• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Мамыр, 2019

Он үшінші редактор

3131 рет
көрсетілді

Жақында Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Ораз Исаевтың туғанына 120 жыл толуына орай мерекелік шаралар өтті. 9 жыл Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы болған Ораз Жанұзақұлы «Егемен Қазақстан» газетіне де бөтен емес: басылымның 100 жылдық тарихында газетке басшылық еткен редакторлар тізімінде Ораз Исаев №13 болып тұр.

Қысқа ғұмырында биік лауазымды әрі жауапты қызмет атқарып, 39 жасында «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен Ораз Исаевтың тағдыры әлі күнге дейін аянышты деуге болады. Өйткені 1956 жылы ақталғанымен, көрнекті мемлекет қайраткеріне Кеңес өкіметі тұсында да, Тәуелсіз Қазақстан тарихында да өзіне лайық құрмет көрсетілмей келеді. Құрмет көрсетілмегені былай тұрсын, асыл азаматтың есіміне әлі күнге дейін ара-тұра жала жабылып, со­ңында қалған ұрпақтарының көңіліне қаяу түсіп жүргені рас.

Әйгілі Әбіш Кекілбаев «Тарих тол­­қы­нындағы титан тұлға» атты мақа­ла­сында «Бір өкініштісі, 1930-жыл­дары Қазақстанда басшы қыз­мет­те істеген адамдардың, оның ішін­де О.Иса­евтың асыра сілтеуге Голо­ще­кин­­мен қатар жауапты екендігі кей-кейде айтылып та қалады. Алайда Ораз Исаев 1930 жылдардың басында ауыл шаруа­шы­лығында жіберілген асыра сілтеу­шілікті көріп, ел басына төніп келе жат­қан аштық апатын ерте сезінді. Осының бәрін партияның XVI съезінде, яғни 1930 жылдың 1 шілдесінде одақтық мінберден ашық мәлімдеген О.Исаев өз сөзінде шаруалардың ауыр жағдайын айтып қана қоймай, тығырықтан шығудың жолдарын көрсетіп, ұсыныс енгізген. Амал не, Сталин Исаевтың бұл ұсынысын аяқсыз қалдырды» деп жазады.

 

Сталинге үш хат

Біз 1930-жылдары Қазақстандағы ашар­шылық туралы Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұловты, Ғабит Мүсірепов бас­таған «Бесеудің хатын» тарихтан жақ­сы білеміз. Бірақ ел басына төніп келе жатқан нәубет туралы алдымен дабыл қағып, Сталинге бір емес, үш хат жаз­ған Ораз Исаевтың есімін тарихшы маман­дардың өзі біле бермейді.

«Бесеудің хаты» 1932 жылы 4 шілдеде жа­зылған. Хаттың авторлары – жазушы Ғабит Мүсірепов, Қазақ мемлекеттік бас­пасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Алматы Комвузының басшы қыз­мет­кер­лері Емберген Алтынбеков пен Мұ­таш Дәулетқалиев, Қазақ АКСР Мем­ле­кет­тік жоспарлау комиссиясының сек­тор бас­ты­ғы Қадыр Қуанышев еді. Хат­тың жазылуына Халком Кеңесінің төра­ғасы Ораз Исаев түрткі болғаны анық айтылады.

РСФСР Халық Комиссарлары Со­ве­ті төрағасының орынбасары Тұрар Рыс­құ­лов­тың Сталинге хаты 1933 жылдың наурызында жазылған.

Ал сол кездегі Қазақстан Үкіметі – ҚазАССР Халық Комиссарлары Ке­ңе­­­­сінің төрағасы Ораз Исаев 1930 жы­лы-ақ ауыл шаруашылығын кол­лек­тив­тендірудегі кемшіліктер туралы съезде ашық айтып, 1932 жылы 11 мамыр­да Сталин мен Молотовқа ашы­ғып жатқан Қазақстан халқына көмек керек­тігі жөнінде хат жолдаған екен. Қазақ­­стандағы алапат ашаршылық ту­ра­лы, оның бірден-бір себепкері Ф.Го­ло­щекинді қызметінен аластату жөнін­де талап еткен О.Исаевтың екінші хаты 1932 жылы тамызда жазылған. 1933 жылы 2 желтоқсанда Қазақстандағы ашар­­шы­лықтың зардабы туралы үшінші хат жі­­берілген.

Жанайқай

Ораз Жанұзақұлы 1929 жылы 8-15 сәуір аралығында өткен VII жал­пы­қаз­ақстандық Советтер съезінде Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесінің төра­ғасы болып сайланды. Содан кейін көп кешікпей-ақ Қазақстандағы күшпен кол­лективтендірудің зардабын зерттей бас­таған.

«1929 жылғы есеп деректері бойын­ша Қазақстанда 40 миллион бас мал бол­ған. Ал қазір (1932 ж) небәрі 6 млн мал қалды. Оның 2 млн-ы – совхоздарда. Колхоздар мен жекеменшікте қалған 4 млн бас малдың көп бөлігі қазақ аудан­дарында емес, орыс аудандарында. ...Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ ауданында халықтың едәуір бөлігі аштық­қа ұшырауда. 10-15 мың адам аштан өлген. Көптеген қазақ аудандарында 1929 жыл­мен салыстырғанда халықтың жарты­сы да қалмаған...» деп жазады жүре­гі қан жылаған төраға 1932 жылы 11 мамырда Сталинге жолдаған хатында.

Осы жазбада «Ауыл ұшыраған жағ­дай едәуір дәрежеде партия ұйымы және оның басшылары жіберген қате­лік­тер мен кемшіліктерге байланысты. Не­­гіз­гі қателіктер: солшылдық, нау­қан­­шылдық, қажетті өзара сынның жоқ­тығы, кемшіліктерді бүркемелеу, шын жағдайды өңін айналдырып көр­се­ту (көзбояушылық)» деп, халық басына түскен нәубеттің диагнозы дәл қойылады.

«Фактілер мынадай: кол­лек­тив­тен­ді­ру­де жол берілген қателіктерді жөндеу үшін 1930 жылдың жазында ауылдарға жіберіл­ген қазақ қызметкерлердің жұ­мы­­сы қорытындыланбады. Өлкелік коми­­тетте талқыланбады, өйткені бұл ком­мунистер ауылда істің тіптен жақсы емес­тігін айтып берген еді және айғақ материал алып келген болатын. Бірақ жағдайды бұлайша бағалау күні бұрын-ақ мақұлданбады. Мал басы мейлінше азайып кет­кендігін мойындағысы және азаю себе­бін анықтағысы келмегендіктен, шын­дықты жасыру үшін 1930 жылғы мал есебі дерегіне 50% үстеме қосылды. Тұп-тура аспаннан алып қосты!».

«Ескі мағынадағы көшпелі ауылдар енді жоқ. Малдың күрт азаюы көшіп-қону­ды шаруашылық тұрғысынан қажет­сіз етті. Қазір бір-бірінен алшақ жат­қан алқапта небәрі бірнеше түтіннен тұ­ратын ұсақ ауылдар мекен ете бас­та­ды. Ауылды ойдағыдай қайта құру үшін оны дұрыс отырықшыландыру керек. Сондықтан қазақтардың қалыпты поселкелік шаруашылық құрып оты­рық­шы болуына көмектесу керек, оны ұйым­дастыру керек. Жадап-жүдеген мал­шыларға жедел көмек көрсету үшін өнер­кәсіп тауарларынан және астықтан қор бөлу қажет!».

О.Исаевтың Сталинге жазған бұл хат­тары айналып Қазақстанға, БК(б)П Қа­зақстан өлкелік комитетінің 1-хат­шысы Ф.Голощекинге жолданып отырған. Қанша дабыл қақса да ашық­қан халықты құтқару ісі жүйелі жүр­гізілмеді. Өйткені И.Сталин де, Ф.Голо­ще­кин де қазақтың дәл осылай шыбынша қырылуына мүдделі еді...

 

Қаламгерге қамқор жан

Қарапайым шаруа баласы Ораз Исаев 1899 жылы Орал облысының Ілбі­шін уе­зіне қарасты Шалқар болысында туған екен. Екі басқышты орыс-қазақ мектебінде білім алған Ораз ауыл арасын­да болыс писарі, іс жүргізуші бола жүріп, Совет билігі келгенде милиция қызметіне араласқан. Сәбит Мұқанов өз естелігінде «1923 жылы Жымпитыда уездік партком хатшысы болып жүрген Оразды сол кездегі Халком төрағасы Сәкен Сейфуллин ұнатып, Орынборда өте­тін ІІІ Совет съезіне делегат етіп сайлатты» деп жазады. Ораз Исаевтың орта­лық деңгейде танылуына шынымен де осы оқиға әсер етсе керек.

«Ораз адамға жақындасқыш, сөйлес­кіш, ойыншы, қалжыңқой жігіт екен» деп сипаттапты Сәбит Мұқанов. «Жазушыға ең алды­мен қағаз жазатын стол керек, қа­жетіне жарайтын пәтер керек» деп, Сәбеңнің пәтер мәселесін табанда шеш­­кені айтылады. «Ораздың бір әдеті кісімен жүре, өлеңдете сөйлесетін еді. Ол Батыс Қазақстанның, әсіресе Мұхиттың әндерін жақсы көріп, әрдайым мұрнынан ыңылдап айтып отыратын. Әдебиетті, әсіресе, қазақ әдебиетін үзбей оқитын және оқығаны туралы пікірі бар адам болатын» дейді Сәбең.

Асқар Тоқмағамбетовтің «Өтеді күн­дер» кітабы да Ораз Исаев туралы өте жылы естеліктерге толы. Совнарком төра­ғасы бола тұра өгіз арбаға мінген қара­­пайымдылығын, жол бойында кез­дес­­кен балалы әйелге мейірімділігін, сабыр­лылығын төраға жанында бір ай бойы бірге жүріп ел аралаған жас ақын Асқар Тоқмағамбетов нақты мысалдармен әсер­лі суреттеген.

Ораз Исаевтың қазақ әдебиетін да­мы­­туға, шығармашылық адамдарын қол­дауға ерекше көңіл бөлгенін Хамит Ерғалиев те атап өтеді. 1931 жылы тамыз және қазан айларында О.Исаев әде­биет ісін басқарушыларға және Қазақ­стан баспасына арнайы хат жазып, «Әдебиет майданы» журналына екі мақа­ла жариялаған.

«Менің ойымша біздің мәдени тарихы­­мыз және өте зор бірқатар материал­дарымыз жиналмай қалып барады» деп дабыл қаққан төраға «Жаңа тарихты жасап, жаңа мәдениетті туғызу өзіне дейінгінің бәрін ұмытып кету, білмеу керек деген сөз емес» деп түйіндейді. Осы арқылы қазақ фольклорын жинақтап, баспаға тапсыру ісі жолға қойылады. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың да мемлекеттік дәрежеде қол­дауға ие болуына О.Исаевтың қатысы бар. Ақынның 75 жылдығында Жам­был шығармашылығы жайлы қағаз­ға қарамай баяндама жасаған Ораз Исаевтың шешендігіне сол жиында бол­ған қаламгерлердің өзі таңғалып, қол соққан екен.

«Еңбекші қазақтың» жауапты шығарушысы

Биыл бір ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған «Егемен Қазақстан» газетінде қазақ халқының талай-талай марғасқа ұлдары еңбек еткені белгілі. Солардың бірі – Ораз Исаев.

«Еңбекші қазақ» газетіне 1926 жыл­дың 13 шілдесінен 30 тамызына дейін Исаұлы Ораз «жауапты шығарушы» ретінде қол қойған» деп жазады белгілі зерт­теуші Тілекқабыл Боранғалиұлы аға­мыз.

Газет тарихындағы ең бір аласапыран кезең, қалыптасу дәуірінде – 1926 жылдың сәуір-тамыз айларында «Еңбекші қазаққа» Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов және Ораз Исаев бірінен соң бірі жетекшілік етіпті. Бұл үшеуі де бір мүшел уақыттан кейін «халық жауы» деген жаланың құрбаны болып, 1938 жылы атылған болатын...

80-жылдардың аяғынан бастап репрес­сияға ұшыраған қазақ зиялыларын ақтау, елге сіңірген еңбегін насихаттау жаппай қолға алынғаны рас. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, Ораз Исаев есімі толық ақталып, өзіне лайық құрмет көрсетілді деуге болмайды. Мемлекет және қоғам қайраткерінің 80, 100, 110 жылдық мерейтойлары мүлдем атаусыз қалды. Туған жерінде – Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында орта мектепке есімі берілгені болмаса, тарихи тұлғаның өмірі мен еңбегін насихаттау кем соғып жатыр. Сондықтан қайраткердің жерлестері биыл Ораз Исаевтың туғанына 120 жыл толуына орай Ақжайық ауданында оқушылар арасында «Алаштың ардақты азаматы» атты аудандық шығарма байқауын өткізіп, «Ел ұмытпас ерлерін» деген тақырыпта ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырды. Осы шараға мерейтой иесінің ұрпақтары, тарихшы ғалымдар шақырылып, Алматы қаласынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қайраткер туралы осы күнге дейін шыққан жалғыз кітаптың авторы Жұмабай Құлиев арнайы келген екен. Әрине, бұл шараны ұйымдастырушыларға рахмет. Бірақ аудандық деңгейде ұйымдастырылған істің ауқымы тар ғой. Ораз Исаев сынды күллі қазаққа қадірлі тұлғаның мерейтойын республикалық дәрежеде атап өтіп, өзіне лайық сый-құрмет көрсету – елдігімізге сын секілді. Ақжайықта өткен, біз қатысқан жиынның қарары, халықтың қалауы осындай болды.

 

Батыс Қазақстан облысы