, қазақстандық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасында жаңа мазмұн, тың өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретіндігін құптады.

ХХІ ғасыр талабына сәйкес кәсіби білім беру, ақпараттық технологияларды меңгеру, заманауи оқу бағдарламаларын жетілдірудің аймақ елдері үшін маңызды екендігіне тоқталған ЮНЕСКО Алматы қаласы бойынша халықаралық бағдарлама бойынша маманы Лина Бенетенің айтуынша, Еуропадағы Лиссабон конвенциясы және Токио Конвенциясы шеңберінде сапаны қамтамасыз ету, біліктілікті арттырудағы байланыстарды нығайту ықпалдастық пен трансшекаралық ұтқырлықты дамытудың кепілі.

Жоғары білімді интернацияландыру және институционалдық сипаттағы тәжірибелерімен бөлісіп, қазақстандық білім беру жүйесін Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Түркия, Пәкістан, Египет, Ресей және басқа елдер үшін жобалау-білім беру хабына айналдыру бағытындағы мәселелерді талқылаған халықаралық сарапшылар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін тең жағдай жасау, қашықтықтан білім беру технологияларын игеру бағытындағы мәселелерге де назар аударды.

 

 

АЛМАТЫ