30 мамырда Мекке қаласында Сауд Арабиясының королі Салман ибн Әбдел-әзиз Әл Саудтың бастамасымен Араб Лигасына мүше барлық 20 мемлекет көшбасшыларының төтенше саммиті болды.
Осы жиынның алдында Меккеде болған Парсы шығанағы жағалауындағы Араб мемлекеттері ынтымақтастығының кеңесі де дәл осы мазмұндағы мәлімдеме жариялаған еді. Бұл кеңеске алты мемлекет мүше. Осы форумды да «Аймақтағы жағдайдың күрт нашарлап кетуіне байланысты» деген себеппен Саудияның королі шақырған.
Өз тарапынан Иран бұл мәлімдемелердегі айыптарды жоққа шығарып, Эр-Риядтың қасиетті Рамазан айында АҚШ-ты қолдау саясаты үшін саммит ұйымдастырғанын айыптады.
Біз бұған дейінгі «Таяу Шығыс тағы толқып тұр» атты мақаламызда («ЕҚ», 31.01.2019 ж.) Иран мен АҚШ арасының қатты суысып кету себептері туралы жазған болатынбыз.
Осы саммиттердің алдында Саудияның Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әдел әл-Джубейр Эр-Риядта жасаған баспасөз-конференциясында Сауд Арабиясы Таяу Шығыста соғыс отын тұтатпау жолында қолынан келген істің бәрін жасайтын болады деп жариялаған. «Соғыс аймақтағы барлық елдерге де қасірет әкеледі. Сондықтан біз оны болдырмауға барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», деді ол.