Қазіргі Қазақстанның саяси өмірінде 2019 жылғы 9 маусымда өткен Президент сайлауы маңызды оқиға болып саналады. Президенттік сайлау – ұлттың тарихи өзін өзі анықтауының жауапты сәті болды. 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Қазақстан халқы күшті президенттік билік жолын таңдады, ол елдің тұрақты және баянды даму сипатын анықтады. Осы жолғы сайлау стратегиялық бағыттың табыстылығы мен тиімділігін, сенімділігін қамтамасыз ететін саяси өмір мен экономикадағы одан арғы өзгерістердің негізгі маркері және катализаторы болды. Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, Елбасының бағытына деген сенімділігін растап, сайланған Мемлекет басшысына деген өз көзқарасы мен сенімін танытты.
Қазақстандықтардың таңдауы тиісті қоғамдық көңіл күйді, ең алдымен, баршаға арналған баршылық, әл-ауқат идеяларын қолдауды көрсетті. Бұл идея Президент бағдарламасының негізгі ережелерінде көрініс табады: елдің стратегиялық бағытының сабақтастығы, әлеуметтік әділеттілік тұжырымдамалары және одан әрі ілгерілеу.
Қазіргі президенттік сайлаудың бірнеше ерекшеліктерін атап өткен жөн.
Біріншіден, сайлауға саяси партиялардың ғана емес, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де қатысты. Бұл ретте сайлауалды бағдарламаларда қоғамның негізгі идеологиялық бағыттары мен саяси сенімдерін көрсететін идеялар палитрасы басым екенін атап өту қажет.
Екіншіден, сайлауалды президенттік жарыста үміткерлер санының және жаңа қосылғандардың басым болуы байқалды. Сайлау бюллетенінде алғаш рет жеті үміткердің аты-жөні жазылды. Одан бұрынғы рекорд – 2005 жылы бесеу болды.
Үшіншіден, сайлауалды жарыста үміткер ретінде әйел адамның болуы. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет үміткер әйел қатысқанын, бұл ретте ол өзінің праймеризін жүргізген саяси партиядан ұсынылғанын атап өту қажет.
Төртіншіден, ұлттық байқаушылар институтын белсенді дамыту. Биылғы президенттік сайлауда Ұлттық байқаушылардың басымдығын және олардың белсенді жұмысын, әсіресе өңірлерде әділ және адал сайлауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын ерекше атап өту қажет.
Мысалы, «Аманат» азаматтық тұғырнамасы бүкіл ел бойынша 700-ден астам ҮЕҰ тартты және президенттік сайлауды байқаушы ретінде 16 мың адамды дайындады. Бұл тәжірибе азаматтық белсенділікті, сондай-ақ халықтың саяси мәдениетін арттыруға мүмкіндік берді. Оған қоса, халықаралық қоғамдастық үшін сайлаудағы халықтың азаматтық белсенділігі белсенді саяси ұстанымның басты көрсеткіші, сондай-ақ азаматтар тарапынан патриотизмнің көрінісі ретінде сипатталды.
Бесіншіден, сайлаушылардың сайлауға қатысуы 77,4%-ды құрады. Халық тарапынан саясатқа деген қызығушылықтың төмендеуінің әлемдік тренді аясында Қазақстан жоғары азаматтық белсенділікті және халықтың сайлау үдерісіне көптеп тартылуын көрсетті.
Алтыншыдан, өткен президенттік сайлау жариялылықты, әділдікті және ашықтықты қамтамасыз ете отырып, демократия қағидаттарына сәйкес болғанын атап өткен халықаралық байқаушылардың белсенді жұмысы. Президент сайлауы азаматтардың құқықтарын жүзеге асырудың жоғары деңгейін көрсетті.
Жетіншіден, халық тек нақты кандидаттарды ғана емес, сонымен қатар сайлау үдерісі мен технологияларды де белсенді талқылады. Шартты түрде бұл көрсеткіш, қоғам әрбір азаматтың дауысына біздің мемлекетіміздің тағдырына байланысты екенін түсінетінін аңғартты.
Президенттіктен үміткерлер ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, әсіресе әлеуметтік медианы пайдалану тәсілін өзгертті. Көбінесе үміткерлер өзінің сайлауалды идеяларын визуализация және графикалық контент арқылы көрсетті. Сондай-ақ сайлаудың жоғары технологиялылығы көптеген жаңа қадамдар, жаңа акциялар қолданылуы арқылы сипатталды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Birge» республикалық штабының науқанын атап өту қажет. Оған кандидаттың өзі бастамашылық етті және шын мәнінде бұл науқан үлкен табысқа ие болды. Оның табысы «сайлаушылардың қолы» деп аталатын ресурсты пайдалануымен байланысты. Жалпы, кез келген кандидаттың табысы – ол сайлаушылармен тікелей қалай жұмыс істейтінінде. Менің ойымша, «Есіктен есікке» науқаны осыған жақсы мысал болды. Бұл қадам қазіргі сайлау науқанында да белсенді қолданылды. Қ.Тоқаевты қолдау жөніндегі штаб осы науқанға 20 мың жас еріктіні тарта алды.
Жалпы, барлық кандидаттар штабтарының жұмысы қысқа уақыт мерзімінде өтіп, олар үшін үлкен сынақ болғанына қарамастан, сайлаушылардың белсенділігі бойынша сайлауға қатысқан барлық кандидаттардың штабтары өз ресурстарын толық көлемде жүзеге асырғанын көрсетті.
Бір айта кетерлігі, кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының мониторингі мен талдауы елдің медиасферасындағы интернеттің аса маңыздылығын көрсетті. Сайлауалды жарыста қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен азаматтық белсенділігіне айтарлықтай ықпал етті, бұл сондай-ақ сайлаушылардың сайлауға келуінің жоғары деңгейіне әсер етті.
Президент лауазымына кіріскен Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы көптеген сайлаушылардың қолдауына ие болды. Ол тек ауқымды және мазмұнды ғана емес, ол орындалу шынайылығы тұрғысынан ойластырылған және халықтың үміттеріне жауап береді. Мемлекет басшысының халықтың жағдайын жақсы білетіндігін оның ұлықтау рәсіміндегі сөзі растайды.
Жаңадан сайланған Мемлекет басшысы өз саясатының басымдықтарын атап өтті: әлеуметтік міндеттерді шешу, кәсіпкерлікті қолдау және қоғам бірлігін қамтамасыз ету, халықтың табысын арттыру, халықты жұмысқа орналастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Біз көріп отырғанымыздай, осы басымдықтарды іске асыру қазірдің өзінде басталды. Мысалы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екі ведомствоға бөлінуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны институционалдық нығайтуды көрсетеді.
Сайланған Президент жастарға ерекше көңіл бөлуді және жас кадрлармен мемлекеттік басқару жүйесін жаңартып, жас дарынды басқарушыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлеріне жылжыту үшін «Президенттік кадр резервін» қалыптастыруды ұсынды.
Сонымен еліміздің саяси өмірінде дамудың жаңа кезеңі басталды. Қазақстанның саяси, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізудегі баға жетпес тәжірибесі, мемлекеттік билік институттарын, қоғамның саяси жүйесін жаңғырту Президент Қ.Тоқаевқа елдің одан әрі үдемелі дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президент Қ.Тоқаевқа жүктелетін ерекше миссия мен жауапкершілік оған деген халықтың жоғары сеніміне байланысты.
Инаугурация кезінде Президент «Мен үшін Президент ретінде экономикалық дамудың жалпы сандары емес, барлық азаматтарымыздың нақты әл-ауқаты ең маңызды болып табылады», деді. Осы арқылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың үмітін ақтау үшін өзінің барлық күшін, жоғары кәсібилігі мен адами қасиеттерін жұмсайтынын көрсетті.
Зарема ШӘУКЕНОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры