Сенбі, 30 наурыз 2013 2:55
Оған ота жасауды Қазақстан дәрігерлері де игерді
Қазіргі таңда еліміздің трансплантолог дәрігерлері отаның осы бір күрделі түрін орындауға дайын отыр. Алматыдағы Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бұған керекті алғышарттардың барлығы бар. Мұндағы мамандардың айтуларынша, жұмысты бастап кетуге әзірге тек донор органдар ғана жетіспей тұр.
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:55
Оған ота жасауды Қазақстан дәрігерлері де игерді
Қазіргі таңда еліміздің трансплантолог дәрігерлері отаның осы бір күрделі түрін орындауға дайын отыр. Алматыдағы Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бұған керекті алғышарттардың барлығы бар. Мұндағы мамандардың айтуларынша, жұмысты бастап кетуге әзірге тек донор органдар ғана жетіспей тұр.
Әуелі «трансплантология» дегеніміз не, әңгімені содан бастайық. Медицинада адам мен жануарлардың органдары мен тіндерін ауыстырып салуға қызмет ететін бөлім осылай аталады. Тегінде қағидаттары өте көне замандардан белгілі болғанымен, экспериментті трансплантация негізін 1912 жылы Алексис Каррель деген ғалым қалаған екен. Ол осы жаңалығы үшін Нобель сыйлығын алған. Алайда, бір адамның дене мүшесін екінші адамға ауыстырып салған бірінші дәрігер ол емес. Мұны 1933 жылы Украинадағы Херсон қаласында кеңес дәрігері Юрий Воронай орындады. Ал адам жүрегін ауыстырып салуды кеңес мектебінің тәжірибесінен өткен Оңтүстік Африка Республикасының хирургы Кристиан Бернард тұңғыш рет 1967 жылы жүзеге асырды. Ресейде бұл операцияны аса көрнекті хирург Валерий Шумаков 1987 жылы алғашқы болып қолға алды.
Енді, міне, осындай күрделі операцияны жасауға Қазақстан дәрігер трансплантологтары да дайын қалыпқа келді. Бұл туралы Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы жүрек ишемиялық аурулары хирургиясы бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Сейдалин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне айтып берді.
«Біз шынында мұндай отаны жасауға әзірміз, – деді ол осыған орай. – Бұған қосарым, мен шетелдік әріптестеріміздің тәжірибелеріне сүйене отырып, тиісті органды бір жерден екінші жерге жеткізу шарасының барлық уақыттарда жол полициясы қызметкерлерінің бастап алып жүруімен атқарылуы тиіс екенін айтар едім. Бұл донор органды кешіктірмей, тез жеткізу үшін аса қажет. Ал бұған дейін біз орасан зор ұйымдастыру жұмыстарын атқардық. Бұлардың арасында күту қағазын дайындау, донор клиникалармен келісу, жеткізуші ұйымдардың алгоритмі секілді шаруалардан бөлек, дін иелерімен, жол полициясы және әкімдіктер басшыларымен жасалған біршама жұмыстар да бар. Мұның бәрі атқарылды. Ендігі қалып тұрған жалғыз нәрсе – бізге тек донор органдарды табу ғана керек».
Осы сұхбатының барысында Арыстан Асқарұлы жүрекке операция жасаудың өзі тым көп уақыт алмайтынын, оның бар-жоғы бір сағаттың маңайына созылатынын айтты. Дәрігердің өзі 1982 жылы Алматы медицина институтын бітірген. Институт жолдамасымен алғашқы жылдары Маңғыстау облысында қызмет істеген. Н.Сызғанов атындағы орталыққа 1985 жылы шақырылған. Кандидаттығын 1992 жылы, докторлық диссертациясын 2000 жылы қорғаған. Қазір Еуропа кардио-торакалды хирургиясы ассоциациясының мүшесі.
– Жүрекке ота жасау бірнеше кезеңнен тұрады, – деді дәрігер бұдан ары. – Олар жасанды қан айналдыру аппараты іске қосылған кездегі дайындық кезеңі, аппарат алынған кездегі қалыпқа келтіру кезеңі деген бөліктерден тұрады. Бірақ ең маңызды кезеңі көп уақытты алмайды. Бізде жүрекке ота жасау үшін донордың кеудесінен органды алғаннан бастап, оның реципиент кеудесінде қайтадан бүлкілдеп соға бастағанына дейін екі сағаттай мерзім қарастырылады.
Бір айта кететін жайт, жүректі ауыстырып салуға арналған операция Алматыда 2006 жылы бір рет қана жасалған екен. Оның өзі жануарлар жүректерін алмастырып көруді көздеген экспериментті ота болатын. «Бұл мәселені біз әлдеқашан талдап біткенбіз. Одан алған айтарлықтай дағдыларымыз да бар. Алматыда осы салада әлі талай маңызды жұмыстар атқарылады», деді профессор сөзінің соңында.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.