• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 11 Маусым, 2019

Лайықты тұлға айқын жеңіске жетті

545 рет
көрсетілді

Әлемдік ақпарат құралдары Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы жөнінде көптеген хабар таратты. Оның басым бөлігі елімізде өткен сайлаудың ашық әрі әділ ұйымдастырылғанын, лайықты тұлғаның жеңіске жеткенін жарыса жазды. Осы орайда біз шетелдік ақпарат құралдарының ішіндегі жетекші орынға ие агенттіктер мен порталдардың жариялаған хабарларын ықшамдап ұсынып отырмыз.

Әлемдік ақпарат кеңістігінде өзін­дік орны бар «РИА новости» агент­тігі елі­мізде өткен Қазақстан Респуб­лика­сы Пре­­­зи­дентінің сайлауы туралы жан-жақ­­­ты хабар таратты. Агент­тік: «Өт­­кен жексенбіде, яғни 9 маусым күні Қазақ­станда кезектен тыс прези­дент­­тік сайлау өтті. Орталық сайлау комис­­сия­сының мүшесі Ләззат Сүлей­мен хабар­­лағандай, сайлауға ел сайлау­шылары­ның 77,4 па­йызы қатысты», деп жазды.

Сонымен қатар агенттік президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаушылардың басым бөлігінің сені­міне ие болғанына, яғни 70 пайыздан астам дауысқа қол жеткізгеніне баса назар аударған.

Бұған қоса, жаңа Президентті ұлықтау рәсімі алдағы 12 маусым күні өтетінінен хабардар ете отырып, аталған сайлауда қазақстандық сайлаушылардың жоғары деңгейде белсенділік көрсет­кенін, саяси науқанның лайықты дәре­же­де ұйымдастырылғанын, сон­дай-ақ шетелдік және жергілікті байқау­шы­лар­дың тыңғылықты жұмысын атап көрсеткен.

Қытай Президенті Си Цзиньпин Қа­сым-Жомарт То­қаев­ты Қазақстан Прези­ден­ті болып сайлануымен құттықтады.

Құттықтау хатында Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанның тату көрші екенін, ортақ сенімге, мәмілеге және стратегиялық әріптестікке иек артқан қарым-қатынас орнатқан ел екенін жеткізді.

Қазіргі таңда өзара ортақ байланыс жоғары деңгейге жетіп, «Бір белдеу,  бір жол» жобасының жемісін көріп отырмыз. Бұл адамзаттың келешегіне салынған даңғыл, делінген Қытай басшысының хатында.

Си Цзиньпин қазақ-қытай қатына­сының дамуына маңыз беріп, Қ.То­қаевпен тығыз байланыс орнату арқылы екіжақты байланыстың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Қазақстандағы қезек­тен тыс Президент сайлауы жөніндегі ақ­па­раттар Түркияның бір­қатар басылым бетінен көрініс тапты. Бауыр­лас елдің бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі  Президент сайлауына халықтың жұмыла қатысып, өте жоғары деңгейде өткенін жарыса жазды.

Euronews-тің Түркиядағы бөлімі Президент сайлауы кезінде халықтың көңіл күйі көтеріңкі болғанын, халықпен бірге Президенттікке үміткерлер де туыстары мен әріптестерімен бірге дауыс бергенін жазады. Әр үміткер жөнінде ақпарат бере отыра, шетелдегі сайлау учаскелері туралы да хабарлайды.

Ал Анадолу агенттігі еліміздегі сайлауды жіті бақылап, соңғы жаңалық­тарымен бөлісіп, түрік халқын хабардар етіп отырды. Сайлау басталысымен Қазақстан тарихында алғаш рет үміт­кер санының көп болуын, алғаш рет әйел үміткердің додаға қатысуын жаза­ды. Одан әрі сайлау барысымен, шетел­дік және халықаралық ұйымдар аты­нан бірқатар байқаушылардың бақы­лап жүргені туралы ақпарат береді. Exit-Poll нәтижесімен алғашқылар­дың бірі болып бөліскен шетелдік ақпарат агент­тігі де осы – Анадолу агент­тігі. Со­ны­­мен бірге ТүркПА Сайлау бай­қау­шы­сы делегациясының басшысы, ха­лық қалаулысы Исмет Учманың пікірі­мен бө­ліседі. Оның айтуынша, Қазақстан­да­ғы кезектен тыс Президент сайлауы де­мо­кратиялық түрде ашық әрі әділ өткен.

Түрік басылымдары мен ақпарат агенттіктері еліміздегі Президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. 

UzNews.uz порталы «Қазақстан­дағы сайлаудың нәтижесі – халықтың Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен толық сенімі мен кең қолдауы, оның елдің орнықты дамуы мен халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесіне зор бағасы», деп жазды. Сондай-ақ портал екіжақты ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан Президентінің биыл сәуір айында Өзбекстанға жасаған алғаш­қы мемлекеттік сапары жаңа сер­пін бергендігін, бұл сапар кезінде дос­тық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік байланысты нығайтуға одан әрі де бейілді екендері расталғанын атап өткен.

Бұдан бөлек, аталған портал Мем­лекет басшылары телефон ар­қы­лы сөйлесу барысында өзбек-қазақ қа­рым-қатынасын нығайтуды, сон­дай-ақ ай­мақтық және халықаралық күн тәрті­бін­дегі өзекті мәселелерді талқы­лаға­нын, бұған қоса, жоғары деңгейдегі, оның ішінде халықаралық ұйымдардың шеңберінде алдағы кездесулердің кестесі қаралғанын жазды.

Шетелдік басылымдар 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда өткен кезектен тыс Президент сайлауы туралы көп жазды. Соның бірі амери­ка­лық The New York Times басылымы «Қазақстан жаңа көшбасшысын таң­дады» деген тақырыппен көлемді сарап­тамалық ақпарат жазды.

Орталық сайлау комиссиясы сайлауда Nur Otan партиясының атынан қатысқан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев ең көп дауыс жинағанын жариялады. «Жексенбілік дауыс беру­дің ресми нәтижелері Нұрсұлтан Назар­баев төрағалық ететін партия аты­нан қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев өзі­нің басты қарсыласын, ресми түрде рұқ­сат етілген оппозициялық кандидат Әмір­жан Қосановтан айтарлықтай басым түскен. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жал­пы электораттың 70,7 пайызы дауыс берсе, Әміржан Қосанов 16  пайыз дауыс жинаған», деп жазады басылым.

Сонымен қатар The New York Times басылымы мақалада елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыз айында Қазақстан Президенті ретінде өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылдағаны жайында да хабардар еткен.

Ресейлік gazeta.ru сайты елімізде биылғы 9 маусым күні өткен прези­денттік сайлау жөнінде таратқан ақпа­рат­тарында қазақстандық сарап­шы­лардың пікірлерін негізге ала отырып, аталған сайлаудың тыңғылықты ұйым­дастырылғанын әрі барлық үміт­кер­лерге тең мүмкіндіктер берілгенін атап көрсетті.

«Қазақстанда 9 маусым күні өткен президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысына ие болып, жеңіске жетті. Оның басты қарсыласы саналған үміткер 15 пайыз көлемінде дауыс жинады. Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, жаңадан сайланған Мем­лекет басшысы елдің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін жүргізіп келген ішкі және сырт­қы саясатын жалғастырмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің бүгінгі қатынасы да одан әрі дами береді», деп жазды gazeta.ru сайты.

Сонымен қатар аталған сайт exit-poll нәтижелеріне назар аударып, өзге үміткерлердің көрсеткіштерін атап көрсеткен.

Бұдан бөлек, сайт Қасым-Жомарт Тоқаевтың мықты саясаткер, өз елінің лайықты да адал ұлы екенін айта келіп, оның алдағы уақытта басымдық беретін бағыттарына тоқталды.