• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Маусым, 2019

Өмір, қымбатсың маған!..

941 рет
көрсетілді

Сыртқы келбеті көзтартарлық еңселі үйдің ауласы айнадай жарқырап жатыр екен. Көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Сыртқы есіктен қабырғаны жағалай мүгедек арбасы жүретін аспалы жол тартылыпты. Таяныш жақтауы алақанның табымен ысылып, жылтырап тұр.
Жағалай гүл егілген, көкөніс отыр­ғы­­зылған шағын бақшада бір қыл­танақ арамшөп жоқ. Қай тұсқа қарасаң да, ұқыпты қолдың ынтасы анық бай­қалады. Сыртқы есік ашық екен, ішке ендік. Табалдырықтан аттар сәт­те бойда қобалжу басым еді. Қалай қар­сы алады? Тілдесе ме, жоқ па?..

Мүгедектер арбасына таңылғалы он жылдан астам уақыт өткен Рамазан Мұ­қатаев жайдары қарсы алды. Әлгі көңіл­дегі күдік әп-сәтте тарқап кеткен. Бұрыннан етене жақын адамдай амандық-саулықтан соң қауқылдасып қалдық. Ақжарқын, кішіпейіл, жайдары жан екен. Әуелгі тақырып қазіргі кә­сібіне ауған. 

– Бұрын тігін машиналарын жөн­деу біртүрлі қызық болып көрі­не­тін. Бір-біріне ұқсамайтын түрлі маши­налардың құрылысын, қаптаған ұсақ тетіктерінің қызметін ұғу, қи­сынын тү­сіну көңілімді баурап тұ­ратын. Сы­­рын ұққым келген. Ол тұс­та әуес­қойлық еді, – дейді шебер, – тігін м­а­ши­насының сан түрі бар ғой. Аяқ­пен, қолмен жүргізетін, көбіне электр қуа­тымен жүргізілетін маши­налар. Не­гізінен, Ресейдің Тобыл қала­сын­дағы зауыттан шыққан. Кейін қы­тайдың машинасы көбейді. Қазір бір оңды жері – әлеуметтік желінің кө­ме­гі зор. Бі­рінші рет кездесіп тұр­ған түрлерін содан қарап аламыз. Ең алдымен ақауын табу керек. Одан кейінгісі оңай. Қосалқы бөлшектерді тапсырыс ар­қылы алдырамыз.  

Солтүстік Қазақстан облысының Айыр­­тау ауданына қарасты Елец­кий елді мекенінде туып-өскен Ра­ма­­зан орта мектепті бітіргеннен кейін­ Целиноград қаласындағы ин­­женер­лік-құрылыс институтын бі­тір­­ген. Елецкий негізінен тың­гер­лер­дің ме­кені. Жергілікті ұлт өкіл­­дері сау­сақ­пен санарлық. Бірақ кейіп­­кері­міз ана тілін көркемдеп, кестелеп сөй­лейді екен. Жетістігінің жайын сұра­ғанбыз,

–  Әжемнің бауырында өстім, – дей­ді шебер, – еңбекқор жан еді. Қолынан кел­мейтіні жоқ. Бәлкім, бойымдағы ең­бекке деген құштарлықты, ұлты­мыз­­дың ғажайып салт-дәстүрінің жұ­қа­насы сол кісіден жұққан-ау деп топ­­шылаймын. Ертеректе тұңғыш пер­зентті әке-шешесінің қолынан алып, атасы мен әжесі бауырына сал­ды­ ғой. Сол дұрыс еді.  

Еңбек жолын туған жерінде бас­тапты. Кеңшар директорының орынбасары лауазымына дейін өскен. Дәл осы тұста ел тәуелсіздік алған. Ел ішін­­дегі елең-алаң тағдыр жолына да әсер етсе керек. Кеңшар тарағаннан кейін жұмыссыз қалған жоғары бі­лім­ді жас жігіт елде қол қусырып оты­­ра алмай, құрылыс жұмыстары қар­қын алған Астанаға аттанған. Ай­туына қарағанда, тіршілігі жаман бол­маған көрінеді. Біршама тәжірибе жинақ­таған, қолынан іс келетін бі­лікті маман жаңа астананы өз қол­дарымен тұрғызып жатқан құрыш қолды құрылысшылардың бригадирі болыпты. Талай-талай көркі көз сүй­сіндіретін, көк аспанмен таласқан ғи­мараттарды салысқан.     

– Ескі жараның аузын тырнады демеңіз, денсаулығыңызға зиян келген оқиға Астанадағы құрылыста жұ­­мыс істеп жүрген кезіңізде болды ма?­ – деп сарымайдан қыл суырғандай жа­ны­на тигізбей сұрадық.

Жаңа ғана жаз гүліндей жайнап отырған қабаққа болар-болмас кірбің түс­ті. Көкірегі қарс айрылардай те­рең күрсінген. 

– Шетелде, – деді шебер, – «пәлен жер­де алтын бар»  дегендей елдің бә­рі бақытын басқа жерден таппақ болып шекара асқан кезде шерменде бол­ған жанның бірі бізбіз ғой. Сол құ­рылыс өз Отанымызда да жүріп жат­қан. Бірақ енді өткенге өкінудің жөні жоқ, тағдырдың маңдайымызға жазғаны сол.  Тағдыр маңдайға таңбалаған жазу­дың қасіретін қайыспай көтеріп алыпты. Омыртқасы опырылып, арбаға та­ңы­лып қалса да, мынау жарық дү­ниенің қызылды-жасылды қызығын он екі мүшесі сау адамдай көріп-ақ ке­леді. Жалғыз қызықты ғана емес, жа­нын жалдап етіп жатқан еңбегінің  зейнетін де. 

Мана алғаш сөз сабақтаған кезде тігін машиналарын жөндеу жасөспірім кезінен бері қызығып істейтін, аңсары ауып тұратын, әуесқойлығы басым ша­руам еді деген болатын. Кейін ар­баға таңылған соң кәдімгідей кәсіпке айналған. 

– Тұтынушыларыңыз көп емес шығар. Келін-кепшік ине сабақтауды ұмыт­қалы қашан? Зәуде бір киім қыс­қарту қажет болса, орталықта тігін цехтары самсап тұр ғой. Солардың қыз­метіне жүгінеміз, – дедік біз тігіншілік жай­лы бастауыш білімімізді негізге алып.  

– Неге олай дейсіз? Қазір жас­тардың еңбекке деген ынтасы өте жақсы. Мені сол қуантады. Тігін ма­ши­насының да мүмкіндігі көп қой. Ирек­теп ою салатыны, кестелейтіні, ілмек қадайтыны дейсіз бе, тігін операциялары толып жатыр. Ең дұрысы, жай тігісті орындайтын қарапайым машинамен қол жаттықтыру шығар. Біз тігіншілік өнерді емес, сол өнерді игеруді мақсат тұтқан тігіншілердің көмекшісі ғанамыз. Қазір бұйымтайын айтып қыз-келіншектер ғана емес, жас жігіттер де келеді. Солардың адал ең­­бек еткісі келген ниетіне, ынтасына қа­рап отырып қызығамын, талпыныс­тарын қоштаймын. Негізінде адам елге игілігі тиетін бір мамандықтың иесі болуы керек және қолынан келіп жат­са, сол кәсіптің шын шебері болса, тіпті жақсы, – дейді шебер, – мықты дәнекерлеуші болсаң, тындырымды токарь болсаң, қызметіңе мұқтаж жандар өздері іздеп келеді. Сондықтан таңдап алған кәсібіңді қапысыз мең­герсең, далада қалмайсың. 

Тіршілік үшін тірнектеп, тырбанып жүрген жанның табысын сұрау әбестеу еді. Тек манағы  біз қызыққан үй­ді әуелі жалдап тұрып, кейін сатып ал­ғанын естігенде, көңіл тоғайып қал­ды. 

Үйдің сырты қандай әсем болса, іші де құрқылтайдың ұясындай жып-жылы екен. Бұрын да ыдыс-аяқ­ сылдырламаған, ал қол арбаға та­ңыл­ғаннан бері ынтымақ-бірлік тіп­ті арта түскендей. Көзінің ағы мен қара­сындай екі қызы желкілдеп өсіп ке­леді.  

Рамазанның бір ойы тіпті қызық екен. Тігін машинасының құжынаған тетіктерін қоғам мүшелеріне ұқсатады. Ай­талық, тігін машинасының бар теті­гі мүлтіксіз жұмыс істеп тұрса, жіп те үзілмейді, тігіс те түзу түседі. Қо­­ғам да солай, оның әр мүшесі қалт­қы­сыз қызмет еткенде ғана біртұтас жа­сампаз әлемге айналады. Белден келетін бейнетті кешіп жүрсе де, жас­тардың тәрбиесіне өз үлесін қосып жа­тыр екен. Облыс орталығындағы үстел теннисімен айналысатын мүм­кіндігі шектеулі жандардың жаттық­тырушысы. Айтуына қарағанда, басым көп­шілігі жастар. Облыстық құрама команданың мүшелері. Еңбек ету, спортпен айналысу тағдыр тәлкегіне ұшы­раған адамдардың көкірегіндегі өмірге деген құштарлықты арттыра түс­пек. Ал шебер болса, олардың бойын­дағы жасу, қамығу тәрізді кей­бір ақауларды түзетіп, түзу жолға сал­мақ. 

Көкірегінде көп арман бүр жарып отырған қайсар жігіттің үйінен әрі таңырқап, әрі разы болып аттандық. Жігіттік мінезіне, ерге тән ерлік қи­мылына!

КӨКШЕТАУ