Өнердің өкілі екенсің өл-тіріл мейлің, өйтіп-бүйтіп ең кемі, «еңбек сіңірген қайраткер» атануың керек. Айналайын әлеумет алқалап жатса жақсы-жайсаңдардың ардақталуына қарсы емеспіз. Алайда сол сый-құрмет құрғырдың әмісе әділ бөлінбейтіні жаман да. Пәлсапашыл ақын һәм прозашы Жұмекен Нәжімеденовтің «Даңқ пен дақпырт» романындағы бір кейіпкер сипаттағандай «Атақ дегеніңіз ит секілді. Үйренген адамына ғана құйрығын бұлғайды. Біреулер оны азаптанып, асырап күшік күнінен өсіреді. Біреулер дайын ит күйінде алады». Әне, көрдіңіз бе, мәселе қайда?
Қазіргі қазақ эстрадасында қалыптасқан ахуал тіпті «қызық». Кейбір әншілер екі октаваға жетер-жетпес даусымен-ақ «жұлдыздар» шоғырында жүр. Әндерін «қара жермен шана сүйрегендей» қиқылдап-шиқылдап әрең-әрең айтса да сахна төрінде топ жарған саңлақтармен қатар иық тірестіруден қысылмайды. Олардың әуселесін әлемді әнмен қырған Димаштың дүрілдеген даңқы да баса қоймады. Қайта стадиондарға қарақұрым көрермен жинап әлаулайларын әрі қарай жалғастыруда.
Танымалдылық тасы өрге домалаған әншілерімізді тағы бір дерт дендеген сыңайлы. Эстраданың Эвересін бағындырып біткендей енді шетінен кино түсіруге көшті. Кәсіби мамандар шекесін шылқытпаған қайран кинематографиямыз осылайша көлденең көк аттылардың тақымындағы көкпарға айналды.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағдайдың да оңғаны шамалы. Телевизияда әртүрлі бағдарламаларды жүргізуге әйгілі тұлғаларды шақыру әдеті қалыптасты. Араларында қоғам қайраткерлері де, депутаттар да бар. Басқаны білмейміз, Ресейде мұндай тәсіл бұрыннан қолданылады және жеміссіз емес. Өйткені олардың көбінің оқыған-тоқығандары мол, интеллектуалдық деңгейлері жоғары. Көрерменнің көкейіне қонатын әңгіме қозғай біледі. Ал біздің «мықтылар» ондай ой-өрістің ауылынан алыс қонған. Беттерінің әрі болғанымен, сөздерінің нәрі жоқ. Тіпті, телевизия «корифейлері» саналатын бәзбір әріптестеріміздің өзі көтерген тақырыбының жігін таппай батпақтап жатады. Кейде хабарларына әлі «болмаған, толмаған» әлдебіреулерді қатыстырып өсек-аяң төңірегінде өнімсіз сұхбат өрбіткенде арнаны ауыстырып жібергеннен басқа амалың қалмайды. Әрқилы жолдармен теле-радио, газет-журналдарға, веб-сайттарға «кіріп» алған әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар екі ауыз сөйлемді ежіктеп құрағандарын малданып, Габриэль Гарсиа Маркес айтқандай, «әлемдегі ең мәртебелі мамандықтардың бірі» саналатын журналистика туралы солақай пікірлер таратады. Егер ондай жолбикелер менің кәсібімді менсінбесе, өз саласын «өркендетіп» жайымен неге жүрмейді?
«Көк қарға к...не қарамай әулие ағаштың басына қонады» деген екен бұрынғылар. Неге екенін қайдам, әйтеуір әр салада қолы көтермес шоқпарды беліне байлауға, құлашы жетпесті құшақтауға құмар, жердің тесігін жамайтын жұлымырлардың жұлдыздары жарқырай жануда. Бұл жақсы ма, жаман ба?