• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 05 Маусым, 2019

Хамза театрында – қазақ өнері

1061 рет
көрсетілді

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры Қазақстанның Өзбекс­тандағы жылы аясында Ташкенттегі Хамза атындағы ұлттық академиялық драма театрында «Мұңмен алысқан адам» драмасын ұсынды. Туынды авторы – белгілі драма­тург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, қоюшы режиссері – Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай.

Тағдыр тауқыметімен атажұрттан алыстап қалған Асан қарияның бар аңсары – туған жерін бір көру. Жат елден жұмақ тапқанымен, сағыныш меңдеген жүрек жұбанар емес. Көкейдегі мақсат-тілегі тек қана туған жерге оралу. Парижде ұзақ жыл өмір сүрген Асан қария ұлдары Марат пен Елжанға: «Мені туып-өскен Отаныма алып барыңдар», деп өтініш айтады. Сол тұстан бастап олардың арасында тартыс басталады. Аяғында кіші баласы әке арманын орындап, Қазақстанға ат басын тірейді. Кедергілерді жеңіп, Отанына аяқ басқан қария мұнан соң да түрлі қайшылықтарға тап келеді...

Драма авторы Жолтай Әлмашұлы театрдың сапары жайында: «Осы уақытқа дейін азды-көпті біршама туынды жазған екенбіз. Алайда бәрінің бірдей жолы болып жатыр десек, артық сөз шығар, бәлкім. Бірі жалғыз-ақ рет қойылып, қайталап сахналанбады, кейбірі он жылдап сахнадан түспей қойды, енді бірінің жолы таласқа иектеп, тастаққа тартты, тағы бірінің бағы жанбады – көркем дүниенің де кәдімгі жаны бар адам секілді тағдыры болады екен-ау. Ал мына «Мұңмен алысқан адам» жазылғалы бері он жылға тақап қалыпты. Осы кезеңде сан рет сахналанды, еліміздің талай жерлерін аралады, тіпті студенттер оны ағылшын тілінде сөйлетіп үлгерді. Енді міне, Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында өтетін мәдени шараға таңдап алынған екі бірдей қойылымның біреуі І.Есенберлиннің «Хан Кенесі» де, ал екіншісі – менің «Мұңмен алысқан адамым». Осы шараға арнайы шақырту алдым. Қаны бір туысқан халықтың кеңпейіл көрерменімен бірге театр залында қатар отырып, өз қолымыздан шыққан драма бойынша сахналанған туындыны тамашалаудың өзі ғанибет емес пе!» дей келіп, театрдың мұнан кейінгі сапары Түркістандағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрында жалғасатынын айтты. 

Қаршыға КҮЛЕН