• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Мамыр, 2019

«Құрметті сенатор» мәртебесі берілді

805 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева жетекшілік еткен палатаның кезекті отырысын­да үш мәселе қаралды. Оның бірін­ші­сі – Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назар­баевқа «Құрметті сенатор» мәр­тебесін беру жөнінде болды.

Отырысты ашқан Д.Назарбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті лауазымына кірісу кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру жөнінде ұсыныс жасағанын еске салды.

«Мемлекет басшысының ұсынысын қолдай отырып, Сенат бюросының мүшелері «Құрметті сенатор» мәртебесі туралы ереже бекітті. Ережеге сәйкес «Құрметті сенатор» мәртебесін беру жөніндегі шешім Сенат отырысында қаралады. Осы мәселе бойынша қандай пікірлеріңіз бар?» деді Д.Назарбаева.

Алғашқы болып сөз кезегін сенатор Талғат Мұсабаев алды. Ол Қазақстан пар­ламентаризмін дамыту үдерісі Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Прези­дентінің ақылға салынған саяси стратегиясының нәтижесі болып табылатынын атап өтті. «Биліктің барлық тармақтары арасында тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құру арқылы ел Парламенті тек заң шығару тетігіне ғана емес, мемлекеттің орнықты дамуына бағытталған мақсаттарына да жауап беретін беделді мемлекеттік орган болды», деді Т.Мұсабаев.

Владимир Волков егемендіктің алғашқы күнінен бастап Тұңғыш Президент Қазақстанға жоғары сапалы заңдарды қабылдауға қабілетті кәсіби Парламент қажет деп мәлімдегенін атап өтті. «Сол жылдары саяси және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың арасында жаңа Парламент үлгісіне қатысты ортақ пікір болған жоқ. Біреулері екі палаталы құрылым идеясын қолдады, екіншісі Жоғарғы Кеңесті сақтауды талап етті. Сол қиын кезеңде еліміздің тағдыры үшін жауапкершіліктің бүкіл жүгін біздің Тұңғыш Президентіміз өз мойнына алды», деді В.Волков. Ол қос палаталы Парламент қазіргі заманғы тарихында Тұңғыш Президент жүргізіп отырған реформаларға заңнамалық қолдауды қамтамасыз ете отырып, өзіне жүктелген жоғары миссияны жүзеге асырып келе жатқанына тоқталды.

Еліміздің конституциялық негіздерін қалыптастыруға, қос палаталы Парла­мент­тің құрылуына, Қазақстанның шет­­елдердегі бет-бейнесінің қалыпта­суы­на, еліміздің халықаралық аренадағы рөлін арттыруға қосқан Елбасының баға жетпес үлесі туралы айта келіп, сенатор Әли Бектаев бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл әлем мойындаған қай­рат­кер екенін атап өтті. «Алпауыт мем­­­ле­кет­тер басшыларының біздің Ел­басы­ны алақандарына салып, төбесіне көтеруі бүкіл қазақ халқына, тәуелсіз Қазақ­­станға көрсетілген құрмет деп есеп­теуі­міз керек», деді ол. Сенатор Қытай мем­ле­кетінің ең жоғары марапаты «Достық» ор­денінің; «Түркі тілдес мемле­кет­тер ын­ты­­мақтастық кеңесінің ғұмыр бойғы Құр­­­метті төрағасы» және «Жоға­ры Еура­зия­­­лық экономикалық кеңес­­тің Құр­метті төр­ағасы» мәртебесінің Н.Назар­баевқа бе­рілуі біздің елге, елі­міздің тұң­ғыш бас­шы­­сына көрсетілген зор құрмет екенін айтты.

Сонымен Парламент Сенаты­ның отырысында Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру жөнінде Сенат қау­лысы қабылданды. Қазақстан мемле­кеті­нің негізін қалаушы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елба­сына «Құрметті сенатор» мәртебесін беру Конституцияны, адам мен азаматтың құ­қық­т­ары мен бостандықтарын қорғау­дағы, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындаудағы, қоғам бірлігін қамтамасыз етудегі тарихи еңбегін мойындаудың көрінісі болып табылады.

Қазақстан Республикасының демо­кра­­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде консти­ту­ция­­лық-құқықтық негіздерін қалып­тас­­тыруға, сондай-ақ отандық парламен­та­ризм­­нің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қос­қаны үшін Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы­на «Құ­р­­мет­ті сенатор» мәртебесі беріліп отыр.

Отырыс барысында бірінші тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды.

Құжат сауданы реттеу мен ынтымақ­тас­тықтың ауқымды салаларын: ішкі на­рықты қорғау шаралары, саудадағы тех­никалық кедергілер, санитарлық және фи­тосанитарлық шаралар, кедендер ын­ты­мақтастығы, зияткерлік меншік, бә­се­ке­лестік, мемлекеттік сатып алу са­ла­­сын­дағы ынтымақтастық, салалық ын­ты­мақт­астық, электронды сауданы қамтиды.

Сенат басшысы көлік инфрақұры­лымын дамытудағы бірқатар өзекті мәселені, атап айтқанда, вагон паркіндегі тапшылық пен жүк тасымалы кезінде пайда болатын кезектерді атап өтті. Сондай-ақ Дариға Назарбаева Қазақстан – Қытай шекарасындағы контрабанда мәселесін тағы да көтерді.

Сенаторлар Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы шартты ратификациялады. Шартқа сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға сотталған немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды жазасын одан әрі өтеуге немесе емделуден өту үшін азаматтығы бар елге беруге міндеттенеді. Сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру үшін және одан бас тартуға нақты негіздер шартта көзделген.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Онда Дулат Құсдәулетовтің заңнамалық процесті жетілдіру мәселелері бойынша, Рысқали Әбдікеровтің бау-бақша және саяжай шаруашылығын дамыту, Ғұмар Дүйсембаевтың «Мұқыр – Құлсары» автожолының учаскесін қайта жаңартуды қаржыландыру, Сәуле Айтпаеваның балалар еңбегі мәселелері, Әбдәлі Нұралиевтің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру, Бірғаным Әйтімованың ҰҚК шекара қызметіне арналған кемелерді сатып алуды қаржыландыру қажеттігі, Серік Жақсыбековтің кедендік әкімшілік және кедендік статистиканың объективтілігі, Талғат Мұсабаевтың радиотелестансаларды пайдалануға беру мерзімінің бұзылу себептері және цифрлы телехабарларды іске асыру жоспарлары туралы сауалдары болды.