• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2013

Шарайна

231 рет
көрсетілді

Шарайна

Сенбі, 16 ақпан 2013 7:47

Метеорит көпшілікті үрейлендірді

Кеше ертеңгісін Челябі облысының аумағында метеорит құлауы салдарынан жарылыс болды. Ресей ішкі істер министрлігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, қуатты жарылыс салдарынан мектептер мен балабақша терезелерінің әйнектері сынған.

 

Сенбі, 16 ақпан 2013 7:47

Метеорит көпшілікті үрейлендірді

Кеше ертеңгісін Челябі облысының аумағында метеорит құлауы салдарынан жарылыс болды. Ресей ішкі істер министрлігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, қуатты жарылыс салдарынан мектептер мен балабақша терезелерінің әйнектері сынған.

«Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, метеорит құлаған аумақтарда биік ғимараттардың, мектептер мен балабақшалардың, басқа да нысандардың әйнектері сынған. Соңғы мәліметтерге қара­ғанда, метеорит құлауынан 100-ден астам адам жарақат алған. Ме­тео­ритті Челябі, Свердлов, Түмен және Қорған облыстарының тұр­ғындары да байқапты. Осыған байланысты Челябі әкімшілігі жер­гі­лікті тұрғындарды балаларын мектептерден алып кетуге шақырды.

 

Қайта жаңғырту жұмыстарын бастады

Солтүстік Корея елдің солтүстік-шығысында орналасқан «Тонхе» зымыран ұшыру алаңын қайта жаңғырту жұмыстарын бастады. Ақпарат құралдарының жазуынша, ұшыру алаңын алысқа ұшатын ірі көлемдегі зымырандар үшін дайындауда.

Старт беру алаңын жетілдіру Иран инженерлерінің немесе ирандық технологияның көмегімен жүзеге асырылатын көрінеді. «Тонхенің» көптеген элементтері Иранның «Семнан» кешеніне ұқсас келеді. Сарапшылардың пікірінше, құрылыс қарқыны бәсеңдемесе, нысанды жаңғырту 2016 жылға қарай, тіпті одан да ерте аяқталуы мүмкін. Анықталмаған деректерге қарағанда, нысанды кореялық жаңа КN-08 және «Мусудан» зымырандарын ұшыру үшін дайындауда.

 

40 жылдан астам уақыт өткен соң…

Ұлыбританияның қорғаныс ми­нистр­лігі 1972 жылы Солтүстік Ир­ландияда «қанды жексенбі» кезінде қаза тапқан және ауыр жарақаттар алған адамдарға өтемақы төлейтін болды. Бұл жөнінде «Франс-пресс» агенттігі хабарлады.

Сол қанды оқиға болған күні қаза тапқан 13 және жараланған осынша адамның туған-туыстарына 50 мың фунт стерлингтен (77,5 мың доллар) өтемақы ұсынылады. Қорғаныс министрлігі осы мақсатқа 1,3 миллион фунт стерлинг бөліп отыр. Қаза тапқандардың кейбір туыстары бұл өтемақы мөлшеріне қанағаттанбағандық білдіруде. Ал қанды оқиға 1972 жылдың 30 қаңтарында Солтүстік Ирландияның Дерри қаласында болған еді. Парашютшілер батальонының әскерлері бейбіт шеру жасаушыларға қарсы оқ атып, соның салдарынан 13 адам мерт болып, 14 адам жараланған болатын.

 

Қысқа қайырып айтқанда:

Қырғыз депутаты Турсунбай Бәкірұлы «Общественный рейтинг» апталығының тілшісі Эрик Исраиловқа қол жұмсады. Оқиға парламентарийдің өз қызмет бөлмесінде болған.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Исмаил ауданының басшысы Низами Алекперовты осы жылдың қаңтарындағы тәртіпсіздіктерге байланысты қызметінен босатты.

Ағылшындық зерттеуші, теңізге жүзуші және картограф  Джеймс Куктің тапаншасы Австралияда өткен аукционда 227 мың АҚШ долларына сатылды.

Тайлық ерлі-зайыпты сүйісу ұзақтығы бойынша әлем рекордын жаңартты. Олар 58 сағат 35 минөт және 58 секөнт бойы сүйісіп тұрған.

 

Күтпеген жерден дау шықты

Египетте ел президентінің ұлын азаматтық авиация министрлігінде жоғары еңбекақы алатын жұ­мыс­қа қабылданғанына байланысты күтпеген жер­ден дау-дамай туындады. «Ассошейтед пресс» агент­тігінің ақпаратына қарағанда, осыған байланысты­ ми­нистрлік арнайы мәлімдеме жасауға мәжбүр болған.

Мәлімдемеде ел президенті Мохаммед Мурсидің бес ұлының бірі – Омар Мурси әңгімелесуден өтіп, тиісті қызметке орналасқаны айтылған. Ал министрлікке қарасты агенттік қызметкерінің айтуынша, Омар Мурси жергілікті университеттердің бірін жақында ғана бітіріпті. Көп уақыт өтпей ол айына 5 мың доллар алатын жұмысқа орналасқан. Египетте түлектердің басым көпшілігі еңбек жолын 75 доллардан аспайтын мемлекеттік құрылымдарда бастайды екен. Айта кетейік, президент М.Мурсидің президенттік сайлауға түскен кездегі бағдарламасында өзінің жемқорлықпен және тамыр-таныстықпен аянбай күресетіндігі көрсетілген.

 

Хейгельдің кандидатурасы қолдау таппады

Республикашыл сенаторлар тобы АҚШ президенті Барак Обаманың елдің қорғаныс министрі қызметіне ұсынған Чак Хейгельдің кандидатурасына қолдау білдірмеді. Бұл жөнінде «Франс-пресс» ақпарат агенттігі хабарлады.

Дауыс беру қорытындысында Ч.Хейгельге сенаторлардың 58-і қар­сы дауыс берген, ал оны сенаторлардың небәрі 40-ы жақтаған. Жақ­тап дауыс бергендердің басым көпшілігі демократтар. Осының ал­дында Пентагон басшылығына ұсынылған Чак Хейгельдің канди­да­турасын АҚШ Сенатының қарулы күштер жөніндегі комитеті ма­құлдаған болатын. Сенаттағы республикашылар фракциясы Хей­гельді сенатор болған бір кездері Израиль атына сындар айтқан және ол Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қатаң көзқарас ұс­танбайды деп айыптайды. Сенаттың келесі отырысы бір аптадан соң өтеді.

 

Саяхатшы кеме жағалауға жеткізілді

Бес күннен бері Мексика бұғазында бұзылу салдарынан тұрып қалған «Карнивал Триумф» саяхатшы кемесі әрең дегенде жағаға жеткізілді. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, кеменің бортында 3143 жолаушы және 1086 экипаж мүшесі болған.

Кейін белгілі болғандай, кеменің машина бөлімшесінен өрт шыққан, ол электр жүйелерін бүлдірген. Соның кесірінен лифтілер мен кәріздер жұмыс істемей қалыпты. Басқа да проблемалар туындаған сияқты. «Карнивал» саяхат компаниясы жолаушылардың барлығына билет құнын қайтаруға, 500 доллардан қолма-қол ақша беруге, олардың барлық көліктік шығындарын төлеуге, сондай-ақ, жолаушыларды тегін тағы бір саяхатқа алып шығуға уәде беріп отыр. Дегенмен, кейбір жолаушылар бұған қанағаттанбай, қомақты өтемақы төлеттіру үшін сотқа шағымданатындарын мәлімдеді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.