• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Маусым, 2019

«Мауглидің» адасуы

2189 рет
көрсетілді

1936 жылдың қаңтарында ағыл­­­шындар өз ұлтының біртуар ақыны әрі көр­­­некті қаламгері, Англияның атынан бірінші болып Нобель сыйлығын еншілеген лауреаты Редьярд Киплингті соңғы сапарға шығарып салды. Қилы кезеңде туып, шытырман өмір кешкен суреткер «Жүз қайғының қақпасы» атты тырнақалды туындысымен-ақ әдеби ортаны таңғалдырып, аузын ашқызып, көзін жұмғызған еді. Оқырманды тол­ғандырып, ой-өрісін кеңітіп, көңілін байытқан, мұхиттың тұңғиық түбіндей мағынасы терең әңгімені жасы әлі он тоғызға да толмаған газет тілшісінің жазғанына жұрт сенерін де, сенбесін де білмей алғашқыда абдырап қал­ған. Таланттың жас талғамайтыны рас­ екен, белін бекем буып, проза­ жанрын­да бағын сынап көрмекке тәуе­­кел еткен жігіт шыншылдыққа, шы­­­мыр­­лыққа, астарлыққа құрылған ал­ғашқы шығармасымен-ақ әдебиеттің киелі табалдырығын құбылыс болып аттап, жұртты өзіне жалт қаратты. Жа­нартаулар атылғанда ғасырлар бойы жер қойнауында тығылып жатқан асыл қазыналар жер бетіне шығады екен ғой. Киплингтің «Жүз қайғының қақпасын» да дәл осындай ағыл-тегіл болып ақтарылған нөсер шабыттың же­місіне теңесек, шындықтың ауылынан алыстай қоймайтын шығармыз.

Содан бергі уақытта Киплингтің құ­діретті қаламынан қоғамдық болмыс­ты шынайы кескіндеген, әлеуметтік орта өкілінің күрделі психологиясын ас­қан шеберлікпен ашқан жүздеген шы­ғармалар туып, бәрі де оны өз за­манының ұлы ақыны әрі көрнекті жазушысы ретінде мойындады. Сондықтан да оқиғалары қызық, мазмұны бай, кестелі тілді көркем новеллаларымен­ елді еліктіріп әкетіп талантына табын­дырған суреткерге, дәмді әңгіме­лерімен балдырғандарды сүттей ұйытқан ерте­гішіге, лапылдаған сезімге толы сұрапыл өлеңдерімен жүрек отын жандырған шайырға көрсетілген зор құрмет пен қо­шеметтің белгісі ретінде оның сү­йе­гі Вестминстерс абаттығында жер­ленді. Бірақ әлем мойындаған ағыл­шын­дардың ұлы ақынын жерлеу рәсімі елеусіз өтті, бірде-бір өнер адамы он­даған жылдар бойы оқырмандарының се­зімін жібектей нәзік жырларымен тебірентіп, шығармаларына тәнті еткен перзентін жерлеу рәсіміне қатыс­қан жоқ. Қатардағы қарапайым қа­лам­­герлерді тілге тиек етпегенде, аза­мат­тық ұстанымының жоқтығы мен саяси көзқарасына бола одан Герберт Уэллс пен Грэм Грин сияқты танымал тұл­ғалардың өздері де түңіліп кеткен болатын. Дегенмен, алға озып кетпей, хи­кая­мыздың мән-жайы оқырманға тү­сінікті болу үшін әңгімемізді рет-ретімен, басынан баяндайық.

«Адамның басы – Алланың добы». Дүниеге жылап келіп, кейіп кететін екі аяқты саналық тіршілік иесінің өл­шеу­лі ғұмырының қай күні аяқталып, өмір сағатының қай күні соғуын тоқ­тататыны ұлы Жаратушының жұмса жұ­дырығында, ашса алақанында еке­ні әлімсақтан анық ақиқат. Екі аяқ­ты пенденің пешенесіне жазылған тағды­рынан қашып құтыла алғанын қашан көріп едіңіз. Халқымыздың дүлдүл ақы­ны Нұрхан Ахметбековтің:

Біреуге ажал – судан, біреуге – оттан,

Кейбіреу майып болған бір апаттан,

Дүние кейбіреуге кең жай беріп,

Кейісін тар қапаста зар жылатқан, – деген өлең жолдары осындайда ерік­сізден есіңе түсіп, ойға шомдыратыны бар. Әйткенмен, таланты ә дегеннен мойындалып, әлемге әйгілі болған Кип­лингтің мына жалғаннан түңіліп Тәңіріне де, тағдырына да өкпелей алмасы айдан анық. Ең құрығанда Еуропа елдерінің бірінде де емес, Отанынан жырақта – сонау алыстағы Үндістанда дүниеге келіп, кіндігі кесілген сәбиді күндердің күндерінде даңқты қаламгерге айналып, өркениет көшінің алдында оза шауып келе жатқан Англия мемлекетінің атынан әдебиет саласындағы ең атақты марапатты бірінші болып иеленеді деп кезінде кім ойлаған?

Белінен туған перзентінің жазу­шы­лық жолды таңдауын жүрегі қаламаған әкесі де байлығы тасыған дәулетті адам бол­ған жоқ. Бірақ сіңірі шыққан кедей де емес отағасының бала-шағасын асы­рауға мүмкіндігі жетерлік табысы бар-тын. Тағдырдың дауылы айдап Үн­дістанға келіп қалған Кенсингтон көр­кем училищесінің түлегі, мүсінші әрі сәндеуші Джон Локвуд Киплинг жер­гілікті мектептердің бірінде сабақ беріп, нәпақасын тауып жүрді. Қолданбалы өнер мектебінің директоры және Ла­хордағы Үнді өнер музейінің кураторы қызметін атқарған әкесінің жазушылық кәсіпке де бейімі бар еді. 1891 жылы оның «Үндістанның адамдары мен аңдары» деп аталатын түрлі-түсті суреттермен және ұлының өлеңдерімен бе­зендірілген кітабы жарық көрді. Ақ­сүйектер элитасының тобына жатқан Киплингтер отбасының қоғамдық ортада ауыз толтырып мақтанарлықтай беделі болды.

Замандастары өмірінің соңында оны сыртынан «империалист» деп те ма­зақтады. 1927 жылы орыстың талантты ақыны Осип Мандельштам «Им­периалистік Англияның жазушысы Киплингтің жануарлар туралы әңгімелерінен  де билеуші таптың үні бай­қалады» деп жазуға дейін барды.

Үнді елінің тамылжыған табиғаты, халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тір­шілігі мен мінез-құлқы болашақ жазу­шының дүниетанымына қатты әсер етіп, көңілінде өшпестей ізін қалдырды. Ес­тері кіре бастағанда Редьярд пен оның қарындасы Триксті ата-аналары білім алу үшін Англияға оқуға жіберді. Әке-шешесі оқуға жіберген жекеменшік пан­сион балаларды қатал жазалауы­мен аты шыққан білім мекемесі-тұғын. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаң­­бақтай еркіндікте өсіп, біреуге ба­ғынышты болудың не екенін білмеген бес жасар балаға амалсыздан оқу ор­да­сының темірдей тәртібіне төзуге ту­­ра келді. Жекеменшік пансионның қо­­жайыны Роза ханым жасап қойған тәртіпсіздіктері үшін балаларды аяусыз жазалайтын. Оқу орнындағы көрген зорлық-зомбылықтардан көңілі құлазып, жаны күйзелген Редьярдтың жүйкесі тозып, түнде ұйықтай алмай қалатын дертке шалдығып, өмір бойы одан сауыға алмады.

Бетіне жел тигізбей, мәпелеп өсірген ұлының кенеттен сырқаттанып қалғаны туралы жағымсыз хабарды құлағы шалып қалған анасы Англияға құстай ұшып жетіп, білім мекемесіндегі балалардың қандай ауыр жағдайда тәрбиеленіп жатқанын көзімен көріп, оны ойланбас­тан мектептен шығарып алып кетті. Сөйтіп  бұғанасы бекіп, қабырғасы әлі қата қоймаған, жасы он екіге енді ғана толған Редьярдты ойлана келіп әке-шешесі Вествард-Ходағы «Қарулы күш­тер колледжіне» оқуға берді. Онда қатар-қатар болып қаздай тізілген шағын үйлерде екі жүзге жуық жеткіншек білім алатын. (Киплингтің бір кітабында ол білім мекемесіндегі болған оқиғалар жан-жақты баяндалады. Сыныптағы тәлімгері мен әулие әкейден басқа колледж­де жұмыс істеген мұ­ғалім­дердің бәрі де онда жабайы, дөрекі, надан адамдар болып суреттелген).

Ата-анасы әскери-отаршылдық қыз­метті таңдағаннан кейін ұлдарының Үндістанға қайтып оралатынына кәміл сеніп, үміттерін үкілеп, оны асыға күтті. Бі­­рақ амал нешік. Жалғыз ұлы олардың ел­гезек көңілдерін елеңдеткен үмітін ақ­тамады. Көзі дұрыс көрмейтін жаны нәзік жігіт денсаулығына байланысты әс­кери мансабымен біржола қоштасты.

Әскери оқу орнының қабырғасында жүргенде Редьярд қарап жүрмей білім мекемесінің бастығы, әкесінің досы Кормелл Прайспен жақынырақ танысып алып, ол сөз өнеріне жан-тәнімен құштар баланың бойынан таланттың ұшқынын байқап қалып, оны әдебиетке баулып, осы бағытта іздене түсуіне кө­мектесті. Тіпті, оқу орнында арнайы ақындық байқау ұйымдастырып, Киплинг оп-оңай оның жеңімпазы атанды. Мұның сыртында елгезек бала зе­ректігінің арқасында француз тілін де тез үйреніп алды.

1882 жылы Үндістанға оралып, жур­налистік қызметпен айналысты. Уақыт өте келе Аллахабедта шығып тұр­ған «Pioner» газетінен оған шетелдерге жасаған саяхаты туралы очерк­тер сериясын жазып беруін өтінген ұсы­ныс түсті. Көктен іздегені жерден табылғандай болып, бақыттан басы айналған ол бұл ұсынысты қуана-қуа­на қабылдап, Азия мен Америка халықтарының тұрмысын зерттеуге жан-тәнін салып құлшына кірісті. Жер бетіндегі көптеген халықтардың мә­дениеттерімен етене танысқаннан кейін есте қалған ұмытылмас әсерлерін қағазға түсіріп, олардың бәрі 1888-1889 жылдары шыққан кітаптарында көрініс тапты. Жалпақ жұртқа жан сырын жа­йып­­­­ салған шығармаларды ел сүйсіне оқып, сыншылар Киплингтің ешкімге ұқс­амайтын дара қолтаңбасы мен жазу мә­нерінің ерекшелігін жілігін шағып талдап, баспасөзде жарияланып жатқан әңгімелерінің аяғын жерге тигізбей көкке көтере мақтай жөнелді.

Ал атағы шыға бастаған Киплинг болса, 1889 жылы әуелі Қытайға бет алып, одан кейін Бирма мен Жапонияға сапар шегіп, сосын Солтүстік Америкаға сая­хат жасап келген соң Лондонына қайтып оралып, тұла бойын шабыт кернеп, тың туындыларын жазуға біржола ден қойды. Алайда, алған әсерлерінің буымен жазылып қалып 1890 жылы жарық көрген «Сәуле сөнді» романының қиюын келістіре алмай, сәтсіз шыққан туынды жұрттың сынына ұшырады. «Наулакха» атты екінші романын бас­тау­ға кіріскен жылы Америкадан келген баспагер Уолкет Бейлстирмен танысты. Кейін екеуі бірігіп шығармалар да жазды. Досы сүзектен қайтыс болғаннан кейін қарындасына үйленіп, Вермонтқа қоныс аударды. 1894 жылы «Джунгли кітабы», 1895 жылы «Екінші джунгли кітабы» атты өрнегі өзгеше тоқылған әлем оқырмандарын тамсандырып, таң­дайын қақтырған оқиғалары қызық шы­ғар­малар жинағы бірінен кейін бірі жарық көріп, атағы күннен-күнге аспандай берді. Балаларға арналған туындылары оны әлемге танымал жазушы етіп, даңқын бұрынғыдан да бетер дүрілдетіп жіберді. Сондай-ақ сол жылдары жарық көрген Киплингтің бірнеше өлеңдер жинағы да жырсүйер қауымның жүрегінің төрінен өзіне лайық орнын тауып, ыстық ықыласы мен зор сүйіспеншілігіне бөленді. 1897 жылы әдебиет үшін үлкен жаңалық болған «Ержүрек теңізшілер» романы оқырман қолына тиді.

1899 жылы Киплингтер отбасы қайғылы жағдайға ұшырап, өкпе қабы­нуынан сырқаттанып қалған қызы Джо­­зефина кенеттен дүние салды. Англо-бурск соғысының басталуы оны Оң­түстік Африкаға көшуге мәжбүр қылып, сол жерде ол әскери газетті шығаруға ден қойды.

Елдің бәрі де «Маугли» ертегісінің авторынан қоғамдағы әлеуметтік шын­­­­­­дықтарды жан-жақты суреттеген,­ зұ­лымдыққа қарсы шығып, гу­ма­низм­нің әділеттілік идеалдарын дә­ріп­­тей­тін, маз­мұны бай, мағынасы терең шығар­малар­ды асыға күтті. Бірақ бәрі керісінше бо­лып, тырнақалды туын­­дысымен-ақ ай­­дай әлемді өзіне жалт қа­рат­қан сыршыл суреткер өнер жолы­нан адасып, өз елінің империялық сая­сатын қолдап кетті. Әдебиеттегі гу­манистік принциптерді аяқасты етіп, отаршыл империяның шаш­бауын­ көтеріп, Англияны басқа ел­дердің бә­рінен жоғары қойып, жалған отан­­шыл­дықтың дертіне шалдықты. Аяу­сыз әшкерелеудің орнына, солдаттар мен офицерлердің жауыздығына қолдау танытып, қатыгездік пен жалған ұлт­шыл­дықтың жалауын желбіретіп, зұ­лым саясаттың жыршысына айналды. Отарлаушы Англияның бөтен елдің жерін опасыздықпен басып алып, рухани және материалдық байлығын иеленіп, мил­лиондаған адамдарды құлақкесті құлдарына айналдырып жатқан саяса­тын жақтай жөнелді. Зымиян билік те ата­ғы шыққан қаламгердің еңбегін елеу­сіз қалдырмай, империалис­тер оның ке­ңе­сіне құлақ түріп, әр сөзі үшін қомақты қа­ла­мақы төлеп тұр­ды. «Киплингтің өмі­рі кез келген гений­дің өзін өзі қалай құр­тып жібе­­ре алатындығының жарқын мысалы болады» деген екен орыс жазушысы Паустов­­ский.

Атақты қаламгердің отаршылдық сая­сатқа берілгені соншалық, тіпті, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде алып қалудың орнына, керісінше бар беделін салып, денсаулығы жоқ жалғыз ұлын қан майданға жіберді. Өте әлжуаз, көзі де нашар көретін жігіт со­ғыста қаза тапты. Бұл оқиға баласын өлімнен арашалап, оны майданға жі­беруден алып қалуға тырысқан әйелі екеуінің арасына салқындық түсіріп, се­зімдерін суытып жіберді. Жылап жү­ріп Құдайдан сұрап алған перзентінен айы­рылған ана соғысқа лағнет айтып, күйеуін қарғап, оны өлгенше кешірген жоқ.

Дәм-тұзының таусыларын сезген өмірінің соңғы жылдарында ғана Кип­линг сүйікті ұлын ағылшын отар­­­­­шыл­дарының жалған саясатына бола өлімге байлап бергенін түсініп, жал­ғыздықтан жаны күйзеліп, ауырып қалды. Қайғыдан ойы ормандай теңселіп, көңілі құлазыған әйелі ұлының өлімінен кейін күйеуін жек көріп, тіпті ол басын көтере алмай қиналып, төсек тартып жатып қалғанда жанына бармай қойды. Англиядағы Джон Мильтоннан кейінгі романтизм әдебиетінің ең соңғы ұлы ақыны саналатын Киплингтің ұлына арнаған «Өсиет» деген ғажайып өлеңі бар.

Владей собой среди толпы смятенной,

Тебя клянущей за смятенье всех,

Верь сам в себя, наперекор вселенной,

И маловерным отпусти их грех;

Пусть час не пробил, жди, не уставая,

Пусть лгут лжецы, не снисходи до них;

Умей прощать и не кажись, прощая,

Великодушней и мудрей других...

 Ағылшын ақынының тағдырлы туындысының алғашқы жолдары осылай басталады. Бірақ амал нешік? Ұлы­на арнаған өлеңі арқылы барша адам­затқа ұлы өсиет қалдырған шайыр­дың өзі даралық қасиетін сақтап қала алмай, надан тобырдың соңынан еріп кетті. Кейде өнердің биік аспанында жар­қыраған таланттарымыздың сөзі мен ісі бір жерден шықпағандықтан жұл­дыздары ерте сөніп жататынын өкі­нішпен еске алуға тура келетін жағ­дайлар бар. Әйтпесе, жалынды жырларымен жәбірленгендер мен жапа шек­кендердің мүддесін қорғаған ұлы Бай­рондай адамзаттың ақынына айнала ала­тын Киплингтің де бойында үлкен талант болды ғой. Құдайым-ау, болды ғой, болды.

Лордтар палатасындағы ағылшын үкіметінің отарлық саясатын әшкерелеп сөйлеген Байрон халықтың махаббатына бөленсе, Киплинг керісінше алып им­перияның сойылын соғып халқының қарғысына ұшырады. Романтизм әдебие­тінің негізін салған Байрон поэзияға азат­тықтың самалын алып келсе, Кип­линг құлдық мінезімен оның рухын құ­лазытып жіберді.

Сөз жоқ, Киплинг әдебиет әлеміндегі ірі суреткер, бірақ ол ұлы Байрондай те­рең ойшыл бола алған жоқ. Сондықтан да ол өзінің үлкен талантын адамзаттық ұлы мұраттар жолындағы күреске ар­нау­дың орнына, империяның идеясына бағындырып, бірте-бірте шығар­машылығын өлтірді. Бар-жоғы қырық екі жасында Нобель сыйлығын алған суреткер Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, одан кейін де жазуын тоқтатқан жоқ. Бірақ маңызды ештеңе де туғыза алмады.

Кез келген ұлы суреткерлердей ол өз дәуірінің қайшылықты тұлғасы болды. Замандастары өмірінің соңында оны сыртынан «империалист» деп те ма­зақтады. 1927 жылы орыстың талантты ақыны Осип Мандельштам «Им­периалистік Англияның жазушысы Киплингтің жануарлар туралы әңгімелерінен де билеуші таптың үні байқалады» деп жазуға дейін барды.

Британ отарының иелігіндегі Бом­бейде дүниеге келген ол атақты Гол­суорсидей реалист те, Томас Элиот­тай мо­дернист те емес, шығарма­шылық қа­­­дамын өте сәтті бастап, қайғылы аяқ­­таған ең соңғы ұлы ағылшын ро­ман­тигі болды. Ақын дүние салғаннан кейін біраз уақыт ол туралы сыншылар да, ақындар да, жазушылар да жұмған ауыздарын ашпады.

Бірнеше жылға созылған үнсіздікті Америкадан келген Томас Элиот есімді ақын бұзды. Ол бар күш-қайратын салып Киплингтің ұмытыла бастаған шы­ғармашылық талантын еске түсіріп, әде­­­биеттегі лайықты бағасын беруге­­ қат­­­­­­­­­ты ден қойды. Бір қызығы, басқа емес,­ тап осы Элиот қырық екі жасын­да­­ Нобель сыйлығын алып айдай әлем­ді таң­­ғалдырған қаламгерді сыртынан ма­­зақтап, «гүлтәжі жоқ лауреат» деп та­­лай мәрте оны келемеждеген бо­латын. Ақын өлгеннен кейін алты жыл­дан соң ол өз талғамына сүйе­ніп, Кип­лингтің таң­дамалы өлеңдер жи­на­ғын құ­растырып, сая­­си көзқарасына кеші­ріммен қарап, талантына зор құрмет көрсетіп ма­қала жазды.

Өзге елдің топырағында туған ақын-жазушылардың әлемдік әдебиетке ық­пал еткені туралы мысалдар тарихта аз емес. Киплингті де біз дәл осындай ірі су­реткерлердің қатарына қоса ала­­­мыз. Әйт­кенмен, отаршыл елдің арам пиғылын қолдағаны үшін Кеңес Одағында оның ертегілерінен басқа дүниелері туралы жарытып ештеңе айтылмады. Пролетариат жазушысы Максим Горький бір сөзінде Киплинг талантты жазушы болғанымен, оның империалистік ойларының зиянды екенін атап өтті. Дегенмен, кеңестік идео­логияның үгіт-насихатын ысырып тастап, бұл мәселеге тереңірек үңі­ліп, кеңірек қарасақ Киплингтің әлем әде­биетіндегі ең үздік әңгімешілердің он­дығына кіретін суреткер екеніне көзіміз анық жете түседі. Талғамы биік жазушы Соммерсет Моэм бір мақаласында оның творчествосын Моппасан мен Чехов­тармен бір қатарға қойып, әңгіме жазудың ұлы шебері ретінде жоғары бағалайды. Ол тек ұлы новеллист қана емес, сонымен бірге ұлы ақын да болды. Киплингтің мықты романист екенін де мойындаған ләзім.

 Басқа ештеңе жазбаған күнде де әлем мойындаған балалар әдебиетінің классигі ретінде оның есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалар еді. Кейде ба­ла күнімде қызыға тамашалаған «Маугли» мультфильмін теледидардан көр­сеткенде, жыртқыш ортаға түсіп қалып адамдық жолдан адасқан ұлы жазушы Киплингтің аянышты тағдыры көз алдыма елестей беретінін несіне жа­сырайын. Дегенмен, ұлы мәртебелі уақыттан асқан сыншы жоқ. Әлемге үстемдігін жүргізуге ұмтылған Британ империясы құлады, ал Киплингтің өнер жолынан адаспай тұрған кездегі жазған шығармалары әлі күнге дейін оқырманмен бірге өмір сүріп келеді.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ