Жұма, 15 ақпан 2013 7:15
Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығының тағы бір белесі болып белгісіздіктің белгісі көп 2013 жыл табалдырықтан аттады. Күллі әлем үшін өткен жылдың байырқалы бағасын беріп, келіп жатқан жылдың міндетті межелерін белгілеп алатын жауапты шақ туды. Дегенмен, тап осы тұста Еуропаның елеңдеп,
Жұма, 15 ақпан 2013 7:15
Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығының тағы бір белесі болып белгісіздіктің белгісі көп 2013 жыл табалдырықтан аттады. Күллі әлем үшін өткен жылдың байырқалы бағасын беріп, келіп жатқан жылдың міндетті межелерін белгілеп алатын жауапты шақ туды. Дегенмен, тап осы тұста Еуропаның елеңдеп, Американың алаңдап отырғаны анық байқалады. Бұған ең алдымен 2012 жылдың қорытындылары көпшілік күткендегіден көп төмен болып шыққаны себеп болған сияқты. Бұл жылғы қараша айында еуроаймақтағы жұмыссыздықтың деңгейі рекордтық мөлшерге жетті. Ал биылғы жылы кәрі құрлық елдерінің былтыр басталған үнемдеу бағытын бұрынғыдан бетер арттыра түспек ниетте екенін ескерсек, келер күндер кемеріндегі көкжиектің қандай түспен боялғалы тұрғанын пайымдау тағы қиын емес.
Былай қарағанда, АҚШ-та экономикалық ахуал, Федералдық резерв жүйесінің көзқарасынша, бәрі басқаша саналып отырғанына қарамастан, біршама қалыпқа келіп, түзеліп қалғандай болып көрінеді. Мұхиттың арғы бетіндегі елдегі жұмыссыздықтың бүгінгі бейнесі күні кеше Украина теледидарының «Апта ішіндегі бизнес» хабарының жүргізушісі Олександр Вакулиннің London Capital Group орталығынан келген Саймон Дэнеммен жүргізген сұхбатында кеңінен сөз болды. Бұдан басқа, бұл телехабардың 2013 жылғы бірінші шығарылымында Еуропаның жетекші байланыс жүйелерінің бір-бірімен біріккелі жатқаны да барынша ұғынықты тілмен айтылды. Аталмыш репортаждарда журналистердің бейнелеп айтқанындай, бұл Париждің ең атақты көшесі – Елисей алаңындағы Virgin сауда жүйесінің тоналып, жабылып қалғанымен бірдей оқиға болып табылады. Міне, Еуропадағы «бардан да, жоқтан да үнемдеу» саясатының жеткізіп отырған бір көрінісі осындай.
Сонымен, әңгімеміздің әуелгі арнасын АҚШ-тан тартайық.
Әлем назарында – Обама жолдауы
«Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар». АҚШ президенті Барак Обаманың бұрнағы күні Конгресте сөйлеген сөзінің негізгі астарында осындай ой жатты. Бұл тақырыпқа ендеп енбес бұрын, алдымен өткен жылдың соңында Құрама Штаттар экономикасының бірден күрт қысқарып кеткеніне назар аударғанымыз жөн шығар. Ол Федералдық резерв жүйесінің нарықтық операциялар жөніндегі комитеті өзінің монетарлы саясатының бұдан арғы бағытын талдап жатқан кезде туындады. Сол тұста Американың Орталық банкі экономиканың дамуында бір ағаттықтың орын алғанын, соған орай өзінің іскерлік белсенділікті ынталандыру саясатын тоқтата алмайтынын мәлімдеп үлгерді. Осының бәрі елдегі экономикалық жағдайдың ушығып тұрғанына тағы да көз жеткіздіре түсті.
Сондықтан да Барак Обаманың Конгреске дәстүрлі жолдауын бүкіл әлем жұртшылығы кірпік қақпай тыңдады. Ал АҚШ президенті негізінен орта тапты нығайту, жұмыс орындарын ашу, салық жүйесін реформалау жайларын қозғаған бұл жолғы үндеуін «Елдегі жағдай туралы» деп атады. Құрама Штаттардың екі палатасы алдында қатар сөйлеген Барак Обама өз сөзінде үкіметтің қазіргі таңдағы басты ұзақ мерзімді міндетінің Америка экономикасының локомотиві ретіндегі орта таптың рөлін қалпына келтіру болып табылатынын мәлімдеді. Былайша айтқанда, ел дәулетін «өгіздей өрге сүйрейтін» басқа емес, тап осы орта таптың адамдары екенін қапысыз мойындады.
«Біздің аяқталмай қалған міндеттеріміз сол – бұл үкіметтің бірнеше адамның емес, көпшіліктің атынан жұмыс жасайтынына сенімді болу… Келіңіздер, осы кештен бастап, жер бетіндегі ең гүлденген елде бар күшін салып жұмыс жасайтындардың кедейлікте өмір сүрмеуге тиіс екенін жариялап, федералдық ауқымдағы ең төменгі айлық жалақыны сағатына 9 долларға дейін көтерейік. Біз бұған қол жеткізуге тиіспіз», деп ағынан жарылды АҚШ лидері Конгрестің биік мінберінде тұрып. Ол сонымен қатар, америкалықтарды өзінің экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі ұсынысының бюджет тапшылығын арттырмайтынына сендірді.
Барак Обама сыртқы саясат туралы сөз қозғағанда, АҚШ жыл көлемінде Ауғанстаннан 34 мың әскери қызметкерді шығарып әкететінін мәлімдеді. «Келер жылдың соңына дейін америкалық әскерилер Ауғанстаннан үйлеріне оралады», деді ол. Президент сондай-ақ Ресейге ядролық қару-жарақты екі жақты көптеп қысқарту жөнінде ұсыныс білдіретінін де жеткізді. Жолдауда қозғалған тағы бір тақырып АҚШ-та отты қару айналымына қатаң бақылау жасауды күшейту турасында болды.
Сарапшылар Ақ үй басшысының сөзінен Америкада орын алып отырған экономикалық ахуалға айрықша алаңдаушылық бар екенін де аңғарды. Оның сөзін Капитолий төбешігінен екі орам жердегі «Юнион пабеде» бірнеше ондаған адам тыңдады. Әдетте мұнда Конгрестің штаттағы қызметкерлері мен әртүрлі кейіптегі сарапшылар және саясаткерлер жиналушы еді. Олардың барлығы дерлік бұл жолы естіген сөздеріне разылық білдірді. Барак Обаманың сөзінде елдегі ахуалдың расында оншалықты жоғары емес екені ашып айтылды. Сарапшылар мен саясаткерлер осыған да ерекше мән бере қарап отыр.
Бір таңқаларлық дерек, президент Барак Обама екінші президенттік мерзімі басталар алдындағы Конгрестегі бұл тарихи бірінші сөзін Авраам Линкольннің туған күні – 12 ақпан күні сөйледі. Ал АҚШ-тың қазіргі президенті бұрыннан оған тарихи тұлға ретінде зор құрметпен қараушы еді. Сондықтан биылғы қаңтарда болған өзінің инаугурациясы кезінде ол Линкольннің жеке пайдаланған Тәуратын ұстап тұрып ант берді. Алайда, қарапайымдылық үрдісіне бағып, Обаманың Конгреске жолдауын Линкольннің шараларымен салыстырудан аулақ болған күннің өзінде де, Құрама Штаттардың қазіргі лидерінің сөздерін ұлттық және сыртқы саясаттың маңызды бағыттарын анықтап алуға арналғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Биліктегі партия – жемқорлықтың ұясы
«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады». Жоғарыдағы АҚШ үшін іскерлердің белсенділіктеріне қолдау көрсету басты межелердің бірі болып жатса, Испания экономикасы үшін жаппай ынталандыру шараларын қолға алатын уақыт туған сияқты. Қалай дегенде де мұны елдің үкіметі айтып отыр. Бұл Мадридтің биыл қатаң үнемдеу саясатын ептеп жұмсартатынын жеткізді. Бірақ оның қалай жүзеге асырылатынын ешкім ашып айтқан жоқ. Бұл, бәлкім, Испанияның ендігі жерде Еуроодақтың өмір сүру кезеңіне қадам басатынын білдіретін шығар?
Осы екі ортада Пиреней түбегіндегі елде жұмыссыздықтың деңгейі 26 пайызға дейін көтеріліп кетті. Мұны аз десеңіз, тіпті таяуда ғана миллиондаған испаниялық азаматтар ауыр экономикалық ахуалды бастан кешіп жатқан қазіргі шақта үкіметтің басшысы Мариано Рахойды тікелей шарпып өтетін жемқорлық жанжалы бұрқ ете қалды. Әлемнің көптеген елдерінің басылымдары осы күндері бұл мәселені талқылап, баға беруден өз беттерін аяп жатқан жоқ.
Бұдан бар-жоғы бір жыл ғана бұрын М.Рахой бастаған үкімет сенім көрсетудің бұрын-соңды болмаған тапшылығына тап болған еді. Былайынша айтқанда, дәл сол кездегідей үкіметке сенбеушілік, сенім көрсетпеушілік бұл елде болған емес. Бұл жолы сол сенім жоғалтушылық жемқорлық сипатындағы дау-шарғыға ұласып, оның соңы саяси дауға айнала бастады. Жұртты аяқ астынан топалаң тигендей дүрліктірген бұл оқиғаның алдында іштей үнсіз өткізген премьер-министр Рахой өткен сенбі күні бірінші рет өзінің ары мен намысын қорғауға әрекет жасап бақты.
«Мен бұған «бұл – жалған» деген екі сөзбен ғана жауап қайтара аламын. Мен ешқашан өзгенің затын алып, басқа біреуге берген емеспін. Маған қатысты мұндай «қара сома» партияның ішінде де, одан сырт басқа жақтарда да орын алған жоқ. Ешқашан. Сондықтан тағы да мұны «жалған» деп ашық айта аламын», деді үкімет басшысы сонда. Бірақ ол журналистердің бұдан басқа сұрақтарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Жұрт аузында «Барсенас ісі» деген атпен тараған бұл жанжал 18 қаңтар күні басталды. Осы күні «Эль Мундо» газеті Халық партиясының бұрынғы қазынашысы Луис Барсенасты екі онжылдық көлемінде партияның басшыларына жеке компаниялардан түскен қаржыдан 5 мыңнан 15 мың еуроға дейін ақша беріп тұрды, деген айып таққан мақала жариялады. Басылым, бірақ, Рахойдың ешқашан ақша алмағанын да атап көрсетті. Алайда, өткен бейсенбі күні «Эль Паис» газеті партияның 1997 жылдан 2008 жылға дейінгі бухгалтериялық құжаттарының фотосуреттерін жариялап, онда Мариано Рахойға жыл сайын 25 200 еуродан төленіп келгенін дәлелдеп берді. Бұған испан оппозициясы бірден назар аударып, осы ақпарды басты қаруға айналдырды. Осыған орай Социалистік партияның лидері премьер-министрдің жедел отставкаға кетуін талап етті.
«Біз оның үкімет басшысы орынтағын босатып, орнын біздің еліміз қазір аса мұқтаж болып отырған күшті, сенімді және тұрақтылықты қалпына келтіретін жаңа премьер-министрге өткізуін сұраймыз», деп мәлімдеді социалистер жетекшісі Альфредо Перес Рубалькадо. Шынында да қатаң үнемдеу тәртібі мен 26 пайыздық жұмыссыздықты бастан кешіп отырған көптеген испаниялықтар үшін бұл жағдай шыдамның шарт сынған шағы болды. Бұл жерде Рахойдың жеке табысы жөніндегі декларациясын жария ететіні жөніндегі уәдесі де тоқтата алмады.
«Оның салық декларациясынан біздің көретініміз көп болмаса керек. Бұл жердегі әңгіме декларацияланбаған кірістер туралы болып отыр. Енді оның отставкаға кетуіне қол жеткізу керек. Себебі, мемлекеттік жоғары лауазым иесі болып отырғандар жұртқа барлық жағынан үлгі бола алатын адамдар болуы тиіс. Ал бұлар өздерін қазір басқа қырларынан танытып тұр», деді осыған орай ереуілге шыққандардың бірі Мигель Гомес телеарналар тілшілеріне. Және бұл ойды бүгінде мыңдаған, тіпті, миллиондаған испан азаматтары қолдап отыр. Олар биліктегі партияның жемқорлықтың ұясы болып отырғанына қатты қапалы. «Ұрылардың үкіметі отставкаға кетсін!» деп жалаулатып көшеге шықты осы айдың басында ереуілшілер.
Испанияны айналдырған шырғалаң бір бұл ғана емес. Дағдарыстың қамытына басын аямай-ақ сұғып алған мемлекетте күні кеше жемқорлық сипатындағы тағы бір оқиға қылаң берді. Қазір корольдің күйеу баласы Иньяки Урдангариннің бірнеше миллион еуроны қолды еткені туралы қауесет желдей есіп тұр. Бұл мәселе бойынша ол алдағы 23 ақпан күні сот алдында жауап бермекші.
Осылайша, Испанияның билік басындағы партия мен премьер-министрдің төңірегіндегі жемқорлық жанжалы үшін төлейтін құны қымбат болғалы тұр. Бұл елдің Еуроодақтағы кірісінің 10 жылдық мемлекеттік облигациясы өткен дүйсенбіде былтырғы жылғы желтоқсанның ортасындағы деңгейге – жылдық 5,4 пайыз мөлшеріне түсіп кетті. Енді инвесторларда үрей жоқ. Қоғамның қысымымен Рахойдың үкіметі отставкаға кететін болса, оның тұсында басталып кеткен реформаның тағдыры не болмақ? Ал бонд кірісін көтеру екінші жағынан елдің қарызға қызметі жолындағы шығынын арттыра түспек. Инвесторларды осының бәрі ойландырады.
Бұл кезеңде Испаниядағы жұмыссыздар армиясының қатары 6 млн. адамның шегіне ілікті. Мейлінше дағдарысты жағдай жастары 25-тен 54-ке дейінгі тұрғындардың арасын қамтып отыр. Бұл топтағы жұмысы жоқ адамдардың саны бірден 200 мыңға артты да, қазір 4,5 млн. адамға жетті. Ал жұмыссыздардың барынша көп қатарын қызмет көрсету саласы мен құрылысшылар толтырыпты. Осылайша, бүгінгі таңда рекордтық көрсеткішке жетіп отырған Еуроодақтағы барлық жұмыссыздардың үштен бір бөлігі Испанияда тұрып жатқан болып шықты.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».