«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет тәуелсіз Қазақстан тарихында жоғары ұлттық және халықаралық қызығушылық нысаны болатын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында арнайы Жұмыс тобы мен Жобалау кеңесі және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы жұмыс атқаруда. Орталық жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңес еліміздегі қасиетті тарихи-мәдени орындарды анықтап, олардың ұлттық-идеологиялық деңгейін нақтылауда» дейді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы еңбектің кіріспе сөзінде.
Айта кетейік, «Қасиетті Қазақстан» көптомдығының алғашқы жинағы 2018 жылы жарық көрді. Онда Алматы және Ақмола облыстары, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы киелі нысандар шоғырланған болатын. Осылайша Қазақстанның барлық өңірі қамтылып, бұл жинақ кезек-кезегімен баспадан шығады. Жинақ екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде дайындалған.
Кітапта Қазақстанның батыс аумағындағы қасиетті орындар мен кешендер, киелі жерлер мен табиғи ландшафт ескерткіштері, ел тұтқасы болған тарихи тұлғалары енгізілген. Жинақта Батыс Қазақстан облысынан 137 нысан бар. Жинақты құрастыруда негізінен жергілікті өлкетанушылардың ұсынысы мен шығармалары пайдаланылған. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бұл тізім болашақта толықтырыла бермек. Осылайша әр облыстың жеке энциклопедиясы да пайда болуы мүмкін.
Дәл осы күні музей саласының ардагері Сара Танабаева мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қазақтар тарихын жүйелі зерттеп жүрген Ахмедияр Батырханов «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды.