Жақында әріптесіміз Жанар Оразымбет әлеуметтік желідегі парақшасында басынан өткен жайтты баяндады. Онда қызы былтыр мектеппен қоштасқан ол мектеп бітіру кеші қазір ата-ана үшін қып-қызыл ақша ғана емес, дертке айналғанын жазады. Ата-ана тоқсан сайын тест тапсыруға, оған дайындау үшін қосымша мұғалім жалдауға, соңғы қоңырауды өткізу үшін тігілетін бірыңғай киімге, пән мұғалімдерінің тарту-таралғысына кететін ақшаны айтпағанда, әр емтиханға дастарқан жайып шабылғанына шырылдайды. «Бұл жерде мұғалімдерді кінәлайын деп отырғаным жоқ. Бәріне ата-аналар кінәлі. Әбден дарақыланып алған», дейді ол. Айтуынша, қолақысы 2 миллион тұратын асабаны әнші-бишісімен жалдап, кешті лайықты өткізу үшін 100 мың теңгенің үстінде ақша жинапты. Оған адам басына 17 мың теңгеден келетін мейрамхананы менсінбеген қалталы ата-ананың әрекеті себеп болған көрінеді. Ақырында «сараң ата-ана» атанған Ж.Оразымбет қызының «Барлық ата-ана ештеңе демей-ақ ақша жинап жатыр ғой» дегенінен аса алмағанын айтады.
Ата-ана кімді кінәласа да баласының көңіліне қарайды. Бірақ осы көңілге қарау оқушыларды оймен емес, тоймен жарысуға, дарақылыққа үйретіп жатқан жоқ па? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Президент ретінде берген алғашқы сұхбатында ХХІ ғасырдағы кердең мінезге даңғазалық, ысырапшылдықты жатқызатынын айтып: «Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет», деген еді. Біз балаларды кердең мінезге мектеп кезінен бейімдейміз.
Мұғалімдерге сыйлық жасамайтын тараздық түлектер лимузинге мініп, дастарқан жасау және оқушылық өмірмен қоштасқан сәтінен естелік алып қалу үшін фотограф жалдауға бас-аяғы 35 мың теңге жинапты. Сондағы бір оқушының анасы Гауһар Жолмаханбет осының өзі басқа мектептерге қарағанда ақшаны жөнсіз жинамайтын білім ордасы екенін айтады. Бір отбасы 35 мыңды тиын-тебендей көрсе, екінші біріне бұл табылмайтын сома. Қолдан жасап алған үрдіс тоқтамайтын сынды. Десе де ата-ананың айтуынша, бұл түйткілдің түйінін балалар да, олардың әке-шешесі де емес, тиісті ведомство ғана түбегейлі тарқата алады. «Бұрыннан қалыптасқан үрдіс бірден тоқтап қалмайды. Өйткені қазіргі ата-аналардың көзқарасы қиын. Оның бір мезетте өзгеруі, министрдің сөзін қолдауы екіталай. Бұл үшін заңмен тыйым салынып, жауапқа тартылу керек. Сонда ғана адамдар амалсыз аяқ тартады», дейді Г.Жолмаханбет. Оның ойынша жауапты мекеме сөзден іске көшіп, нәтиже беретін нақты қадамға бару қажет. Сол кезде ата-ана мен бала бағынады.
Өзгелердің тәжірибесіне назар аударсақ, Францияда мектеп бітіру кеші деген мүлде болмайды. Өйткені онда сыныптағы оқушылар жыл сайын өзгеріп отырады. Француздардың білім жүйесінде бұл реформа балабақшадан бастап қолға алынған. Топтағы балалар да, қажет болса тәрбиешілер де жиі ауысады. Мақсат – кез келген ортаға, барлық жанға үйрену, бейімделу, адам талғамай тіл табысу. Ал Германияда мектептің акт залында өтеді. Ресми түрде ұйымдастырылатын бітіру кешінде біздің тілмен айтқанда аттестат тапсырылады. Ата-аналар балаларға шағын мерекеге рұқсат бергенімен, салтанатты кеш ұйымдастырылмайды. Ал Шотландияда түлектер бітіру кеші дегеннің не екенін де білмейді екен. Айтпақшы, қытай түлектері секілді мектепті еске түсіретін құралдардың бәрін терезеден лақтырып, адреналинге бой алдыратындар да бар.
Шетелдерде бітіру кеші, негізінен түлектерге арналған. Бізде ата-аналардың да кешіне айналғандай. Өйткені олардың өзі кешке киім алып, сәнденіп, шаш үлгісін жасап дайындалады. Бір ана баласының мектеп бітіру кешіне 20-30 мың теңгенің аралығында көйлек алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл – жалғыз көйлектің құны. Сәйкесінше туфли, сөмке сатып алып, шаш үлгісін жасату керек. Кей отбасында анасы ғана емес, әкесі немесе кемпір-шалдың қолында өскен бала үшін ата-әжесінің бірі барады. Олар да киінеді. Ескісін кисе, баласы намыстанады-мыс. Жалған намысты жиып қойғанның өзінде мейрамхананың төрінен тегін орын алмайсыз. Ата-ана айтқан заң әзірленіп, қолданысқа енгізілгенмен, өзі белсеніп, той тойлауға бір иығын беріп тұрғандар құжатты көзге іле ме? Әлбетте мәселенің байыбына баратын әке-шеше керісінше заңды желеу етіп, баласын тәрбиелеуі тиіс. Тәрбиелеуге әлі жетпегені «суицид жасайды» деп қорқады. Бұл да қорқатындай себеп. Өз-өзіне қол салғандардың қатары азаймай тұр.
Биыл елімізде 143 089 оқушы мектеппен қоштасады. Оған кемі жалғызіліктісі бар, кей отбасында ата-әжесі қосылады, шамамен 280 мың ата-ананың алаңын қосыңыз. Тең жартысы жылап жүр. Теңгені маңдай терімен тапқандар суға аққан ақшадан бұрын, баланың болашағы, «ой жарыстырмай, бой жарыстырып» жүрген ұрпағының ертеңі үшін жылайды. Қала берді, көшені шулатып «бипылдатқанда» бір бәлеге ұрынып қала ма деп жылайды. Баласы мектеппен қоштасқанда әр үйдің босағасын сағалап жүрген ата-ана да қосылып жылайды... Қайтпек керек?!
Әлдебір мектеп түлектері жаңа бір видео-эстафета бастапты. Әлеуметтік желіде тарап кеткен сондай бейнетүсірілімнің бірінде Алматы облысы Талғар ауданының Бірлік ауылындағы №35 мектептің 11-сынып оқушылары: «Текелідегі № 4 мектеп пен елорда, Алматыдағы мектеп бітіруші түлектерін қолдай отырып, біз мектеп бітіру кешінде ата-аналарымыздың артық шығындалуына, қымбат мейрамхана мен көліктерге, қымбат көйлек киюге қарсымыз!», деп ұрандатқан. Ал Маңғыстауда мектеп бітіруші түлектер соңғы екі жыл қатарынан қаржыны қайырымдылық іске жұмсаған. Үлгі боларлық әрекет. Бала бастап бассыздықтан бас тартса, ата-ана да, мұғалім де, министрлік те, мектеп те тыныш екен ғой. Оқушылардың өзі қалай қоштасатынын өздері таңдап тұрса, еркінен айырамыз ба? «Лимузин мінемін, қызыл галстук тағамын» деген баласын бетінен қақпаған ата-ана «бірінші сыныптан бергі қызықтарды еске алып, ұстаздарға алғыс айтумен аяқтаймыз» деп табандап тұрған құлынынан айналып кетпей ме? Сонда бәріне нүкте қою – балалардың қолында.