– Даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановпен бұрыннан бері жақсы араласамыз,– деп бастады өз әңгімесін Левон Арсенұлы. – Талай жылдар КСРО құрамасы сапында бірге күрестік. Көптеген оқу-жаттығу жиындары мен дүбірлі додаларда жұбымыз жазылған жоқ. Екеуміздің де спорттық ғұмырымызда қуаныш пен шаттыққа толы сәттер көп болды. Сол себепті де осындай керемет кездерді бірге өткізген Дәулет досымның әкесі – Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған турнирді біздер асыға күтеміз. Қазақстанға келуге әр кез асығамыз. Қазақ өте қонақжай халық. Оған көзіміз әлдеқашан жеткен. Әр келген сайын біз ұмытылмас әсер алып, өз елімізге керемет көңіл күйде ораламыз.
– Өзіңіздің бозкілемдегі табыстарыңыз туралы қысқаша баяндап берсеңіз?
– Әуелі жасөспірімдер мен жастар арасындағы Еуропа біріншілігін үш мәрте ұттым. 1984 және 1985 жылдары ересектер дуына қосылған бетте КСРО чемпионаттарында қола және күміс медальдарды иелендім. Осы жеңістердің арқасында Одақтың бас командасы сапына қабылдандым. 1985 жылы әлем кубогын олжаладым. 1986 жылы Пирейде Еуропа және Будапеште әлем чемпионы атандым. 1988 жылы Сеулде алауы тұтанған Олимпия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. 1989 жылы Мартиниде өткен әлемдік додада қола медальды мойныма ілдім. Осы жарыстардың барлығында мен 68 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім.
– Жоғарыда өзіңіз атаған жарыстардың соңғы екеуінде Дәулет Тұрлыхановтың да табысты өнер көрсеткені баршаға мәлім. Сеулде ол күміс алса, Мартиниде бас жүлдені олжалады ғой...
– Иә, Швейцарияның Мартини қаласында Дәулет керемет өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанды. Содан бері табаны күректей 30 жыл өтсе де сол жарыстың әрбір сәті күні бүгінгідей көз алдымда. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан байрақты бәсекеде қазақ балуанымен бірге Олег Кучеренко, Александр Игнатенко, Камандар Маджидов және Александр Карелин сынды саңлақтар бас жүлдені олжалады. Сол кезде командалық әріптестерімнің бұл табысына дәп бір өзім чемпион болғандай шын жүректен қуандым. Ал Сеулдің жай-күйі баршаға мәлім. Олимпиадада Тұрлыханов алтын тұғырға көтерілуге тиіс еді. Алайда ақтық айқаста арамза қазылар әділдікті белден басып, жеңісті жергілікті балуанға берді. Сол көпе-көрінеу қиянаттың кесірінен дара туған Дәулет күміс медальды қанағат тұтуға мәжбүр болды.
– Бозкілемнен қол үзгеннен кейін бапкерлік қызметті таңдап, қазіргі кезде Арменияның ұлттық құрама командасын жаттықтырып жүрсіз. Алматыдағы жарысқа да біраз мықты балуандарды әкелген екенсіздер...
– Біріншіден, бұл – Дәулет досыма және Дәулеттей мықты балуанның алғашқы ұстазы болған әкесі Болат Тұрлыханұлына деген құрмет. Екіншіден, бұл – біріккен күрес әлемінің күнтізбесіне енген ірі дода. Айтулы жарысқа кіл мықтылар жиналатындықтан, біз де таңдаулы спортшыларымызды аламанға қосуды құп көрдік. Оның үстіне, маусым айының соңында Минскіде Еуропа ойындары өтеді. Осы жарыс қарсаңында өз шәкірттерімнің бабын байқап көру қажет болды. Сол себепті де Арменияның белді балуандарының біразы Алматыда тер төкті.
– Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі мен өз шәкірттеріңіздің өнеріне риза болдыңыз ба?
– Ұйымдастырылу деңгейінде еш гәп жоқ. Барлығы ең жоғарғы талаптарға сай болды. Ал Армения балуандары арасынан Артур Алексанянға ерекше риза болдым. Иә, оның Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің үш және Еуропаның төрт дүркін чемпионы деген атағы бар. Алайда жарақат алуы салдарынан Алексанянның алты айдан аса уақыт бойы бозкілемге шықпағанын ескерген жөн. Соған қарамастан ол Алматы бозкілемінде өзін өте керемет қырынан көрсетіп, 97 кило салмақ дәрежесінде дара шықты.
– Сіздің жеңісті жолыңызды ұлыңыз жалғастырып жүр емес пе? Арсеннің қазіргі аяқалысы қалай?
– Балуандық өнерде Арсен Джулфалакян да біраз белестерді бағындырды. Атап айтсақ, Лондон Олимпиадасында күміс медальды иеленді. 2010-2013 жылдар аралығындағы үш әлем чемпионатында жүлдегерлер санатынан көрінсе, 2014 жылы бас жүлдені қанжығасына байлады. Еуропа чемпионы атанып, сол жарыста тағы үш мәрте үздік үштіктің қатарынан көрінді. Биыл Бухаресте өткен құрлықтың басты додасын қола медальмен қорытындылады.
– Биыл күзде Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтетіні белгілі. Олимпия ойындарының лицензиялары сарапқа салынатын жарысқа даярланып жатқан боларсыздар?
– Әрине! Күзде Армения құрамасы әлем чемпионатына тыңғылықты даярлықпен келеді. Осы қонақжай қазақ жерінде біз қалайда Токио Олимпиадасының жолдамасын молынан иеленуге барынша күш саламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»