• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 11 Маусым, 2019

Электрмобильдердің тұңғыш шеруі өтті

467 рет
көрсетілді

Jasyl jol қазақстандық электрмобильдер шеруі Нұр-Сұлтан – Бурабай – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұйымдастырылды.

Ел назарын өзіне аударатын жағымды жаңалықтың тұ­саукесерінде Халықаралық жа­сыл технологиялар және инвес­тициялық жобалар орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев пен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағ­дарламасының тұрақты өкілі Виталий Времиш ақ жол тіледі. 

Автошеру алдында IGTIC алаңында орталық және жер­гілікті мемлекеттік орган­дардың, автокөлік компанияла­ры мен халықаралық ұйымдардың, іс­керлік орта өкілдерінің қаты­суы­мен дөңгелек үстел өтіп, баламалы көлік түрінің жетістіктері қолмен қойғандай түсіндірілді. Бұл басқосуға мүдделі ұй­­ым­дар­дың өкілдері қатысты. Қол­­же­тімді технологияның ең үз­­дігін пайдалана отырып, ха­лықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Қазақстанда жеңіл көліктерді ғана емес, сонымен бірге жүк электрмобильдерін шығаратын өз өндірісін қалып­тас­тыруға ынталы. Бұл дегеніңіз, алдымен мың­даған жаңа жұмыс орны. Оған қоса, өміршең биз­нестің дамуы. 

Электркарлар көрмесіне отан­дық өндірістің өнімдері ав­то­мобиль түрлерімен бірге аме­­рикалық Tesla, немістің BMW және Smart Fortwo ED, жа­пон­дық Lexus, британдық Jaguar жә­не қытайдың Ankai компа­ния­ларының өкілдері қатысты. Жұрт назарын Jrun электркарлар командасының NU Team студенттер жобасы аударды. Кө­ліктің әр бөлшегі мұқият есеп­теліп, тиімді жасалған екен. Құрастырушы инженерлері мен конструкторлары – Назарбаев Университеттің төртінші курс студенттері. NURIS команда­сы­ның қолдауымен студенттер бір жыл ішінде әуелі жобалап, содан соң жинап үлгерген. Сингапурде электркарлар категориясы бо­йын­ша өткен байқауда 14-орын алыпты.

Бүгінгі таңда электрмобильдер елге таңсық емес. 2016 жылдан бастап Қостанайда қытайлық әріптестермен бірлесіп шығара бастады. Сөз арасында JAC iEV7S моделінің Қазақстанда шығарыла бастағанын, Еуразиялық одақтың көліктің осы түрі бойынша ресми құптауына ие болғанын айта кеткен ләзім. Бірлесе шығарудың өзіндік мәні де бар. 2018 жылы әлемде электрмобиль түрлерін шығарудан Қытай көш бастап келеді. Оларда 1 200 000 осындай көлік түрлері шығарылып, сатылған. 

Айтпақшы, бұл шара Дүние­жүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыру бағы­тында ұйымдастырылып отыр.