• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Маусым, 2019

Шыңға біткен шынардай Шыңғыс еді!..

1409 рет
көрсетілді

Осыдан тура екі жыл бұрын маусым айының 21 жұлдызында Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылында оқыс оқиға орын алған болатын. Ауыл маңындағы су айдынында шомылып жүрген екі бала суға батып бара жатқанда құтқарып қалған бозбала Шыңғыс Тиыштық опат болды. Артында ерлік өнегесі қалды. Таяуда біз Шыңғыстың анасы Альфия Қабылқызымен тілдесіп, өткен оқиға сорабын тағы бір еске алғанбыз. Көктей қиылған марқұмның аты өшпесін, жас жүректің жалынды жарқылы сөнбесін деп.

– Құрметті Альфия Қабылқызы, ескі жараның аузын тырнады деп өкпелемеңізші. Біздің ниет жарық дүниеден аққан жұлдыз іспетті жарқ етіп өте шыққан, тал бойындағы батырлық, ерлік мінезімен ел есінде қалған ұлыңыз Шыңғыстың соңғы әрекеті жайында сізден білу.

– Әлі күнге дейін, шынын айтайын, көкірегім тұз құйғандай ашиды. Азамат болып өсіп қалған бала. Астанадағы №53 орта мектепті бітірген шағы, 17 жаста болатын. Астананың іргесіндегі Оразақ ауылындағы туыстарымызға қонақ болып кеткен. Мұндай оқиға болады деген ой қаперімізге де кіріп шықпаған. Төбемізден жай түскендей болды.

– Қаралы оқиға қалай өрбіген екен?    

– Кейін естідік қой. Сонда да көңіл сенбейді. Шыңғыстың өзі судан жүзумен шұғылданған, малтуды жақсы меңгерген бала еді. Тіпті жүзумен кәсіби түрде айналысты десем де болады. Сол мықтылығының арқасында екі баланы ажалдың аузынан жұлып алды. Ал, өзі болса, жазмыш қой, қазаға ұшырады. Қанша уақыт өтсе де ұлымның көктей солғанын еске алу, айту мен үшін өте ауыр. Бір шыбық тамырымен жұлынды. Дәтке қуаты екі бәйтерек өсіп жетіледі. Менің не туралы айтып отырғанымды түсініп отырған шығарсың. Айналайын құлыным, екіндіге дейін ұйықтап, содан соң ет жақын ағайын-туыстың балаларын іздеп шыққан ғой. Туысқан балалармен бірге балапандарға қора салмақшы болыпты. Батқан жері көлкіген көл де, аласұрған өзен де емес, әншейін ойыққа үймелеген қара су. Тағдырдың айдап апарғаны да. Балалардың суға батып бара жатқанын көрген соң әлгі айдынға секірген. Бірінші баланы оңай алып шыққан көрінеді. Қиындық екіншісінде туса керек. Әлгі баланың қорқыныштан есі шығып кеткен ғой. Ие бола алмады деседі. Білетіндер суға кетіп бара жатқан адам қолына іліккенді босатпайды дейтұғын.  Бұрынғылардың «суға кеткен тал қармайды» дейтіні ып-рас. Булыққан баланың қармаған талы Шыңғыс болғаны да. Өзі де әбден шаршаған, оның үстіне су жұтқан, әлі құрғаны ғой, ажалдың осы жерден келгені.

– Оқушы кезінде қандай бала болды?

– Көгершінім көпшіл еді. Қарапайым, кез-келген адамға қолынан келсе жақсылық жасауға ұмтылатын. Осы бір жібектей есілген жақсы мінезіне орай қоршаған ортасы оның да сынық мінезін қатты ұнататын. Дос-жарандары көп. Тіпті, бір көрген адамның өзімен тонның ішкі бауындай жақындасып кететін. Әрине, оқуда озат болды деп айта алмаймын. Бауырмалдығымен, азаматтық мінезімен озат еді. Балаларды жақсы көретін. Өзіміздің ағайын-туыстың балаларын ғана емес, көрші-қолаңның да кішкентайларын еркелетіп, аялап жүретін. Өмірде не болмайды? Екінші рет тұрмыс құрарда есейіп қалған баламен ақылдастым. Қарсы болған жоқ.  Шыңғыс Маратұлы менің тұла бойы тұңғышым ғой. Одан кейін өмірге екі қыз келді. Жарық дүниеге кішкентай қарындастары келгенде, қуанғанын көрсеңіз.

– Өкініштің орны толуы қиын. Ана көкірегінде не бар?

– Қазір мен бойымдағы бар күш-қуатымды жинап баламның талайлы тағдыры туралы толғана айтқым келеді. Батыр бала тәрбиеледім деп емес, басқаның бақытын қорғайықшы деп. Қайғылы оқиға орын алған су көзі ажалдың апанындай болып әлі жатыр. Әрбір елді мекенде кішкентайларға қауіпті осындай жерлер жабылса екен. Ал, ата-ана болса, бауыр еті балаларын көзінен таса қылмасыншы! Өзгенің өмірі үшін жас жанын қиып кету ерлік. Бірақ, тірлікке не жетсін?! Әншейінде біз жаза баспаған соң жанымыздағы қауіп-қатерді аңдай бермейміз. Жергілікті билік өкілдері халықпен бірлесе отырып, бар баланың амандығы үшін кешенді шаруа атқаруы керек шығар. Елінің ер мінезді ұлын жоқтаған «Егемен Қазақстан» газетіне рахмет. Әйтпесе, менің баламның ерлік ісін баяндаған аудандық газетке шыққан жалғыз хабардан басқа ештеңе қалған жоқ.    

– Әңгімеңізге рахмет. Шыңғыстай шұрайлы ұлдың жаны жәннатта болсын!

Сұхбаттасқан меншікті тілшіміз Байқал БАЙӘДІЛ