Кейбір іні-қарындастарымыздың солардың қатарынан табылғанын көріп, алаңдап қалдық...
Қазақстанның жағдайын Өзбекстанмен де, күні кеше ғана Президент сайлауы өткен Украинамен де салыстыруға болмайды.
Өзбектің – Ресей мен Қытайдан жеткен дауылдың екпінін әлсіретіп барып өткізетін Қазақстандай көршісі бар, ал Украинаның өкпелеп қалса әрі қарай аунап кететін Еуроодақ елдері тәрізді қорғаны бар. Тіпті Канаданың саясаткерлерінің бірімен кездескен кездегі әңгімесі әлі есімнен шықпайды. Оны күнделігіме түртіп алып та қойыппын. «Алып мемлекеттермен көрші болу – сынақ. АҚШ-тай алпауыт көршіміздің дамуы әсер етеді. Ұйықтап жатып, аунап кетсе де құшағында тұншығып қаламыз деген қорқынышпен өмір сүреміз».
Біздің жағдайымызда қауіптің мұндай түрі еселеніп тұр! Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Достық пен ынтымақ бар жерде, береке мен ырыс болары айдан анық.
Мемлекет мүддесін қорғауға мықты жүйке керек. «Халық» Құдайдың екінші аты дейді. Әлемді өзгерткіміз келсе, өзгерісті алдымен өз бойымыздан бастайық. Өзіміздің мүмкіндігімізді игере алсақ, алынбайтын қамал жоқ. Атқарушы билікке сөзіңді өткізу үшін ұсыныста салмақ болу керек. Сол кезде ғана қоғам мен билік арасында үйлесімділік орнайды.
Арлы азаматтың шаруасы – ұлт мұратына адалдық таныту, елді іштен және сырттан бөлмек болғандардың әрекетіне саналы түрде тойтарыс беру. «Таразы басы қай жаққа ауады» деген бақай есепке орын болмауы керек. Қазақтың жетідегі баласы мен жетпістегі қариясына дейін мемлекеттің біртұтастығы және ұлттың бірлігінен биік мүдде болмауы тиіс!
«Тыныштығы қай уақытқа дейін созылады» деп іштен де, сырттан да күтіп отырғандар, сынап отырғандар жетеді. Абылай заманынан бергі ұстанған, қылыштың жүзінде шыңдалған саясат бүгінге дейін қазақты оттан да, судан да аман алып шықты. Іргесі бүтін, керегесі берік елге айналдырды қазақты. Енді бұл мүмкіндіктен айырылып қалсақ, ата-бабамыздың аруағы кешпейді бізді.
Қазақ халқы өзінің елдік мәселесін көшеде немесе жалаң ұранмен шешпеген. Ұсыныс, талап-тілектерді мәдениетті түрде айта білетін деңгейдеміз.
Өркениетті елдерде халықтың тілегін жеткізудің заңды жолдары бар. Кеше мен бүгінді салыстыруға болмайды. Тіпті 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары халық тілегін жеткізудің заңды жолдары қалмағандықтан алаңға шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қоғамдық келісім ұлттық кеңесін құру қажеттігін айтты. Ендігі мәселе – оның құрамының біліктілігіне сын болып тұр. Ел жастары нені қалайды, орта буындағы азаматтардың көзқарасы қандай? Олар еліміздің дамуын болашақта қалай көргісі келеді? Мұның барлығы кеңесте ашық талқыланып қана қоймай, таяу болашақта жүзеге асуы қажет. Әйтпесе, бұған дейін Президенттің жанынан талай ұлттық комиссия құрылған. Бірақ ондағы мәселелердің жүзеге асқаны қайсы? Жастар осы тәрізді қадау-қадау мәселелерді көшеде емес, қоғамдық кеңес мінберінде айтуы тиіс. Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда немен айналысатынын айтып, маңызды 10 бағытты айқындап берді.
Халықтың табысын арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуды басты назарда ұстайтынын айтты. Билік жастардың талап-тілектерін тыңдап және соны орындайтынын ашып айтып отыр. Біз оған мүмкіндік беруіміз керек.
Саяси додада топ жарған бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жаңа белеске көтеретініне сенім арта білуіміз керек. Қазақ ежелден сөзге тоқтай білген, дәм-тұзды ақтай білген халық емес пе едік?!
Қасым-Жомарт Кемелұлының кешегі ұлықтау рәсімінде айтқанындай, оған дейін де көтеріп келе жатқан мәселелерін тыңдаған болсақ, әділет жолында ел басқарудың жаңа дәуіріне өтеміз деп отыр.
2000-жылдардың басында жұмыс бабымен Еуропада бірнеше жыл тұрдым. Дамыған елдердегі мемлекеттік басқару формалары туралы қолыма түскен зерттеу еңбектерді оқып шықтым.
Көзім жеткен ақиқат – мемлекетті басқарған тұлғаларға деген ел сенімі – мемлекет дамуының кепілі екен! Мемлекет басқарған тұлғаларға халықтың сенімі мен ұлтының бірлігі ғана күш береді. Қазақ мұндайда «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейді. Айтарым – қазақ бір болайық, түгел болайық.
Сын сағатта барша бауырларымды сабыр сақтауға шақырамын. Сөзге тоқтаған, ұлттың ұрпағы екенімізді танытатын кез келді...
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы
АЛМАТЫ