• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 13 Маусым, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне байланысты пікірлер

1259 рет
көрсетілді

Үлкен үміт үстіндеміз

Бұл – ерекше тарихи күн. Қа­зақ­стан тарихындағы екінші Президент сайланып, ұлықтау рә­сі­мі өтті. Әрбір Президент сайлауына, сайланған Президентке ха­лықтың үлкен үмітпен қа­райты­ны – заңдылық. Жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде еліміздің әрі қарайғы дамуының он бағытын белгілеп, нақты жос­парларымен бөлісті.

Біз көрнекті дипломат, мем­ле­­кетшіл қайраткер ретінде та­ныл­ған Қ.Тоқаевқа сенім біл­ді­ріп, Президентіміздің бастамала­рын қолдауға әр кез дайынбыз. Барлығымыз да Қазақстанның болашағы жарқын болып, әлем­дік аренадағы беделінің өсе түсуіне мүдделіміз. Енді жаңадан сайланған Президентіміз алдағы уа­­қытта Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың саясатын, бағы­тын жал­ғастыра отырып, еліміз­дің гүл­денуіне, халықтың әл-ауқа­тының артуы үшін бар тәжіри­бе­сін, күш-жігерін аямайды деп сенеміз.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

 

Елдік мәселені екшеді

Жаңа Президентіміз халық алдында Ата Заңымызға қолын қойып, ант берді. Сайланған Президент ретінде қызметіне кірісті. Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде экономикалық өсімнің елдегі бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешетінін айтты. Меніңше, бұл – дұрыс бастама. «Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс» деді ол баяндамасында. Бұл бағытта лайықты нәтижеге қол жеткізу үшін кәсіпкерлікті дамыту керек.

Екіншіден, қоғамның бір мүшесі, осы елдің азаматы ретінде маған ұнағаны – қоғам­мен диалог құруды қалайтыны. Бұл өркениетке бет алған біз секілді демократиялық мем­ле­кеттің дамуына жол ашады. Сондықтан оның Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесін құру туралы шешімі – халықпен етене болуға жәрдемдесетін жол. Президент қоғамдық ой-пікірді, халықтың қай жолмен дамуды қалайтынын білгісі келеді.

Ал қоршаған ортаны қорғау саласында еңбек етіп жүрген мен үшін Мемлекет басшысының экология туралы ойы ерекше болды. Өйткені көп адам экология мәселесін екінші, тіпті үшінші қатарға қойып жатады. Бірақ бұл – аса маңызды мәселе. Себебі экология – ұлттың денсаулығы. Біз өзімізді қоршаған ортада өмір сүреміз. Президент айтқандай, қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан осы түйткілдің түйінін тарқатуда жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс.

Айгүл СОЛОВЬЕВА,

Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығының

басқарма төрайымы

 

Берері мол беделді тұлға

Міне, тарихи оқиғаға куә болдық. Қазақ­стан­ның тәуелсіз тарихында екінші Президент сайланды. Елбасы орнын өзінен кейінгілерге беріп, көрегендік танытты. Бұл да қазақтай парасатты халықтың қолынан келетін іс. Қасым-Жомарт Кемелұлы – біртуар азамат. Еңбек жолын елге қызмет етуге арнап, Қазақстанның өзге елдермен тең дәрежеде болып, халықаралық беделін арттыруға жұмыс істеді. Мен Қ.Тоқаевтың штабында болдым, өңірлерге барып, үгіт-насихат жүргіздік. Елімізде осындай әлемдік деңгейде беделді тұлғаның барына қуандым.

Президент ұлықтау рәсіміндегі баяндама­сын­да алдағы жұмыс-жоспарымен бөлісті. Соның ішінде маған халықтың табысын арт­тыруды қолға алатынын айтқан бірінші ба­ғы­ты ерекше ұнады. Таяу арада Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндет­тер­ді айқындайтынын атап өтті. Елдің табысы, күнкөрісі жақсы болса, жемқорлық та жойылады. Ең маңыздысы – Президент айтқандай, орта тап қалыптасады.

Қазақта «Баласы атқа қонса, шешесі тақы­мын қысады», деген сөз бар, атқа қонған ұлын бәріміз халық болып қолдап, көтеруіміз керек. Сонда ғана нәтиже болады. Шетелдің бәрі бізге сын көзін салып отыр. Сол үшін біз секілді алдыңғы толқын ағалар өзінен кейінгілерге үлгі болып, жастар аманатқа лайық болатындай тәрбиелеуіміз қажет.

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

Олимпиада чемпионы

 

Өмір сапасы өзгереді

Кезектен тыс Президент сайлауының қорытындысы бо­йынша Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Біз еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын жаңа президентті таңдадық. Яғни, Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердік.

Қа­зақстандықтардың таң­­да­уы, әр даусы өте ма­ңыз­­ды. Ел аза­мат­тары бұл сайлауда белсенділік танытып, мемлекеттің әлеуетін арт­тыру үшін, гүлденіп, бола­ша­ғы­ның жарқын болуы үшін қызмет ететін кандидатқа қол­дау көрсетті. Біздің бүгінгі таң­дауы­мыз ел ертеңіне зор әсерін тигізеді.

Енді бізді алда үлкен жұ­мыс­тар күтіп тұр. Қазақ­стан­дықтардың артқан зор сені­мін, күткен үмітін ақтау керек. Қасым-Жомарт Тоқаев осы үдеден шығып, Елбасының стратегиялық жолының бұдан әрі де жалғаса беретініне кепіл болады. Сондай-ақ Президент ел азаматтарының әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсарту үшін бар күш-жігерін салады деп сенеміз.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы

Бағалы бастама

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі ерекше өтті. Әдетте ұлықтау рәсімі сайлау қорытындысы шыққаннан кейін араға біраз күн салып барып болатын еді. Осы жолы ертерек өткенін жаңа Президенттің алдағы жұмыс жоспарын нақтылап, жеделдетіп бастауға ұмтылғаны деп ойлаймын. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларына баса мән бергеніміз абзал. Қазірдің өзінде халық арасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың он идеясы деп тарап жатқан бағыт-бағдарлар бар. Соның ішінде қоғам белсенділерінің көңілінен шыққан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастамасын айтар едім.

Кезектен тыс Президент сайлауының нәтижелеріне тағы бір көз жүгіртсек, әрбір кандидаттың жинаған пайыздық дауыстарының артында халықтың үні, әртүрлі сипаттағы мәселелері тұр. Енді осындай талап-тілектер бойынша ел азаматтарымен диалог құру, коммуникация орнату жаңа айтқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл кеңес Мемлекет басшысының Жарлығымен бір айдың ішінде жұмысын бас­тайды. Қасым-Жомарт Тоқаевты халықаралық дәрежеде қызмет еткен тәжірибелі дипломат ретінде халық пен билік арасында көпір болатын кеңесті қалыптастырады деп сенемін.

Мұхтар МАНКЕЕВ,

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы

 

Ұлы мұраттарға ұмтылыс

Қазақстан елеулі өзге­ріс­­тер­­дің алдында тұр. Міне, жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында ант қабылдап, міндетін атқаруға кірісті. Салта­нат­ты ұлықтау рәсімінде өзінің алдағы істейтін жұ­мыс­тар­ы­ның жос­парын баяндады. Сол сөзіне мұқият тыңдадым, өйткені оның сенім артқан адамынан игі іс, нық қадам күткен халық үшін маңызы зор. Жұмыс-жоспарына зер салып, өнер адамы ретінде өз кәсібіме керек қандай дүние бар екеніне баса көңіл аудардым. Президент бола­шақ­тағы жоспарында рухан­ият саласын да назардан тыс қалдырмаған. Ол өз сөзінде «Рухани жаңғыру» құн­дылықтары біздің бас­ты рухани бағдарымыз болып қала беретінін, тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге ұмтылыс секілді халқымыздың бойын­да­ғы асыл қасиеттерге ерекше тоқталды. Шынында да, осы аталған қасиеттер елімізді дамуға бастайды.

Мен – ұстаздық жо­лын­да­ғы адаммын. Сондықтан Мемлекет басшысының айт­қан сөзіндегі ең маңыздысы мен үшін «Ұстаз мәртебесі» туралы мәлімдеуі болды. Ол: «Біз мұғалімдердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабыл­дай­мыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағ­да­йын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз», деді. Осы сөзге мұғалімдердің жала­қы­сы, қоғам алдындағы бе­де­лі, оларға берілетін баспана, міндетіне жатпайтын жұ­мыстарға жегіп тастау  мәсе­ле­сі кіреді деп сенемін.

Ұлықтау рәсімінде болдым, егер Президент алдына қойған мақсаттарға жетіп, жоғарыдағы жұмыс-жоспары лайықты іске асса, еліміз өркендейді.

Жанғали ЖҮЗБАЙ,

Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры

 

Дамудың жаңа даңғылы

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Қа­зақ­стан Республикасының Пре­зи­­денті қызметіне ресми түрде кі­рі­суін заңды түрде бекітуге арнал­ған салтанат­ты ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасы Кон­сти­ту­ция­сының 42-бабына сәйкес жаңа сайланған Казақстан Рес­пуб­ли­касының Президенті Қ. Тоқаев Қазақстан халқының алдында ант берген ерекше тарихи сәттің куәсі болдық.

Өзінің сайлауалды бағдар­ла­масында бейбітшілік пен келісімді, ортақ игілік, Қазақ­стан­ның өркендеуі мен гүлденуі жолында аянбай еңбек етуді өзінің басты мақсаты етіп алған Қ.Тоқаевтың сайлаудағы жеңісі заңды құбылыс деуге болады. Қоғамымызда тұрақ­ты­лықты, бірлікті, эконо­ми­­калық өркендеуді алдағы қыз­метіне темірқазық етіп алған Елбасымыздың басты он бағыт бойынша белгілеген бағдарлары қуатты, гүлденген Қазақстанды қалыптастырады, елі­міздің өркендеуіне, хал­қы­мыздың  әлеуметтік жағ­дайы­ның жақсаруына,  Консти­ту­циямызбен бекітілген мемле­ке­тіміздің ең қымбат қазынасы – азаматтарымыздың заңды құқылары мен мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдары, лауазымды тұлғалар тарапынан әділетті қорғауға жол ашады деп есептеймін.

«Еліміздің әр адамының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым», деп өз ант беру рәсімінде атап көр­се­туінің өзі  нағыз халық­тық демократияның, қара­пайым­ды­лықтың және өз халқына жақын­дықтың үлгісі дер едім.             

Тәуелсіздігімізді одан әрі ны­ғайтып, елімізді даму­дың жаңа өр­кениетті сатысына көте­ре­­тін Қазақстан Республикасы Пре­зи­­дентінің қызметіне жаңа кі­ріскен Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтай ірі мемлекет қайраткеріне Алламыз мықты денсаулық, жасы­мас жігер, қажырлы қайрат беріп, еліміздің нұрлы, берекелі, бейбіт болашағы үшін жасайтын әрбір ісі сәттілікке толы болсын демекпін!

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,

Қазақстанның Заңгерлер және Журналистер одақтарының

мүшесі, белгілі заңгер