Ұлттық кино тарихындағы алғашқы қазақ кеңес-актері, кинорежиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Хәкім Дәулетбеков хақындағы мәлімет-деректің тапшылығы сондай, кино мен руханияттың төңірегіндегі мамандар болмаса, есімін естіген бетте елең ете қалатындай танымалдылыққа жете алмаған күйі кетті. Рас, қайтыс болған соң Алматыдағы Гоголь мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы тас үйге «тұрды» деген ескерткіш-тақта ілінді. 2010 жылы Кино үйінде дүркіретіп болмаса да, деректі кинодағы орнын көрсетіп 100 жылдығын атап өткендей болғанымыз да рас. «Белгілі адамды белгісіз етпейміз, есімін жаңғыртып, еске алып жүреміз» деген уәделер жан-жақтан жамырай берілген, бірақ әдеттегідей бәрі де бәз баяғы қалпына қайта түсіп, талант естен тарс шығарылды.
Әкесінің дара туғанын, Мәскеудегі ВГИК-ті бітірген бірінші қазақ екенін, 1934 жылы «Мосфильмге» штаттық кестемен жұмысқа алынған бірінші кәсіби кинорежиссер болғанын дәлелдеп, шын бағасын алуы үшін бір сөмке құжат пен сарғайған суреттерді құшақтап алып, шырылдап жүгіріп жүрген жалғыз жоқтаушы қызы Сәуледен өзге тарихи тұлғаны өз тұғырына қондыруға асыққан жанашырлар әзірге табылмай тұр. Ал Сәуле Дәулетбекованың қолындағы архив материалдары мен сарғайған ескі суреттер сөйлеп берсе, біз «тұңғыш» деп таныған адамдардың талайы тұңғыш болмай қалуы әбден мүмкін. Бірақ мақсатымыз тұңғыштардың төңірегінде талас тудыру емес, бір уақ көзіне тура қарап қойсақ, шындықтың бағасы биіктей түсе ме деген ой.
Расында да, «кино», «институт», «актер» деген сөздер құлаққа тым тосын әрі түсініксіз естілетін 1931-1934 жылдары Х.Дәулетбековтің Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематографистер институтында оқуы ол кезең түгілі, бүгінгі уақыт тұрғысынан алғанда да тым ерекше қабылданатын «нонсенс». ВГИК-те жоғарғы актерлік білім мен режиссерлік шеберлік сабағын атақты Н.Баталов пен С.Комаровтың шеберханасында жүріп алған қазақ қандай болуы мүмкін деп өзіңше елестетесің де. Маңдайынан сипап, күтіп тұрған жеті атасы жоқ Мәскеуге жалаң аяқ, жалаңбас өскен жалқы жігіт қалай жол тауып келді?
Хәкім Мәскеуге «Жұт» атты фильмнің жетелеуімен келеді. Тағдыр жолын тарқатпас бұрын «Хәкім деген кім еді?» деген сұраққа жауап берелік. Дала ақсүйектерінен құрылған отбасының жалғыз тұяғы Хәкім Дәулетбеков 1910 жылы Ақмола округіндегі №15 ауылда өмірге келген. Жастайынан жетім қалып, туыстарының көмегімен медреседе білім алған Хәкім ағасы Қайырбектің қамқорлығының арқасында қазақтың астанасы Қызылорданы іздеп табады. Осы жерде білімін тереңдетіп, оқу орнын бітірген соң Қызылордада қазақ мектебінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.
Орталық жұмысшылар кооперативіндегі жағдайды жолға қойып, қазақтар арасындағы сауатсыздықпен күресу жөнінде комсомолдық тапсырма алған көзі ашық, белсенді Хәкім Қызылордадан Алматыға арнайы жіберіледі. Ол мұнда Бүкілресейлік «Шығыскино» тресі киноэкспедициясының Үкіметтің тапсырмасымен қазақ тақырыбына арналған «Жұт» атты тұңғыш көркем фильм түсіріп жатқанының үстінен түседі. Басқаларға қарағанда орыс тіліне жүйрік, сөзі орнықты, ойы қалыптасқан, жаны жайсаң жас жігітті режиссер М.Каростин бірден іш тартып, фильмге түсуге ұсыныс білдіреді. Елірген байға есесі кетіп, қой аузынан шөп алмайтын Малай атты момын батырақтың рөлін ойнау 9 жасынан жетім өскен Хәкімге аса қиынға соқпайды. Өзі де қарап жүрмей, бүкіл түсіру тобын маңайдағы ауылдарға ертіп апарып, кедей-кепшіктің жұпыны тіршілігін көрсетіп, базар аралатып, қазақтың өмірімен таныстырады. Тіпті көшеде ойда-жоқта ұшырасып қалған, екі иығына екі кісі мінгендей Абыз Тайшыбековтің алып тұлғасына қатты қызыққан режиссер фильмдегі бір қойдың етін бір-ақ жейтін мес қарын бай-құлақтың рөлін ойнауға қанша үгіттесе де, байырғы қызыл партизан «түспеймін» деп ат тонын алып қашқанда, оны осы Хәкім көндіріп береді. Бұрын-соңды мұндай мешкейлікті көрмеген мәскеулік киногерлердің екі көзі тас төбесіне шығып, талайға дейін жыр ғып айтып жүріпті.
Қазақ өміріне арналған тұңғыш «Жұт» көркем фильміне кеңесшілік жасауға Сәбит Мұқанов шақырылады, ал Ілияс Жансүгіров оның көмекшісі болып бекітіледі. М.Каростин мен С.Ермолинскийдің қазақ өмірін арқау еткен көркемсуретті «Жұт» фильмін түсіріп жатқанын естіген бетте Е.Арон өзі түсіруді қолға алған «Дала әндері» атты деректі-хроникалық фильмін тоқтатып қойып, дереу көркем фильмге айналдырады. Солай бола тұра, «Жұтты» Мәскеу бекітеді де, деректілігі басым болғандықтан, «Дала әндері» көркем фильм ретінде бекітілмейді. Бұл кезде Балқаштың бойында «Алтын жағалау» атты деректі фильм түсіріп жатқан А.Лемберг те қазақ киносының тарихына тұңғыш көркем фильмнің режиссері ретінде енуді ойлап қолындағы барлық деректі материалын Е.Аронға береді. Екеулеп фильмді қайта жасап, ішіне Серке Қожамқұлов ойнайтын қысқа эпизодты кіргізеді. Кейін «Дала әндерін» «мағынасыз әрі идеясы айқын емес» деп қатаң сынға алған К.Сирановқа Серке ағамыздың өзі сценариймен таныспағанын, рөлге дайындалмағанын, бәрін де Лемберг пен Аронның нұсқауымен жасағанын айтып: «Турасын айтайын, фильмде мен емес, режиссер ойнады!» деп өзі де мойындаған екен.
Бұл кезде Мәскеудегі басылымдар Малайды ойнаған Хәкім Дәулетбеков туралы «жаңа қазақ даласында қалыптасып келе жатқан жас жігіттің образын шынайы аша білді» деп жарыса жазып жатқан болатын. Бұл туралы М.Каростиннің Хәкімге жазған хатында: «Шығыскино» киностудиясы түсірген, Хәкім Дәулетбеков ойнаған «Жұт» кинокартинасының бірінші көркем фильм болғанын қуана қуаттаймын. Ал оператор Лемберг хроникер-документалист болатын» деген жолдар кездеседі. Осының өзінен орыс кинорежиссерлерінің әрқайсысында әлі өнер мен мәдениет қанат жая қоймаған қазақ даласындағы ұлттық киноның тарихын өзінен бастап, бірінші болғысы келетін ішкі есебі мен ниеті болғанын және онысын өздерінің де жасыра алмағанын байқауға болады. Өкінішке қарай, қызғаныштың қызыл иті ішін тырнағанда, мазасы қашатын өнердегі мәдени қарақшылар екеуінің есімін де, еңбегін де ұмыттыру үшін айдың-күннің аманында алтын қорда жатқан «Жұттың» да, кейін түсірілген «Қаратау құпиясының» да көзін жойып, қолды жасайтынын М.Каростин де, Х.Дәулетбеков те, әрине ол кезде білген жоқ. Сөйтіп Х.Дәулетбековтің тұтас тағдырына көлеңкесін түсірген нағыз жұт Каростиннің киносында емес, қазақ өнерінің қабырғасында басталған еді.
«Жұттың» арқасында орыс кинорежиссерлерінің көзіне түскен Х.Дәулетбековтің Мәскеуден бір-ақ шығып, ВГИК-тің студенті атанғаны өз алдына, оны тәмамдамай тұрып-ақ 1930-1939 жылдар аралығында «Шығыскино» тресіне штаттық актер болып жұмысқа қабылданады. 1931 жылы режиссерлер Дубровский мен Эль-Регистан Х.Дәулетбековті «Қаратау құпиясы» атты жаңа фильмдегі жолсеріктің рөлін ойнауға шақырады. Тау сағызынан отандық каучук өндіруге арналған өндірістік тақырыптағы фильм болғандықтан, идеясы тың, жанры жаңа, актері азиаттық, сонысымен де қоғамды жалт қаратқан фильмге Американың «Daily News» басылымының тілшісі де назар аударады. Фильм жарыққа шыққан соң (1932 жылғы 80-санында) «Daily News» былай деп жазады: «Осыдан екі жыл бұрын ғана Хаким Давид-Беков ешкім білмейтін бозбала еді, ал ол қазір СССР-дегі ең мықты актерлердің бірі!» Бір ғана рөлімен осындай бағаға ие болған Хәкімнің Мәскеудің маңдайалды режиссерлері мен актерлері арасындағы танымалдылығы тіпті арта түседі. «Тынық Дон» фильмінің алғашқы нұсқасы мен «Рязандық әйелдер» фильмдерінің режиссері болған О.Преображенская мен И.Правовтан Хәкім тағы да қазақ тақырыбына арналған «Жау соқпағында» фильміндегі Абылайдың рөлін ойнауға шақырту алады. Осы фильмнен кейін Хәкім И.Пырьев, А.Абрикосов, Б.Тенин, Э.Цесарский, Н.Плотников, М.Нароков секілді орыс киносының алтын қорына енген фильмдерді түсірген атақты режиссерлермен жақын араласа бастайды. «Ана», «Шыңғысханның ұрпағы» сияқты фильмдердің авторы, атақты М.Пудовкин 1935 жылы Хәкімге «Жеңіс» атты туындысындағы байланысшының рөлін ұсынады. Әсіресе 1936-1939 жылдар Хәкім үшін шығармашылық табысқа толы жылдар болды. Орыс киносының классиктері ғана емес, әлемдік кино өнеріне де елеулі ықпалын жасаған әйгілі С.Эйзенштейн, В.Пудовкин, Я.Протазанов, Г.Александровтармен танысып, олар түсірген фильмдердің көпшілік сахнасынан, эпизодтық көріністерден рөл алады.
1934 жылы ВГИК-ті бітірген Х.Дәулетбековтің 1936-1940 жылдар аралығында М.Горький атындағы Әдебиет институтының драматургия факультетінде оқыған бірден-бір қазақ болғанын да сөз орайы келгенде айта кетуіміз керек. Институтты бітірген 1940 жылы Қазақстан үкіметі ұлттық киностудияны ұйымдастырушылардың қатарында Хәкімді Алматыға шақырады. Ол еліне келген соң Қазақ КСР Халық Комиссариаты өнер басқармасының сценарий бөлімінің басшысы әрі режиссері болып бекітіледі. 1941 жылдың соңында «Біздің қаланың жігіті» фильмін түсіруді бастаған режиссер Александр Столперге ассистент болып тағайындалады. Осы фильмнен кейін Х.Дәулетбеков тұңғыш қазақ кинорежиссері болып танылады. Фильмнің түсірілімі аяқтала сала Хәкім өз еркімен майданға аттанады...
«Сонда ВГИК-ті, Әдебиет институтын тұңғыш болып тәмамдаған Хәкім Дәулетбеков талантты бола тұра, неге осы уақытқа дейін көпшілікке танылмаған, не себепті қазақ киносының алғашқы қарлығаштарының қатарында аты аталмаған?» деген заңды сұрақ туады. Тіпті артықтау болса да, ойлағанның айыбы жоқ болар, «1937-нің нәубетінен қалай аман қалған?» деген сұрақтың да көкейге лықсып келетінін жасырмай-ақ қоялық.
Ел билігіне ерте араласып, әскери хорунжий шенін алып, Ақмола округіне қарасты Әліке-Байдалы болысын басқарып, Атбасар сыртқы округі аға сұлтанының орынбасары болған әйгілі Аққошқар Кішкентайұлының шөбересі (Аққошқардың Эрмитажда тұрған суретін Қазақстанға алып келіп, ғылыми айналымға енгізген – академик Әлкей Марғұлан) оның ұлы Бекеннен туған Дәулетбек байдың үш әйелінің ортасындағы Хәкімнің өмірі кедейді төбесіне көтерген кеңестің саясатына тура келіп, сыйыса алмаса, қитұрқы кезеңнің өлшемімен алғанда – қисынды. Ілім-білім жинаған жастық шағы Қазақстаннан қашықта, Мәскеуде, орыстың ортасында өтіп, 1937 мен 38-дің зобалаңынан жаны аман қалғаны бағы болса, үш рет ауыр жараланып, кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені мен бес медальды қадап, Белград қаласын алғаны үшін Сталиннің жеке Алғыс хатын алып соғыстан аман-есен елге оралған кезінен бастап қағаз-қаламы жалаңдап, арыз жазатындар режиссерге сор болып жабысты. Екі қолы жақсылардың жағасына жармасып өткен, шетінен көзінен тізіп көгендеп, ұстап беруден алдына жан салмаған атақты жазушымыз бұл жолы да жүрісінен жаңылмай, «байдың тұқымы, тұқымы ғана емес, бел баласы» деп Хәкімнің үстінен арызды боратқан да отырған. Сәуле Хәкімқызының айтуына қарағанда, әкесінің ұсталып кетуінен көп жағдайда анасы қорғап қалып, сақ жүруіне, сергек болуына себепкерлік жасайды. Хәкімнің әйелі Мамира Жантілесова да соғыс кезінде Калинин қаласында орналасқан КСРО Қызыл Армиясы Барлау басқармасының бас штабында жұмыс істеген қазақ қызы. Соғыс аяқталған соң алғашында Өзбекстан Қауіпсіздік комитетіне жіберіліп, кейін Қазақстанның Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне жұмысқа ауыстырылған Мамира өмір бойы жазықсыз ерін қызғыштай қорумен өткен. Қауіпсіздік қызметінде жұмыс істегендіктен, күйеуіне жала жауып, қаралаған кезекті арызды «керекті» жеріне жібермей, орта жолдан ұстап алып отырған.
Х.Дәулетбеков 1983 жылы 73 жасында қайтыс болды. Қазақ КСР-не еңбегі сіңген өнер қайраткері, талантты режиссер бар өмірін киноға арнап, 12 деректі фильм және «Советтік Қазақстан» киножурналы үшін 100-ден астам сюжет түсірді. «Ауылдан шыққан қыздар», «Кеген даласы», «Халық мұғалімі», «Қазақстандағы румын шаруалары», «Шөлмен шекарада», «Екі мәрте Еңбек Ері», «Лиманное орешение Казахстана», тағы басқа деректі фильмдері экран бетінен қайталап көрінсе, бүгінгі күннің көрермені үшін де қызықты болатыны сөзсіз. Бар жазығы бай баласы болып қыңыр саясаттың қырына іліккені болмаса, қазақ киноактерлік мектебінің негізін қалаушы алғашқы қарлығаш соңына осыншама мұра қалдырды. Қазақстанда жыл сайын өтетін әртүрлі дәрежедегі кинофестивальдер, «Құлагер» ұлттық жүлдесі секілді киногерлер қауымына арналған бәйгелерде деректі фильм жеңімпазына Хәкім Дәулетбеков атындағы арнайы сыйлық табысталып отырса, «Қазақфильм» киностудиясы алдындағы «Жұлдыздар аллеясынан» өз жұлдызын иеленсе, есімінің ел есінде жүруі үшін жасаған игі ісіміз болар еді. Тар кезеңде таудай талап арқалап, халқыма пайдалы адам болсам деген ұлы арманмен келіп, табанды қызмет еткен Хәкім есімі қайткенде ұмытылмауы тиіс.
АЛМАТЫ