• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2019

«Әдеби өлкетану» - жаңа жоба

3612 рет
көрсетілді

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» атты монография мен хрестоматияның тұсаукесері өтті.

Бұл кітаптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің әр үш жыл сайын ғылымның барлық салалары бойынша берілетін гранттық жобасы аясында жарық көрген. Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев бастаған БҚМУ-лық ғалымдар ұтып алған жоба үш жылға, 2018-2020 жылдар аралығына жоспарланған.

- Біздің университетте «Әдеби өлкетану» пәні болашақ филолог мамандық студенттеріне таңдау курсы есебінде оқытылып келеді. Алайда өлке материалдарын толық қамтитын оқулықтың жоқтығы бізге қолбайлау болған еді. Енді сол олқылықтың орны толды. «Әдеби өлкетану» пәні болашақта хронологиялық жүйемен элективті курс ретінде ЖОО-ға және факультативтік сабақ түрінде жалпы білім беретін мектепке енер болса, оқушылар мен студенттер және магистранттар өлкемізге қатысты әдеби мұраларды толық игере алады, - дейді Зейнолла Мүтиев.

Құрастырушылардың айтуынша, әдеби өлкетануды зерттеу арқылы Орал өңірі ақын-жазушыларының әдеби-шығармашылық мұрасы айқындалып, ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр басында жарияланған поэзия, проза, драматургия, т.б. шығармалар әдеби-ғылыми тұрғыдан сарапталады. Әдеби өлкетануды меңгеру – елімізде жүріп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі талаптарына сәйкес келеді. Жоғары білім беру жүйесінде және жалпы орта білім беретін мектепте әдеби өлкетану материалдарын оқытудың тиімділігі зор. Өйткені білім алушылар жалпы қазақ әдебиетінің құрамдас бір бөлігі ретінде белгілі бір аймақтың, өлкенің әдеби шығармалары мазмұнымен танысу нәтижесінде рухани, мәдени өмір деректерімен танысады, қоғам дамуында орны бар белгілі адамдардың, өлкенің тарихи тұлғаларының көркем әдебиетте сомдалуымен, көркем шығарма арқауына айналған кейіпкерлер әлемімен танысуға мүмкіндік алады. Қос кітап жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, магистранттарға, қазақ әдебиеті пәні тереңдетіліп оқытылатын бейімдік мектептер (лицей, гимназия) мұғалімдері мен шәкірттеріне, жалпы әдеби өлке мұрасына қызығушылық танытқан ізденушілерге арналған. Оны дайындаушы топ құрамында жоғарыда аталған Зейнолла Мүтиевтен бөлек, педагогика ғылымдарының магистрі Жангүлім Мұханбетова мен PhR философия докторы, аға оқытушы Айдарбек Ақболатов бар.

Үш жыл ішінде аталған жоба бойынша 6 кітап – үш монография, үш хрестоматия жарық көрмек.

Өлке тарихында өзіндік орны бар оқиға – «Әдеби өлкетану» жобасының алғашқы екі томының тұсаукесер салтанатына Орал қаласындағы белгілі әдебиетшілер жиналды. Махамбет университетінің ардагер ұстаздары Қалам Сүйіншәлиев пен Меруерт Жолдықайырова осы кітапқа енген қаламгерлердің бірқатарымен бірге жүргенін еске алды.

- Қазақ әдебиетінің дамуына Ақ Жайық өңірінен шыққан қаламгерлердің де қосқан үлесі өте зор. Тайыр Жароков, Қажым Жұмалиев, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі сынды ақын-жазушыларымызды бүкіл қазақ біледі. Бірақ бүгінде есімі елеусіз қалған қаламгерлер де бар. Олардың шығармашылығын жаңғыртып, әдеби мұраларын жарыққа шығару үшін осындай жобалар өте қажет, - деді Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева.   

Шынында да бұл жинақта бүгінде әдебиетшілердің өзі ұмыта бастаған Халима Өтеғалиева, Жәрдем Тілеков, Берқайыр Аманшин, Боранғали Ырзабаев сынды қаламгерлердің шығармашылығы туралы да әңгіме қозғалған. Жоба жетекшісі Зейнолла Мүтиевтің айтуына қарағанда, келешекте шығатын монографияларда Сайымжан Еркебаев, Сатыбалды Даумов, Жанғали Набиуллин, Қайыр Бектұрғанов, Бақтығұл Ойшыбаев, Айтқали Нәріков, Сағат Әбдуғалиев т.б. талантты қаламгерлерлердің шығармашылық шеберханасы зерттелмек.

- Қазақтың шынайы ұлттық тарихын зерттеген тарихшыларымыз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған соң осы бір үлкен миссияны қазақ қаламгерлері өз мойнына алды. Халқымыз өткен ата-баба тарихын І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов сынды жазушылардың шығармаларынан оқып-білді. Бұл шығармалардағы тарихи шындық қанша буын қазақ жастарын отаншылдыққа, туған жерін сүюге тәрбиеледі. Сондықтан, Ақ Жайық өңірінен шыққан қаламгерлердің шығармашылығын зерттеу арқылы өлке тарихынан да, осы өлкеден шыққан тарихи тұлғалар болмысынан да хабардар боламыз. «Әдеби өлкетану» жобасының құндылығы осында жатыр, - дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Батыс Қазақстан