• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Мамыр, 2019

«Үздік мәдениет мекемесіне» автокөлік сыйға берілді

1349 рет
көрсетілді

Алматы облысының мәдениет саласында ұзын-саны 1500 адам қызмет етеді. Олар аймақтағы 556 мәдениет ошақтары пен мұрағат мекемелерінде ел руханиятын дамытуға үлес қосып отыр. Ал саланы қаржыландыруға бөлінген қаржы 6,1 млрд теңгені құраған.

Бұл туралы мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде аймақ басшысы Амандық Баталов айтқан болатын. Сала мандарын құттықтағын ол:

- Біздің бүгінгі қоғамда өнердің сан алуан түрі бар. Десе де олардың барлығының да мақсат-міндеті бір. Ол – адамның эстетикалық талғамын қалыптастыруға, сезімін тәрбиелеуге, қоршаған ортаны көркемдік көзімен көруге үйрету. Сол арқылы адамзатқа рухани азық беру. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ» дегенде халық осыны айтса керек. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Сондықтан да атқарып жатқан игі істеріңізге табыс тілеймін. Өнердің өресі биік, айдыны кең болып, еліміздің рухани байлығы арта берсін! Барша жетісулық өнерпаздарға шығармашылық жетістік пен бақыт тілеймін, - деді.

Сондай-ақ, шарада «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша облыстың аудан, қалаларынан 20 қызметкер марапатталды. Олардың арасында әртістер, ауылдық клубтардың, мәдениет үйлерінің, кітапханалардың, шығармашылық орталықтардың, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметкерлері бар. Әрбір жеңімпазға диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Және  «Халықтық, үлгілі атағы бар үздік ұжым», «Үздік театр әртісі», «Үздік мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік әнші», «Үздік аспапшы», «Үздік биші», «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» аталымдары бойынша да топ жарғандар анықталды. Атап айтқанда, «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясын ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі жеңіп алды, музейге жүлде сыйы ретінде «Лада Гранта» автокөлігінің кілті тапсырылды.

Облыстың мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды. Олардың қатарында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы әртісі Мұхтар Стыбаев, Кербұлақ ауданы Алтынемел ауылдық мәдениет үйінің музыка жетекшісі Сәуле Қожаханова да бар.

Сонымен бірге  жиырмаға жуық маманға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары берілді.