• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Маусым, 2019

Ақ пен қара

2710 рет
көрсетілді

Абай баласы Әбдірахманды тоғыз жасынан бастап Семейге орыс мектебіне оқуға бергені белгілі. Қыс оқып, жаз демалысқа үйге келгенінде дана әке ұлы­­ның оқуды жақсы оқығанын, ойы толыса бастағанын байқайды.

Бірде баласының ақылын сынап білмек оймен, әңгімелесіп отырған сәтте: «Қалқам, Әбіш, осы жаратылыста ақ затты нәрсе асыл ма, қара затты нәрсе асыл ма?», деп сұрапты. Әбіш: «Ақ затты нәрсе асыл ғой» дейді. Абай: «Олай емес, қара затты нәр­се асыл» дегенінде, әкесінің бетіне қарап күлген оқудағы ұл «Қараны қалай асыл дейсіз?» дейді. Хәкім «Адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді. Көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Қағаз ақ, одан адам оқып білім алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер, білім алады. Жас шақта адамның сақал, шашы қара болады. Қартайса ағарады, жас күнде ақыл, білім, қайрат көп болады. Шаш, сақал ағарып қартайғанда ақыл, білім, қайрат азая­ды. Мұхаммед пайғамбар құдайдың дидарын көруге қараңғы түнде барыпты дейді, күндіз ақ, жарықта бармапты. Түн қара емес пе? Сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын» деген екен. Сонда Әбіш «Оның бәрін немен ойлап білдіңіз?» десе керек. Абай «Ақылмен ойлап білдім» дегенде, «Олай болса, ақыл мида болмай ма, ми ақ емес пе. Екінші ақыл – нұр жарық зат. Ол да аққа ұқсамай ма» деп жауап берген көрінеді. Тауып айтқан сөзіне ырза болған Абай баласының маңдайынан иіскепті.

Абайдың ауылдасы Наушабай есімді адам­ның айтқан естелігінде әке мен баланың ғажап диалогы осылай өріледі. «Әке – балаға сын­шы» дегенді қазақ осындайда айтқан шығар. Әрине қазір қайталана бермейтін қалып. Оның үстіне  елдің бәрі Абай емес, екінің бірі Әбіштей зерделі өрен болмас. Десе де осы тәрізді ой ошағын үрлейтін от­ба­сындағы әңгімелерге аңсарымыз ауады. Се­бебі риясыз сұхбаттан тұнықтан қанып іш­кендей тұла бойыңыз тазарып, ой-санаңыз сергіп қалады. 

Бірақ бүгінде қым-қуыт тіршіліктің қа­мыты қатты қажағаны ма, әке мен бала ара­сындағы терең пайымға толы әңгіме тұрмақ, қарапайым отбасылық, туыстық, адами қарым-қатынас қағидаттарын ескеру, орындау қиындап барады. Бір ғана мысал, ата-ана бала тәрбиесінен өзін түбегейлі алыстатып алғандай. Таң сібірлей бере басталатын қы­бырлаған қалың қозғалыстың бір-бір атом бөл­шектеріндей сапырылысқан дүниеге сіңіп кететін ата-ана қайдан балаға қарасын?! Әсерлі әңгіме, ғибратты тәмсіл шертуді айтасыз. Балақайдың таңғы асын үйде болса әпкесі не әжесі берер, болмаса балабақшадан бір шағын табақ быламық бұйырар. Кеш оралатын ата-ана да әлдеқашан ұйқыға шомған баланың маң­дайынан иіскегеннен басқаға шарасы қалмас. Ал ара-тұра бір болатын байырқа мезет тіршіліктің басқа да қажеттіліктерінен артылмайды. Тіпті, балаға уақыт бөлгеннің өзінде же­телеп апарып қалың адам қаптаған сауда орталықтарындағы аттракциондардың ауласына асырып жібересіз. Иә, уақыт жетпейді, уа­қыт жетсе, көңіл жетпейді. Көңіл жетпеген соң тәрбие жетпейді. Әйтеуір бір кем дүние. Осы ортада жетім күй кешкен жас буыннан жақсылық күту де жетесіздігіміз сияқты. «Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең» дейді. Қазір қай жағыңызға қарасаңыз да, тағасыз тұя­ғы мүжілгендей жортақтап жанбағыспен жүр­­ген пендені көресіз... Тіпті, ел алдында жүр­­генімен де ерге лайық емес, популизмнен аспайтын ұсақтыққа бой алдырдық. Ойы орталар озып тұр. Бұл – урбандалудың уысында кетіп бара жатқанымызды ғана емес, қасаң­дану­дың қуысында қалып бара жат­қаны­мызды да аңғартады. Іреп салатын ірілікті іздейсіз сосын...

Ат үстінде айран ішетін асығыстықты әзірге ақтай алмаймыз. Егер бар уақыттың есесін шын мәнінде еңбек еншілесе, Қазақ елі тәулік бойы тыным таппайтын, бірақ сонысына қарай бақуатты жұрттар қатарынан көрінбес пе еді?! Ойдан ой боталайды. Барақатты тұрмысқа бұл дүниеде жетуге бола ма? Бұл біздің танымымызда Абай мен Әбіштің дастарқан басындағы әсерлі әңгімесіндей көрінсе, басқаға да солай ма? Әлбетте әркімнің басына лайық бөркі бар. Бір елдердің байыз таппайтын өнеркәсіп төңкерісшілері барша адамзатқа бақыт сыйлайтын жобаларды жүзеге асыру үшін жанталасып жатса, біз не үшін жанталасамыз? Уақытымызды ұрлаған дүние соған тати ма, үй ішіңе, балаңа назар аудара алмаған уақыт тіршілігіңнің тұтқасына жетеғабыл ма? Әлде күнкөрістің қана құлақкесті құлына айналдық па? Балаларымыздың бір сәт не ойлайтынына, қандай ой түйетініне, қоршаған ортаны қалай танитынына ой жүгіртіп көрдік пе? Міне, осы сұрақтардың шешімін тапсақ, соған орай батыл шешім қабылдай алсақ қана біз Абай мен Әбіш ой таластырғандай, дүниедегі асыл мұратымыздың мәнін таба алсақ керек.