Бұл күндері Біріккен күрес әлемінің бюро мүшесі, Азия күрес федерациясының президенті қызметін атқарып жүрген даңқты балуан, Сеул мен Барселона Олимпиасының жүлдегері, әлем, Еуропа және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, әлем кубогының екі дүркін иегері, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы Дәулет Тұрлыханов осы жарыс қарсаңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Осыған дейін Семей қаласында ұйымдастырылып келген елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған халықаралық турнир соңғы кездері Алматыда өтіп жүргені баршаңызға мәлім. Бұл – Біріккен күрес әлемінің күнтізбесіне енген Қазақстандағы жалғыз жарыс. Бұл турнирде белдесулер тек Олимпиада бағдарламасына енген салмақ дәрежелері бойынша ғана өтеді. Сондықтан да айтулы турнирде кіл мықтылар күш сынасады. Солардың арасында Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген атақты балуандардың да қарасы мол. Егер жігіттеріміз осы байрақты бәсекеде бір алтынға қол жеткізсе, соның өзі біздің команда үшін жақсы нәтиже болар еді», деп өз ойын айтқан еді.
Айтқандай-ақ, биылғы турнирдің деңгейі өте жоғары болды. Өз елімізде, өз жерімізде өтіп жатқан жарыста қазақстандық балуандар арасынан тек Асхат Ділмұхамедовтің ғана бас жүлдені олжалауға күш-жігері мен қарым-қабілеті жетті. Расында да, 77 кило салмақ дәрежесінде белдескен Алматы облысының өкілі бұл турнирде керемет өнер көрсетті. Таяу күндері 33 жасқа толатын ардагер балуан жиырманың ішіндегі жалынды жастармен қатар, талай ұлы дүрмектерде атой салған сақа спортшылардың барлығын жолынан ығыстырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Былтырғы жылы Азия чемпионы атанған қандасымыз финалда 2018 жылғы әлем және 2014 жылғы Еуропа чемпионы, ресейлік Александр Чехиркиннен айласын асырды. Білікті бапкерлер мен майталман мамандардан бастап, қарапайым көрермендерге дейін Болат Тұрлыхановтың кубогы жолындағы жарыста Асхаттың асқан шеберлігіне тәнті болып, Алаш жұртының мерейін асқақтатқан қайсар ұлға тік тұрып қошемет көрсетті.
Дәл осы салмақта белдескен Асхат Жаңбыровқа да жұрт риза болды. Бастапқы бәсекелердің барлығында жеңіске жеткен жерлесіміздің жартылай финалда жолы болмады. Есесіне қола медаль үшін тартыста ол Ресейдің тағы бір жұлдызы, 2016 жылғы әлем чемпионы, әлем кубогының екі дүркін иегері Рамазан Абачараевтан басым түсті. 60 кило салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғали мен Әли Реза Нежати белдесуге тиіс еді. Алайда, жартылай финалда жарақат алған қазақ спортшысы шешуші айқасқа шықпады. Осылайша, Иран балуанының бағы жанып, ол бас жүлдені олжалады. Айдос күміс медальді қанағат тұтты. Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы, ресейлік Мингиян Семенов пен өзбекстандық Исломжон Бахрамов қолаға қол созды.Жанкүйерлер 67 кило салмақтағы финалдық сайысты да көре алмады. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, грузиялық Шмаги Болквадзе жарақатына байланысты боз кілемге шықпады. Нәтижесінде Еуропа біріншілігінің жүлдегері, ресейлік Заур Кабалоев бірінші орынды иеленді. Ирандық Мұхаммед Резаи мен өзбекстандық Арам Варданян үшінші сатыға табан тіреді.
87 кило салмақта ресейлік Бекхан Оздоевқа тең келер ешкім табылмады. Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері ақтық айқаста ирандық Рамин Танерисартангты тізе бүктірді. Белоруссияның қос мықтысы – Миколай Стадуб пен Радик Кулиев қола медальді қоржынға салды.
97 кило салмақ дәрежесінде Ресейдің үш апайтөсі жеңіс тұғырына көтерілді. Александр Головин күміс медальді мойнына ілсе, Никита Мельников пен Данила Сотников қола жүлдені еншіледі. Ал солардың барлығынан Артур Алексанянның шоқтығы биік болды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында күміс, 2016 жылы Рио Олимпиадасында алтын алып, үш рет әлем чемпионаты және төрт рет Еуропа біріншілігінде бас жүлдені иемденген Арменияның атақты балуаны Алматыда да қарсылас шақ келтірген жоқ.– Алматыдағы айқастардың ешбірінде жеңіс маған оңайлықпен келген жоқ. Барлық жекпе-жекте көп көп тер төктім. Бұл жағдай Болат Тұрлыханов турнирінің деңгейі аса жоғары болғанын аңғартса керек, Енді жеңісті жолымды Нұр-Сұлтанда жалғастырсам деймін. Қыркүйек айында қонақжай Қазақ елінің астанасында жалауы желбірейтін әлем чемпионатында бас жүлдені олжалауды көздеп отырмын, – деп Артур Алексанян ақтарыла сөйледі.
Алыптардың айқасында Беларусьтің беткеұстары Кирилл Хришчанканың асығы алшысынан түсті. Финалда ол ресейлік Виталий Щурге шаң қаптырды. Қос қола медальді ирандық Шахаб Гхоурехжили мен грузиялық Якоб Каджая иеленді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дәстүрлі медальдар мен дипломдардан бөлек, ақшалай сыйлықтар да табыс етілді. Бір ғажабы, осы турнирді тамашалауға келгендердің арасында атағы алысқа жайылған ардагер балуандардың қарасы мол болды. Екі күнге созылған бәсекелер барысында Жақсылық Үшкемпіров, Бақтияр Байсейітов, Георгий Цурцумия, Әсет Мәмбетов, Ермек Көкетов, Әсет Иманбаев сынды отандастарымыздан бөлек, шет мемлекеттерден келген Камандар Маджидов пен Сергей Демешкеевич бастаған грек-рим күресінің хас шеберлерін де көзіміз шалды. Сондай-ақ Болат Тұрлыхановтың зайыбы, Батыр ана Мәрзия Айтбайқызы, ұлдары – республикалық ауыр атлетиканың құрметті президенті Қайрат Тұрлыханов пен даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов және тағы басқа елге елеулі тұлғалар айтулы жарысты басынан аяғына дейін тамашалады. АЛМАТЫ