• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Мамыр, 2019

Елімізде патриоттық, әскери-спорттық мерекелік шара өтуде

1139 рет
көрсетілді

Бұл күндері республикамыздың бүкіл аймағында Жастар жылына орай RYH-MARAFON деп аталатын патриоттық, әскери-спорттық мерекелік шара басталды.

«Бақытты балалық шақтың күзетінде» деген ұранмен өтіп жатқан осы игі шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (ҚР ІІМ), Ішкі істер органдары (ІІО) ардагерлері кеңесі және республикалық «Динамо» дене-шынықтыру мен спорт қоғамының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Бұл күндері 7 мыңнан аса жас динамошылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, ювеналды полицияның тіркеуінде тұрған жасөспірімдер және ІІО қызметкерлерінің балалары спорттың бірнеше түрі бойынша сайысқа түсуде.  

Жарыстың ашылу салтанаты Алматыдағы «Динамо» стадионында өтті. «ҚР Генералдар кеңесі» президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Хайдаров, ІІО ардагерлері кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Сағынжан Асыл-Кеней және тағы басқа атақты динамошылар көпшілікке құттықтау сөздерін арнап, қатысушыларға ақ жол тіледі.

Жиын барысында сөз алған даңқты балуан, грек-рим күресінен қос бірдей Олимпиада жүлдегері, әлем, Еуропа, Азия чемпионы Дәулет Тұрлыханов: «Динамо» орталық кеңесі осы ауқымды шараны Балалар күні қарсаңында өткізуде. Бұл да бір құптарлық іс. Құрметті қонақ ретінде шақырылған мен осы жарысқа қатысуға келген жас өрендердің көптігін көріп, ерекше сүйсініп отырмын. Қазіргі кезде балалар ересек өмірге дайындалуда. Осы жолда олар спортты серік етсе, нұр үстіне нұр болады. Мен осы бастамаларыңызды толықтай құптаймын. Алдағы уақытта да үлкен табыстарға жетіңіздер! – деп ақтарыла сөйледі.

–  «Динамо» – менің ажырамас бір бөлігім, – деп қостады өз әріптесін, атақты боксшы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Виктор Демьяненко. – Айтулы қоғамнан талай дарабоздар шыққаны баршаға мәлім. Олар аса ірі халықаралық жарыстарда еліміздің спорттық даңқын асқақтатты. Мен де спорттық жолымды дәл осы стадионда бастағанмын. Сол кездегі керемет бокс залы күні бүгінге дейін көз алдымда».  

Сөз кезегі тигенде әйгілі ватерполшы, даңқты «Динамоның» серке ойыншысы, Олимпиада чемпионы Сергей Котенко: «Осындай өрімдей жастардың спортқа мықтап ден қойғандарын көріп, ерекше шаттанып тұрмын. Ертеңгі күні сол өрендердің арасынан мықты спортшылардың шығатынына қылаудай да күмәнім жоқ», – деп тебірене сөйледі.