«Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – отаншылдықтың белгісі. Кезінде Түркістанның сайыпқыраны Бекзат Саттарханов Сидней төрінде чемпион атанып, рәміздерімізді күллі әлемге танытты. Міне, қазіргі жастар сол Бекзат батырдай намысты болып, елге қызмет етулері тиіс. Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Елтаңбамыз мәңгі жарқырап, көк туымыз мәңгі желбірей берсін. Күллі Алаштың болашағы жарқын болсын!», – деді М.Отарбаев. Мерекелік шаралар аясында кітап көрмесі өтіп, ақындар мен әншілер отаншылдыққа шақыратын шығармаларын орындады. Тұлпар мінген жігіттер көк туды желбіретіп, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына асқақ рух пен жігер сыйлады. Сондай-ақ «Асыл қазына» әжелер ансамблі, оқушылардың хор ұжымы, «Семсер», «Болашақ» топтары мен «Шабыт», «Бисұлтан» бишілер тобы өнер көрсетті. Сарбаздар мен «Жас сарбаздар» клубының мүшелері мемлекеттік рәміздерді ортаға алып шығып, құндылықтарды құрметтеу жөнінде ұран тастады.
Ал Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында Мемлекеттік рәміздері күні аясында «Менің туым» атты акция ұйымдастырылды. Шара барысында жетісайлық жастар қаланың көрікті көшелерінде вело, мото, автошеру өткізіп, мерекенің маңызын айшықтай түсті.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шаралар түркістандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, отаншылдық дәріптелді.
Түркістан облысы