• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Маусым, 2019

Азаматқа айналдыратын акция

623 рет
көрсетілді

Қазақ ұл туса, «Тұтқа ұстар келді!» деп сүйіншілейді. Өйткені ер бала – шаңырақтың иесі. Ал бір ұлға зар болған жандар «сүндет тойға жеткізе көр» деп Тәңірден тілейтін болған.

«Сүндет – мұсылманға мін­дет» деген де сөз бар. Исі мұ­­сыл­манның ғұрпына ай­нал­­ған сүндеттеу салты бү­гін­де Канада, Аустралия, Жа­­ңа Зеландия, Англия се­кіл­ді бірқатар мемлекеттерде қалыпты үрдіс са­­нала­ды. Тіпті АҚШ-тың өзін­де, айталық, Солтүстік Аме­­­­­ри­када профилактикалық әрі ги­гиеналық мақсатта жас ба­­лалардың тоқсан пайы­зы сүндеттеледі. Өйткені Аме­ри­каның медициналық ас­социация­сы (АМА – Аmerican Medical Association) 2000 жыл­ғы баян­дамасында сүн­деттеудің несеп, қуық жолдарын сирек кез­десетін қатерлі, жұқпалы ауру­лардан, инфекциядан қор­ғайтынын жазды. Кейбір деректерге сүйенсек, әлемдегі ер адамдардың алтыдан бір бө­­лігі сүндеттеледі екен. Ал хал­­қымызда сүндет тойға жету – ерекше бақыт. Сүндеттелген баланы хандай құрметтеп, үкі тағып, тай мінгізіп, қуанышты бөлісуге келген қонақтар «ержеткен» кішкентай той иесін құралақан қалдырмаған.

Қазіргі ата-аналар үштен асып, жетіге жақындаған баласын сүндеттеуді бұрынғыдай молдаларға емес, дәрігерлерге тапсырғанды жөн көреді.

Ауыл адамдары күздігүні егістіктен тапқан аз ақшасын немесе малын сатып сабылса да сүндет тойды өткізеді. Ал қалтаны қағып алатын қала­ның қатаң тіршілігінде күн кешіп жүрген отбасыларға той түгілі баланы сүндетке отыр­ғызудың өзі оңай емес. Осы олқылықтың орнын тол­тыруды көздеген елорда әкімдігі «Сүндет-2019» акция­сын ұйымдастырды. Әкімдік 2 күнге созылған шараға көп балалы отбасылардан 3-7 жас аралығындағы 110-нан астам бала тіркелгенін мәлімдеді. Алайда, акция өткізіп жатқан №2 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынба­сары Айбын Нұртасұлы ба­лалар саны тізімдегіден әл­де­­қай­да көп екенін айтты. «Бұл­ шараның мақсаты – ел ас­­та­насындағы көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету. Осы шараға өзіміздің тәжірибелі мамандарды тарт­тық. Оған қоса Урологтар қоға­мының конгресіне Германия, Түркиядан келген үздік урологтар атсалысты. Акция бастал­ғаннан бергі үш сағаттың ішін­де 40 баланы сүндеттеп үлгер­дік», деді дәрігер.

Балаларды түрлі мульт­фильм кейіпкерлері, көңілді шар­­лармен безендірілген ауру­­хана күтіп алды. Мұн­дай­да балдырғанның үрей әле­мі­нен алыстары анық. Сон­дай баланың бірін ата-ана­сымен шыға берісте кездестірдік. Нұр­дәулет мұндағы дәрігер­лердің мейірімді, сый­лық пен тәттілер беретін қолы ашық жан­дар екенін жет­кізді. Ол ойын ойнап, көңіл көтеруге келгендей, шат-шадыман жүгі­ріп жүр. Анасы Ақтолқын Сыз­ды­қова акция туралы қала­лық көп балалы аналардың әлеу­меттік желідегі тобынан оқып біліп­ті. «Хабарды білген бойда әкімдікке қоңырау соғып, жол сілтеуімен осында келдік. Бірінші баламды сүндетке отыр­ғызғанда сәл қиындау болды. Дәрігерлік қызметті де қал­та­мызға қарай іздейміз ғой. Былтыр сұрастырғанмын: ауырт­пай, наркоз беріп жасайтын болса, 25 мың теңге, ал ауырғанын басатын дәрімен ғана шығарып салса, 15 мың теңге екен. Құдай сәтін салған болар, тегін қызметтің нәсібін көріп қалдық. Бізге жақсы көмек болды», дейді ана.

Ал Нұрдәулеттің әкесі телефонда туыстарына «Баламыз сүндеттеліп, азамат болды!» деп сүйіншілеп жатты.