Алматыда республикалық референдум қарсаңында Тәуелсіз байқаушылар ақпараттық штабының екінші брифингі өтті. Штаб дауыс беру кезеңіндегі жұмысты үйлестіру және қоғамды жедел ақпараттандыру мақсатында құрылған.
Брифинг барысында қатысушылар штаб жұмысының белсенді кезеңі басталғанын айтты. Ақпараттық алаң 14 наурыздан бастап жұмыс істеп, референдум өтетін күні бойы және дауыс беру қорытындылары толық жарияланғанға дейін қызметін жалғастырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, штабтың негізгі міндеті – азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын дауыс беру барысы туралы жедел әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Сонымен қатар жалған мәліметтер мен фейк ақпараттардың таралуының алдын алу үшін ақпараттың дәйектілігін тексеруге ерекше назар аударылмақ.
Штаб жұмысының тікелей трансляциялары Independ.kz YouTube арнасында көрсетіледі. Ал жедел жаңалықтар мен анонстар Алматы қаласының Қоғамдық коммуникациялар орталығының ресми әлеуметтік желілерінде жарияланып отырады.
Брифингте тәуелсіз бақылаушылар коалициясының құрамы да таныстырылды. Оның құрамына Алматы қаласында 2,5 мыңнан астам тәуелсіз бақылаушыны біріктіретін алты үкіметтік емес ұйым кірген. Референдум күні Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ еліміздің оннан астам өңірінен тікелей қосылымдар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл дауыс беру барысы туралы жедел әрі толық ақпарат таратуға мүмкіндік береді.
Брифингке қатысушылар азаматтарды референдум кезеңінде ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға, арандатушылыққа ермеуге және тек сенімді дереккөздерге сүйенуге шақырды. Сондай-ақ азаматтардың дауыс беруге қатысуы демократиялық үдерістердің маңызды бөлігі екені атап өтілді.
АЛМАТЫ