– Әрине, сөзсіз солай болуы керек. Күйші болу үшін әуелі қазақ болып туу қажет дейтінім содан. Менің Қасқырбай деген нағашым күйші еді. 6 жастан қолыма домбыра ұстауыма сол кісі себепкер болды. Оның үстіне күйшілердің ортасында өстім. Нағашым Тәттімбеттің шәкірттерімен бірге жүретін. Бағаналы Саятүлеков деген домбырашымен жақын дос болған. Осылардың барлығы – іргелі күйшілер, күйді кәдімгідей кәсіп қылғандар. Енді солардың жанында жүрген соң, мен қайда барам? Ал менің домбыраға түбегейлі келуім, оның ішінде шертпе күйге бет бұрғаным – Тәттімбеттің туған немересі Шайқының ықпалы. Ол өзі Кеңес өкіметінің кезінде байдың баласы ретінде қуғындалып, түрмеге тоғытылған. Тағдыр мені сол кісіге жолықтырды. Оның күй, домбыра туралы төгілтіп айтқан әңгімелері мен шерткен күйлерінен кейін біржола күйші боламын деп шештім. Сол кезде 14-15 жастағы бозбаламын.
– Бір сөзіңізде «Күйші болу үшін орта керек» деген едіңіз. Бұл тұрғыда сіздің бағыңыз бар екен, иә?
– Дұрыс айтасың, шынында мен – бағы бар адаммын. Кейін кәсіби жолға түсіп, ұстаздың алдын көргенде де бағым жанды. Талантты тұлға Айтқали Жайымовтың бірінші шәкіртімін, шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің жанында жүріп, Созаққа барып сабақ алғам, қазақтың біртуары Нұрғиса Тілендиевтің тартысын үйінде жатып үйренгенмін.– Кіл мықтылардың алдын көрдіңіз. Десе де, осылардың ішінде кімнен сабақ алғаныңызды ерекше мақтан тұтасыз?
– Әрине, Төлеген Момбековтің тартысын қаз-қалпында қабылдап, тікелей Төкеңнің өзінен үйреніп қалғаныма мақтанамын. Ол кісі сені әдейі үйретейін деп отырмайды. Магнитофонымды қамдап қоямын, оны көрсе бітті, тартпай қояды. Өзі сондай мінезді адам. Қойныма таспамды (магнитофон) тығып аламын. Малға шөп саламыз, су береміз, ол қайда барса, мен сонда жүремін. Бірге қонып, бірге тұрамын, қасынан бір елі қалмаймын. Кейде бір шабыты ұстайды. Сондайда, анығы күй шығаратын кезде қалжың сөзді, артық ауыз әңгімені қойып, түр-өңі өзгеріп кетеді. Сол сәтте магнитофонымды қоса қоямын. Тыңдап алған соң, тартқан күйлерін қайта шертемін. Намысына тиіп әдейі қате тартамын. О кісі «Өй, мынау қайтеді?» деп қолымнан домбыраны жұлып алады да, «Міне, былай, мына жерін осылай тарту керек» деп айтып отырып, көрсетіп береді. Сол кезде үйреніп аламын. Маған да керегі – осы.
– Демек, мықты, мінезді ұстаздан сабақ алуға да бір ептілік керек екен-ау?– Ә-ә, жөнді пайымдап тұрсың. Шәкірт бола білудің өзі – өнер. Ұстазды таңдау – тіпті үлкен өнер. Өзінің бағытына сай келетін, жолын аша алатын ойымен, жанымен үндес іс атқарып жүрген адамды табу, одан табандылықпен тәлім алу ғана шәкіртті шыңдайды.
– Шертпе күй сіздің табиғатыңызға жақын секілді...
– Мен төкпе күйлерді де тартамын. Алайда сол өзің айтқандай, шертпе күйлер жаныма жақын. Негізі мен өз бағытыма ертерек түскен адаммын. Оған да сол Шайқы түрткі болды. Бозбала шағым ғой, талай төкпе күйлерді тартып бердім. «Серперді», радиодан үйреніп алғанымның бәрін тегі зырылдатамын. Бірде Шайқы тыңдап отырды да: «Өте жақсы тартасың. Бәрін үйреніп алыпсың. Қолың да жүрдек, саусақтарың да жүйрік. Бірақ бағытыңа бұрылу керек. Сен көп еліктеме, көп былықтырма», деп бір-ақ қайырды. Көрдің бе, әр нәрсенің басын шалма дегені ғой. «Қолыңның жүргеніне мәз болма, сенің үнің, ыңғайың Тәттімбетке жақсы келеді» дегеніне тоқтадым.– Тәттімбетті көп зерттедіңіз. Сіз үшін жаңалық болған, біз білмейтін тағы қандай қырын аштыңыз?
– Тәттімбет – дүниеден ерте қайтқан адам, 45-ақ жыл өмір сүрді. Тәттімбеттің жүрген ауылдарын талай араладым, ол туралы деректер мен жазбалардың бәрін дерлік оқыдым. Осы жолда ауылдағы әңгімелерден оның ерекше тұлғалық қасиетін таныдым. Бір ауылға келіп, Тәттімбет су сұрайды. Суын ішіп көрген ол: «Мына жерде қорғасын көп екен», депті. Келесі бір ауылға барып: «Өй, сендердің ішіп отырғандарың тотияйын ғой», дейді екен. Жанында жүргендер: «Тәке, сіз не деп кеттіңіз?», деп қалжыңдайтын көрінеді. Біразымыз білмейміз, Тәттімбет – қазақтан шыққан тұңғыш алтын өндіруші. Туған жерінде Түндікті дейтін өзен бар. Соның жағасына алдын ала жүні қырқылған жүз қойды сойғызып, терісін бірден өзен түбіне тасқа бастырып төсетеді. Сонда терінің түгіне алтын тұрады екен. Жүн де – табиғи, асыл. Асылды асыл тартады. Бір тәулік тұрған теріні 50-60 қызға тарақпен таратады. Сол сәттің өзінде, 1800 жылдары алтын жинаған.
Тәкеңнің талантына таңғаламын. Ол Романовтардың 300 жылдығына Құнанбайдың орнына барған. Құнанбай ауырып қалғанда, одан орнына кім баруы керектігін сұрайды. Сонда ол 25 жастағы Тәттімбетті лайық көріпті. Романовтар мен патша ағзам қабылдағанда Тәкең тілмәшсіз орысша сөйлеген. Ертеңіне аудиенция (жоғары лауазымды тұлғалар мен ел басшыларына кіруге жазылу – А.Ш.) сұрап, патшаның алдында «Сылқылдақ», «Сарыжайлау» күйлерін тартады. Әлкей Марғұланның деректері бойынша, сол жерде отырған Глазунов деген орыстың композиторы Тәкеңнің шығармаларына, оның орындауына «Өте терең музыкант» деп жоғары баға береді. Ондағы жұрт қара қазақтың тілге жүйріктігіне тәнті болыпты. Ауылда жүріп-ақ тіл білген. Талант емей, немене!
– Нұрғиса Тілендиевтің үйінде жатып үйренгеніңізді айттыңыз. Ол кісіден қандай өнеге алдыңыз?
– Тілендиевтің тартысында эффект басым. Тыңдаушыны елітіп, үйіріп әкету үшін жанын салады. Оның орындауында тыңдарманмен диалогқа түсу бар. Сол қол жағына қатты қызықтым. Пернені басқан кезде зың ете қалады. Домбыра сөйлей жөнеледі. Ол кісінің ең ғажап ерекшелігі – домбыра таңдамайды, кез келгенін сайратып жібереді. Нұрекең мені «Ой, бәле» деп атайтын. Бір күні: «Ой, бәле, менімен үйге жүресің», деді. «Аға, менің оқуым, сабағым бар ғой», деп күмілжіп едім: «Оттама, жүр!», деді. Айтты, бітті. Мінезі сондай өзінің. Дариға апайымыз шай қояды. Күйі келген соң, екі білегін сыбанады. Тілендиев қалай қолына домбыраны алады, түсі өзгереді. Ұшатын қырандай кейіпке енеді. Деміңді ішіңе тартасың. Бұл – рух. Бұрынғы күйшілер де сондай қалыпқа енген. Күйкі тірлікті жиып қойып, кез келген күйді әсерлі орындайды. Дүкеннің домбыралары болады, бала-шаға сүйретіп жүретін. Соны алады да, сұңқылдатып жібереді. Алла берген. Сондықтан мен де шәкірттеріме «Өзің үшін емес, тыңдарманды ұйыту үшін тарт, сұлық отырмай орында» деп әрдайым айтамын. Әлбетте, күй деген адамның жаны, оны суреттеу оңай емес.
– Сізбен сұхбатымызға себепші болған – күйші Әлшекей Бектібайұлының кеші. Концертте күйшінің «Бозінгенін» керемет шерттіңіз. Оның үнін қалай сіңірдіңіз?
– Ұстазым Төлеген Момбеков Сүгірден сабақ алса да: «Маған Сүгірден гөрі Әлшекей жақын», деп отыратын. Содан сіңірдім. Атақты ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Әлшекей – күйші-композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көш басында тұрған көрнекті тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара», деп жазған. Менің ұғымымда ол – күйлері ешкімге ұқсамайтын ерекше күйші. Төкеңе Әлекеңнің жақын болатыны да сол – Қаратау күйлерінің мотивтері. Ұстазым бағалаған Сыр сүлейі Әлшекейдің күйлерін алғашқылардың бірі болып нотаға түсіргенмін. Сондықтан концертке арнайы Алматыдан шақырды.
– Күй – кие. Осы сөздің мағынасын ашып беріңізші?
– Күй табиғаттан тұтас түседі. Күйді ана шығармадан бір, мына туындыдан бір алып, құрап жазуға келмейді. Бірақ сөйтіп күн көретіндер, соны кәсіп қылғандар бар. Күйдің киесі болады, соны ұмытпау керек. Табиғи нәрсенің бәрінде кие болады. Табиғи дүниені бұзып, қолдан жасауға болмайды.Күйдің киесін шетелге шыққанда анық сезіндім. Бір ғана «Сарыарқаны» 5 рет тарттық. Кез келген ұлтты ұйыта алатын құдіретіне куә болдым. Бір қара нәсілді тұрып: «Біз бұдан табын-табын жылқыны, дархан даланы, сұлу табиғатты көріп тұрмыз. Осы шығарманы жазған музыкантты көрсетіңізші», деді. Сонда Шамғон ағамыз күй авторының қанша ғасыр бұрын өмірден өтіп кеткенін жеткізді. Қара нәсілді тыңдарман: «Көне музыка болуы мүмкін емес. Бізге онда қалай әсер етіп тұр?», деп сенбейді. Сол кезде «Шіркін, күйдің киесі шетелдікті де жылатты!» деп күбірледім. Бағдарламамыз бойынша әндер бар екені айтылса да: «Жоқ, осы күйді тағы да ойнаңыздар», деп тұрып алды. «Асылымыз осы екен ғой» дедім ішімнен.
– Енді күйдің киесі қазаққа ғана қонған ғой.
– Өте жақсы айттың. Күйді қырғыздар да шертеді. Олар күйді ыр деп атайды. Түрікмендер де тартады. Кейбір халықтарда күй секілді музыкалар бар. Бірақ солардың біреуінде, табиғаттан тұтас болып, жоғарыда айтқанымдай, өз жүйесімен жеткен жанр жоқ. Бір ғана домбыраның екі шегінде қанша мың күй сақталған. Басқа сондай ұлт бар ма? Бұл да күйдің киесі. Сібірдегі ұсақ халықтар да аспаптық музыканы ойнайды. Бірақ оларда тек көңіл көтеретін, жеңіл эстрадаға жақын болып кетеді. Ал қазақтың күйі сөйлейді, әңгіме-аңыз, ой айтады, толғайды. Әр күйдің сазы, сөзі, адамға әсер ететін жолы бар. Сондықтан күйді тек дамыта беру керек. Бір өкініштісі, күй қазір қолданыстан қалып бара жатыр, адамдар күй тыңдамайды.– Күйдің өміршең болмай жатқанына күйшілердің де өз заманын сөйлете алмай жүргені себеп шығар. Бұрынғылар кез келген саяси-қоғамдық, әлеуметтік жайттарға күй шығарды. Мүмкін сол жетпей жатқан болар?
– Иә, нақ сол жетпей жатыр. Ал енді өзің айтшы, ол үшін бізге не істеу керек?
– Қоғам жанайқайын жеткізуге үн қосу қажет шығар...
– Жөн. Алайда сөйте қояйық деп тағы кесіп айтуға келмейді. Оған да орта керек. Қоғам соған мүдделі болғаны абзал. Халықтың ішінде күй ойнап тұруы тиіс. Бізде олай емес қой. Бір музыканы алып, таңнан кешке дейін адамға тыңдата берші, түбі соны сіңіріп алады. Мектептер ақырындап күйді қоңырауда қойып қоятын болды. Жақсы бастама. Бірақ бір күйді бере бергенше, қазақта 8000 күй бар, ауыстырып қою қажет. Осыны табаным тиген білім ордаларына айтып жүремін. Сол айтқанымды орындаған бір мектепке кейін бардым. Балалардан үзілісте тыңдаған күйлердің ішінде қайсысы ұнағанын сұрадым. Бір бала: «Бізге «Сарыарқа» ұнайды. Өйткені сол күй тартылғанда біз буфетке барып, бірдеңе жеп үлгереміз», дейді (күліп алды – А.Ш.). Әсер еткен ғой. Оның екпіні жылдамдықты арттырады. Көңіл күйді көтереді. Балалар қай үзілісте қандай күй берілетінін атымен жаттап алған. Міне, күй қалай тәрбиелейді!
– Сүгір өз күйлерін іштен шыққан баласындай қызғанып, тығылып тартады екен. Сізде де сол қасиет бар ғой деймін. Өз күйлеріңізді оңаша қалғанда ғана шертетін көрінесіз...
– Мен де кез келген күйшідей күйлерімді біреу орындағанын жақсы көремін, қалаймын. Өзін өзі дәріптегенді жаратпаймын. Жалпы «мен» деп айтуға қорқатын адаммын. Оған қоса шығарғандарымды қазақтың алтын қорындағы, халықтың жадында сақталған керемет күйлердің деңгейімен қатар қоя алмаймын. Күйлерімнің әйтеуір бір жері ұнамай тұрады. Классикалардан кем көремін. Болмағанда бір тұсы жасанды болып кетеді.
– Ол не себептен деп ойлайсыз?
– Тағы сол ортаға келіп, тұйыққа тірелеміз. Көп ұлылардың алдын көрмей қалдық. Өмір сүру салтымыз басқа ғой. Компьютерде отырамыз, тасжолмен жүреміз. Киіз үйде ұйықтамаймыз, қымыз ішпейміз. Осының бәрі әсер етеді. Сондықтан қазір күй шықпайды. Өзімдікін ғана емес, жаңадан шыққан күйлердің көбісін орындағым келмейді. Сыйлайтын, жақсы көретін әріптестер күйлерін ұсынады. Қолым жүрмейді, қиналамын.
– Ұстазсыз. Ұстаздан озған шәкірттеріңіз бар ма?
– Асылбек Еңсеповті айта аламын. Қазір кішкене күй орындамай, жаңаша бір бағыт тауып алыпты. Күйді эстрадаға лайықтап жүр. Бірақ дыбысы – әсем. Кейбір дыбыстарына қайран қаламын. Оның саусақтарында Нұрғисаның үні бар. Өзіне көп айтпаймын, мақтанып кетпесін дегенім ғой.
– Дегенмен, сіз күйді эстрадаға айналдыруға қарсысыз ғой?
– Десе де, шәкірттерімнің, кейінгі буынның алдына тұрып, қарсылық білдірмеймін. Алайда айтамын. Өйткені табиғатын бұзбағанын қалаймын. Ал кесе-көлденең тұрмайтыным – «әйтеуір күйді, оның ішінде домбыраны өлтірмеудің жолы ғой» деген ой. Бір стадиондағы 10-20 мың адамды тыңдатуға эстраданың көмегі керек-ақ. Жарқын шығады. Бұқараға жақсы.
– Бәлкім Шоқанның «Келесі ғасырда домбыраның үні биік шығады» дегені осы кез шығар. Әлде ол әлі алда ма?– Осы кезеңге келеді. Сол уақытта, яғни Шоқанның шағында қобыз көп тартылған. Ол сондықтан домбыраның үні биігірек шығатынын айтты. Сезген ғой. Оның үстіне Шоқан Арқаның күйшілерімен жақсы таныс болды. Домбыраның болашағын солардың құдіретінен, қасиетінен білген болар. Ал қазір қарап отырсақ, қобыздан гөрі домбыраның үні жиі естіледі. Қазақта ұлттық аспаптар жетерлік. Бірақ бәрінен домбыра өміршең болып, халыққа кең тарап тұр. Бұл өзгелерін жоққа шығару деген сөз емес, тек Шоқанның көрегендігіне дәлел. Байқасақ, басқа емес, елімізде былтырдан бастап Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Қобыз немесе жетіген емес, домбыра күні.
– Құймақұлақтар бар ма қазір?
– Құймақұлақ – қазақтың қанына сіңген ең ерекше қасиеттердің бірі. Бұл қасиет домбырашыны күйшілікке жетелейді. Шәкірттерімнің арасында құймақұлақтар бар екенін көзім көріп жүр. Мен көбіне күйлерді тыңдатып үйретемін. Бірақ оқу бағдарламасында нота болғандықтан, оны үйретуге тура келеді. Алдымен балаға тыңдайтын күйлердің тізімін беремін. «Мынаның орындауында тыңда, мынаның тартысын тыңдама», деймін. Өйткені екінші қатардағылар бұзады. Бұзған күйді тыңдатуға болмайды, бала бұзылады. Бір ай бұрын үздіксіз тыңдауды тапсырамын. Әуен құлаққа, бойға сіңуі керек. Сонан соң дұрыс нұсқаларының ішінен оқушының өзіне ұнағанын таңдап алып, соның нотасын беремін.
– Газетімізде біраз бұрын домбыра сабағын мектепке бірыңғай оқытылатын пән ретінде енгізуді көтерген мақала жазып едік. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Сенат спикері кезінде: «Домбыра үйрену сабағын мектепте факультатив ретінде оқыту керек», деп қолдау білдірген болатын. Қалай қол жеткіземіз?
– Осы сөзді кезінде Жасарал Еңсепов те айтқан. Оған жету үшін мектептегі музыка сабағының сағатын көбейту керек. Музыка аптасына бір-ақ рет өтеді. Оның өзінде ешкімнің есінде қалмайтын нота мен әлем музыка тарихын оқытып боламын дегенше, сағаты бітіп қалады. Ол – ұлттық тәрбиеге, ұлттық үнімізге уақыт бөлінбеген деген сөз. Мен осы мәселені талай көтердім. Үн жоқ қой. Мұның бәрі «Балық басынан шіридіге» келіп тіреледі. Мәдениеттің басы-қасында жүрген шенеуніктерде ұлттық музыкаға деген жанашырлық болуы қажет. Музыканың үлкен тәрбие, тіпті идеология екенін, оның тарихта қаншама рет қайталанғанын біле тұра, жас ұрпақты ұлттың үнімен тәуелсіздік тұсында, өз қолымыз аузымызға жетіп жатқан кезде сусындатпасақ, енді қашан істейміз? Мұның артында немқұрайдылық жатыр. Бар мүмкіндікті қолдан пайдаланбай отырғандаймыз. Домбыра телеарнасын ашып жатыр екен. Қазақтың күйлерін берсін уақыт санамай, тәуліктеп төгіп тұрсын. Дүңкілдеген музыкадан күйдің қай жері кем? Құр күйді бере бермесін, оның аңызын, әңгімесін айтып берсін. Күйдің аңызы – оның сыңары. Күйдің аңызы болмаса, күй тумайды. Сондықтан оны қалыс қалдыруға болмайды.
– Шоқанның көрегендігі домбыраның үні ұлттық тәрбиеге негіз болар күнді меңзеді деп сенейік, аға. Сол күнді сізге де көруге жазғай.
– Әумин, айтқаның келсін, айналайын!