Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саммиттің Елбасы Н.Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығы мен Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы Келісімнің 5 жылдық мерейтойларына орай өткізіліп отырғанын атап өтті.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының саяси және стратегиялық көрегендігінің арқасында еуразиялық интеграция идеясы іске асты, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының атынан Ресей Федерациясының Президенті В.Путинге Елбасы Н.Назарбаевқа «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің Құрметті Төрағасы» атағын беру туралы ұсынысы үшін және осы бастамаға қолдау білдірген Кеңеске мүше-мемлекет басшыларына алғысын білдірді.
Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының 2018 жылғы Еуразиялық экономикалық одаққа жасаған төрағалығына жоғары баға беріп, Армения Республикасының төрағалығы да халықаралық ұйымның нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді.
Сонымен қатар, мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың өзекті мәселелері мен алдағы даму перспективаларына қатысты және 2019-2020 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық саясаты туралы пікір алмасты.