Мысалы, күндізгі үште шақырылған қонаққа кешкі жеті, сегіздерде ұялмай келіп жатамыз. Айтатын себеп көп, олар табыла да береді. Үш-төрт сағат кешіктім ғой, енді бару ұят шығар дегенді әсте ойламаймыз. Келіп қалған соң үй иесі сасқалақтап орын тауып беруге, тартылып қойған табақтан ет жылытып әкелуге мәжбүр. Ол бола қойса жарайды, ал болмаса не істерін білмей абыржиды...
Міне, осындай бір қарағанда ұсақ көрінетін нәрседен біздің мәдениетсіздігіміз менмұндалайды. Кешіккенге қырық сылтау тапқанша телефонмен хабарласып, уақытында келе алмайтындығы үшін кешірім сұрай салуға болады ғой. Бірақ ондайды көбіміз істемейміз. Біз «ұят қой бармағанды» білеміз, ал «ұят қой кешігіп барған» дегенді ойламаймыз. Демек, уақытты сыйлау, оны қадірлеу деген бізде жоқ.
Қазір ораза айы, жаппай ауызашарға шақырып жатады. Бірақ соған кешігіп келетін адам некен-саяқ. Тіпті көрмейсің деуге болады. Бәрі де ауыз ашатын уақытқа дәл келуге тырысады. Демек, қаласа қазақ та кешікпей жүре алады екен. Осыны той-томалаққа да қолдануға болады ғой. Бірақ онда керісінше, біз уақытты көзге ілмейтін кеселімізді асқындырып бара жатырмыз. Қанша айтылса да ұсақ нәрсеге балап, оған назар аудармаймыз.Уақытты үнемдеу еуропалық елдерде мәдениеттіліктің үлкен белгісі. Уағдаласқан уақытқа дәл келу әріптесіңе деген құрмет деп бағаланады. Ал сәл кешіккен болсаң, оны сыйламағандық деп жаман қасиетке балайды. Мұндай адамға еуропалықтар бірден тіксініп қалады, өйткені өзін «сыйламайтын адаммен» олар істес болғысы келмейді. Қазір қаласақ та, қаламасақ та біз еуропалық мәдениетке ұмтылып, оған бұрынғыдан әлдеқайда терең үйлесудеміз. Жүздеген шетелдермен сауда-саттық, алыс-беріс қатынастар, студенттер мен ғалымдар алмасу, жұмысқа бару – бәрі көбейе түсуде. Осындай жағдайда өзіміздің «кешігу» кеселімізді Еуропаға да апаратын болсақ, бізді мәдениетсіз деп қана санамайды, әріптестікке жарамайтын халық деп қарайды. Сондықтан уақытты қадірлеу мен оған тиісті назар аударуды алдымен өз елімізде бойымызға сіңіргеніміз абзал.
Әрине, кезінде біз кең далада көсіліп, еркін жүрген халықпыз, менталитетіміз де соған сәйкес қалыптасқан. Бірақ ол кездің дағдысы бұл кезге мүлде жат екенін әрқашан естен шығармағанымыз жөн. Біздің жөнсіз іс-әрекетіміз басқаның мүддесін аяққа баспау керектігін әрқашан есте ұстауымыз керек.
Уақытқа ұқыптылық, дәлдік (пунктуальность) деген түсініктерді Батыс елдері ежелден зерттеп, халықтарын соған қатаң түрде тәрбиелеген. Америкалық мәдениеттанушы Эдуард Холл уақытты үнемдеуде екі түрлі тұжырым бар екенін айтқан. Олар монохронды және полихронды деп аталады. Монохронды мәдениетті қатты ұстайтын елдерде уақыт адамдардың тәртібі мен өзара қарым-қатынасын қатаң бақылайды. Мұнда белгіленген уақыттан сәл де болса ауытқуға жол берілмейді. Ал полихронды мәдениеттің жібі бостау, мұнда достық қатынастар мықты болса, істің мүддесі бұзылғанына аса көп мән берілмейді. Мәселен, бір қазақ бизнесмен еуропалық әріптесімен кездесуге келіскен уақытында сәл кешігіп келсе де, достықтары берік болса оған азды-көп кешірім жасалады. Ал бірінші жағдайда ешқандай кешірім жоқ.Жүргізілген зерттеулерге қарағанда, Жапонияда келіскен кездесуге 10 минөт ерте келу қалыптасқан, ал 10 минөт кешіксең, ол кешірілмейді. Германияда 10 минөтке дейін кешігу кешірімді көрінеді. Англияда 8 минөттен артық кешіккендік ашу-ызаны тудырады. Өйткені бұл өзін сыйламағандықтың белгісі деп қабылданады. Еуропа елдері арасында қазақтың діліне Франция ғана жақын. Олар қонақтарының 25 минөтке дейін кешіккеніне кешіріммен қарайтын көрінеді. Өздері де қонаққа 10-15 минөтке кешігіп барады екен.
Көріп отырғанымыздай, мәдениеті жоғары дамыған елдердің бәрінде де қонаққа 2-3 сағатқа кешігіп бару деген атымен жоқ. Ендеше, біз неге мәдениетсіз болуымыз керек?..