Сондықтан «жасыл» экономика идеясы қоршаған орта бойынша (ЮНЕП) БҰҰ бағдарламасы ретінде 2008 жылы қабылданды. ЮНЕП-ке сай, «жасыл» дегеніміз – келешек ұрпаққа қоршаған орта үшін елеулі тәуекелге жол бергізбейтін, адамдардың теңсіздігін қысқартып, әл-ауқатын ұзақ мерзімге жақсартуды қамтамасыз ететін экономика.
«Жасыл» экономиканың қайыршылықтан құтылуға, экономиканың жоғарылауына, әлеуметтік интеграцияға ықпал етуге, адамдардың әл-ауқатының жақсаруына көмектесетіні құпия емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) классификациясына сай, «жасыл» технологиялар бірнеше саланы қамтиды: жалпы экологиялық басқару, энергияны жаңадан іске қосылған көздер арқылы өндіру, климаттың өзгеруі салдарынан болған зардаптарды жеңілдету, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту, отындарды пайдалану тиімділігін арттыру, сонымен қатар ғимараттар мен жарық беруші құралдардың энергиялық тиімділігін арттыру.
Егер әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, көшбасшы елдердің алдында, әрине, Оңтүстік Корея тұр. Бұл елде ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 3%-ы немесе 60 млрд АҚШ доллары «жасыл» сектордың дамуына бөлінеді. Ал АҚШ жасыл экономиканы дамытудың негізгі бағыты ретінде баламалы энергетиканы жетілдіру жолын таңдады. Күн құрылғыларының көмегімен 2030 жылға қарай ел тұтынатын энергияның 65%-ы, жылудың 35%-ы өндірілетін болады. ЕО елдерінде түгелге жуық энергетика, қоғамдық көлік пен инфрақұрылымды дамыту, эко-қоныстар, сонымен қатар қалдықтарды кәдеге жарату жүйесі салаларында «жасыл» шаралар іске қосылған.
Швеция 2020 жылдарға қарай өз елінде мұнайдан толық құтылуды, көмір мен ядролық энергияны үдерістен шығаруды жоспарлап отыр. Қытайда 2020 жылға қарай электр энергиясының 15%-ын жаңа энергия көздерінен алу, ал экономикадағы көміртегі мөлшерін 45%-ға азайту жоспарлануда. ҚХР-дың энергия үнемдеуге, жаңа энергия көзін табуға, тиісті технологияларға бөлінген мемлекет қаржысының көлемі АҚШ пен ЕО көрсеткіштерінен асып түсті. Қытай өндірушілері күн батареяларының әлемдік экспортының 40%-ын, жел құрылғыларының 20%-ын иеленеді.
Қазақстанға келер болсақ, бізде де бұл салада белгілі бір деңгейде іc-шаралар жүзеге асырылуда. Қазақстанның жасыл экономиканы өркендетуге мүмкіндігі мол. Жасыл технологияға әлдеқайда ұтымды әрі қолжетімді кең-байтақ территориясы, тиімді геосаяси жағдайы, нарықтағы жоғары сұраныстары жаңа мүмкіндіктерге қолайлы жағдай туғызады. Жасыл экономикаға көшу әлдеқайда танымалдықты иеленіп келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы жасалды. Тұжырымдамада экономиканың белгілі бір саласын реформалауға ерекше бағытталған басымдыққа ие міндеттердің түзілімі көрсетілген.
«Жасыл» экономикаға көшудің мемлекет алдындағы басты міндеттері: ресурстарды (су, жер, биологиялық және т.б. ресурстар) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін арттыру, ағымдағы инфрақұрылымдарды жаңғырту және жаңасын салу, қоршаған ортаға жасалған қысымды оңтайлы жолдармен жеңілдету арқылы қоршаған орта сапасы мен тұрғындардың әл-ауқатын жоғарылату. Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытудың негізгі жеті бағыты қалыптасқан.
«Жасыл» экономиканы дамыту бағдарламасы желісімен, Қазақстан экономиканың 10 негізгі секторын инвестициялауды жоспарлап отыр. Олар: ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика, балық аулау, орман шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, көлік, қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге асыру, су ресурстарын басқару.
Елімізде «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» ҰАҚ-тың нәтижелі жұмыс істеп жатқанын атап өтуге тиіспіз. Аймақтар және қала әкімдіктерімен бірлесіп, белсенді жұмыстар атқарылады. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола облыстары бар. Орталықтың қызметі әлеуетті инвесторларды іздеуге қатысты инвестициялық жобаларды енгізу мен қолдауға, жобаларға техникалық талдау жасау мен аймақтардағы ең үздік «жасыл» технология трансферттерінің мүмкіндіктеріне бағытталған.
Сонымен қатар бұл саладағы жедел қарқында шешімін табуға тиісті бірнеше көкейкесті мәселені атап өткенді орынды деп есептейміз.
Бірінші мәселе. Қабылданған шараларға қарамастан, кейбір аймақтарда әлі күнге дейін экологиялық тұрғыдан қауіпті әрі ластанған, өткен ғасырдан келе жатқан кәсіпорындар жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығында жел энергиясын қолдану 1%-ды ғана құрайды. Бұл − ЕО елдеріне қарағанда 10 есе аз. Сонымен бірге басқа Еуропа елдерінің тәжірибесі жел электр энергиясын тұтыну жалпы электр энергиясын тұтынудың шамамен 20%-ына жетеді.
Заңнамалық базаны күшейтуді қажет деп санаймыз, ал Үкіметтің мұндай кәсіпорындарды мәжбүрлеп жабу үшін радикалды шаралар қабылдауы керек. Егер шетелдік тәжірибеге жүгінетін болсақ, тек ҚХР-дың өзінде 2 мың экологиялық тұрғыда ластанған компания мәжбүрлеп жабылған.
Екінші мәселе. Экологиялық инновациямен өндірілген тауарларды «жасыл» тұтынуды ынталандыру үшін Қазақстанда әлі күнге дейін «жасыл төлем картасы» жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, Оңтүстік Корея «жасыл төлем картасы» жүйесін іске қосып үлгерді. Қазақстан үшін бұл тәжірибе, біздің ойымызша, қызықты әрі тиімді болуға тиіс. Мұндай карталардың көмегімен «жасыл» тауарлар мен қызметтерді тұтынуды, жекенің орнына қоғамдық көлікті пайдалануды, сонымен қатар энерготиімді тауарларды қолдануды есептеуге мүмкіндік туады. Жасыл карталардың осындай жүйесін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында қанатқақты түрде енгізуді ұсынамыз.
Үшінші мәселе. Қазақстан − орманы аз мемлекет, ел аумағының 4,7%-ы ғана орманды. Жасыл желектерді ұлғайту үдерісі бүгінгі таңда баяу жүргізілгендіктен, оны жақсарту мүддесі туындайды. Соңғы 7 жылда мемлекеттік орман қоры аумағындағы орман өсірушілердің орман өсімін молайту көлемі 453 мың га құрады. Жыл сайын «Ағаш отырғызудың бүкілқазақстандық күні» акциясы өткізіледі. Бұған 900 мыңдай адам қатысып, 4,5 млн ағаш пен бұта отырғызылды. Алайда бұл − жеткіліксіз.
Осыған орай, облыс әкімдігінің жұмысын шұғыл жеделдету, облыс орталығы маңында жасыл аймақ құру бойынша іс-шараларды тездету ұсынылады.
Төртінші мәселе. Қазақстанда жел энергиясын қалыптастыру барысында өндіріс орындары мен тұтынушылар арасында әртараптылық байқалады. Бір жағынан, жел күші арқылы өндірілетін электр энергиясы іс жүзінде шағын елді мекендер мен шаруа қожалықтарында ғана тұтынылады. Бұдан шығатын тұжырым, алыстағы ауылдарға электр энергиясын жеткізу жүйедегі энергияның көп шығынға ұшырайтындығынан экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Екінші жағынан, ауыл шаруашылығында жел энергиясын қолдану 1%- ды ғана құрайды. Бұл − ЕО елдеріне қарағанда 10 есе аз. Сонымен бірге басқа Еуропа елдерінің тәжірибесі жел электр энергиясын тұтыну жалпы электр энергиясын тұтынудың шамамен 20%-ына жетеді.
Бесінші мәселе. Жеткілікті тиімді нормативтік құқықтық базаны құру жағдайында тұрмыстық-қатты қалдықтар (ТҚҚ), қайталама шикізат, қайта өңдеу мен қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы жұмыстарды басқару сапасы төмендегені байқалады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу үлесі 32%-ды, ТҚҚ (ТБО) 11%-ды құрады. Бұған қоса, қалдықтарды жинау және шығару қызметі бойынша ел тұрғындарының 65%-ы ғана қамтамасыз етілген. Экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сай полигондардың үлесі 2017 жылдың есебі бойынша бар болғаны 16%-ды қамтиды.
Көптеген кемшіліктерге мән бермей-ақ осы көрсетілген көкейкесті мәселелердің негізінде біз бүгінгі таңда «жасыл» экономиканы қарқынды дамытуымыз қажет екендігін түсінуге міндеттіміз. Еліміздің Парламенті бұл мәселелердің өзектілігіне түсіністікпен қарайды. Парламенттің пайымдауынша, экономикалық реформаның тиімділігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқарушы субъектілердің еркіндігімен, мемлекет пен жер қойнауы қазбаларын пайдаланушы субъектілер арасындағы өзара түсіністіктің ұлғаюымен, ІЖО Жасыл кітабы бөлімінің ерекшелігіне сай халықаралық міндеттерді орындаумен тікелей байланысты. Сондықтан көп нәрсе осы қызмет бағытының жетілдірілген заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етілуіне қатысты болатындағы туралы айқын пайымдау бар. Атап айтқанда, біздің көзқарасымыз бойынша, заңнаманы төмендегідей негізгі бағыттарда жетілдіруге болады:
Біріншіден, елімізді өндірістік инновациялық дамытудағы мемлекет саясатының нормативті-құқықтық саласын жетілдіру.
Шынында да, 2004-2015 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы қоршаған ортаның сапасын қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесін радикалды жетілдіруді жүзеге асыру есебінен сатылы кезеңдермен жақсартуды пайымдады. Атап айтқанда, заңнаманы, табиғатты пайдаланудың экономикалық тетіктерін жетілдіруді, мемлекеттік экологиялық бақылау мен экологиялық мониторингті, ырықтандыру жүйесі мен экологиялық сараптаманы, т.б. жүйелендіру көзделді. Алайда, өндірісті дамытуға қатысты шаралар жүйесіне тікелей енгізілмесе, біздің ойымызша, шаралардың қандайы болса да, жаңасы ма, басқасы ма, нәтижелі мақсатқа жеткізбейді. Әсіресе Қазіргі Индустрия 4.0. тұжырымдамасының ұстанымдарына негізделіп жеделдетілген әртараптандыру кезеңінде.
Екіншіден, мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде «жасыл» экономика ұстанымдарына ерекше көңіл бөлу қажет.
Түсініктісі сол, экологиялық мәселелермен «жанасу фронты» бұл мәселелерді шешу үшін не өкілеттігі, не жеткілікті қаражаты жоқ аймақтық-басқару иерархиясының ең төменгі тобы − аудандық, ауылдық аймақ, нақты ауылдық деңгейде жүргізілуде. Осыған байланысты біз жергілікті өзін-өзі басқаруды толыққанды дамыту мен қалыптастыру саласындағы заңнаманы жетілдіруден өз міндеттерімізді көреміз.
Үшіншіден, «жасыл» экономика саласындағы кадрларды даярлауға тиіспіз.
Әртараптандырылған мемлекеттік бағдармаларды жүзеге асыру тәжірибесі айқын дәлелдегендей, инвестициялық және инновациялық жобаларды жасау алдындағы дайындық кезеңінде кадр мәселесін, әсіресе инновация саласына тиісті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін ескермесек, бір орнымызда тұра береміз.
Өндіріске қажетті жаңа кадрлардың есебін айқындамау білім жүйесін еңбек нарығындағы маман тапшылығына әкеп соқтырды, осыған орай Индустрияландыру картасының кейбір негізгі жобаларын жүзеге асыру барысында тиімділігі толыққанды деңгейге жете алмады.
Мұның бәрі − экономиканың нақты секторының дамуын айқындайтын салалық және салааралық ведомстволар, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметтеріндегі елеулі келіспеушіліктің туындау көрінісі.
Ауқымды мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыру барысында ведомстволардың өзара үйлесімділігіне зор ықпал жасайтын шараларды заңнамалық деңгейде күшейтудің қажеттілігін ойлауға тура келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тура келеді.
Төртіншіден, ғылымның беделін көтеруге тиіспіз.
Бәрімізге белгілі, ғылыми зерттеулерсіз қоршаған орта мен қоғамның экологиялық қауіпсіздігі нормасын сақтай отырып, әлемдік нарықта өндіріс пен бәсекелестік артықшылығын жетілдіру негізінде экономикалық өсімнің межелі деңгейіне көтерілу мүмкін емес. Басқаша айтқанда, ғылымның талапқа сай дамуынсыз «жасыл» экономика бағытынан ілгерілеу күту қиынға соғады.
Біз бұл салаға қатысты бірнеше көкейкесті мәселені ғана атап өттік. Олар жеткілікті. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, «жасыл» экономика аймақтық дамуды, әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етуді, «жасыл» экономика секторында құрылған жаңа жұмыс орындары есебінен экономикалық әлеуеттің ұлғаюын реттейді. «Жасыл» экономикаға көшу климаттың өзгеруі, пайдалы қазбалардың сарқылуы және су ресурстарының тапшылығы секілді қауіп-қатерлердің ықтималдығын төмендетеді. Дұрыс жолға қойылған жүйелі әрекет, мүдделі тараптардың үйлесімді ісі, мемлекет, бизнес пен қоғамның бірлесе атқарған жұмысы бар кезде біз Қазақстанның бұл бағытта да әлемдік аренада жоғары жетістікке жететініне сенеміз.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты